Қазақстан • 27 Сәуір, 2018

Астанада 3 мыңнан астам шетел азаматтары емханаларға тіркелді

429 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Астана қаласында 3 мыңнан астам шетелдіктер, яғни «Қазақстан Республикасының резиденті емес» есебінде тұрған азаматтар емханаларға тіркелді.

Астанада 3 мыңнан астам шетел азаматтары емханаларға тіркелді

«Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» Заңға сәйкес, Қазақстан аумағында тұрғылықты тұратын шетелдіктер мен азаматтығы жоқ тұлғалар сақтандыру жүйесінде ҚР азаматтары сияқты міндеттер мен құқықтарға ие. Яғни бұл азаматтар міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне қазақстандықтармен бірдей жарна төлеуге міндетті. Жарна төлеген соң олар медициналық көмек алуға құқылы болмақ. Сондықтан «шетел азаматтары біздің есебімізден тегін емделеді» деген пікірден қорқудың ешбір қажеті жоқ.

Сонымен қатар, МӘМС шеңберіндегі құқықтар мен міндеттер елімізде ҚР ратификациялаған халықаралық келісімдер негізінде уақытша тұратын шетел азаматтары мен олардың отбасыларына да берілген. Олардың қатарында Еуразиялық экономикалық одақ шеңберіндегі жұмыс күшінің еркін жүріп-тұруына қатысты норма да бар.

«Қазақстан өзге мемлекеттермен тығыз саяси-экономикалық байланыс орнатқан мемлекет. Сондықтан біз халықаралық келісім талаптарын да орындауға міндеттіміз. Бірақ шетел азаматтары кепілдендірілген тегін медициналық көмек көлемінің аз ғана бөлігін пайдалана алады. Нақтырақ айтсақ, бұл азаматтар айналасына қауіп төндіретін аурулардан тегін емделеді», - дейді Астана қаласы бойынша «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ филиалының директоры Нұрлыбек Қабдықапаров.

Ал, аталған санатқа кірмейтін өзге шетелдіктер (мысалы, Қазақстан аумағына виза арқылы немесе жұмыс істеуге келгендер) МӘМС жарнасын төлемейді. Олар ел аумағына кірмес бұрын жеке меншік сақтандыру полисін сатып алуға міндетті.

Осылайша, ҚР аумағында тұрғылықты және уақытша тұратын, Еуразиялық экономикалық одақ туралы келісімшартқа мүше мемлекеттердің азаматтары МӘМС жүйесінде ҚР азаматтарымен бірдей 2020-ші жылдан бастап медициналық көмек алуға құқылы. Шетелдіктердің сақтандыру жарнасын төлеп, ел азаматтарымен бірге медициналық қызметтерді пайдалану тәжірибесі барлық дамыған елдерде орын алған үрдіс.