Парламент • 30 Сәуір, 2018

Корпорациялар өңірлік тұрғыда құрылғаны жөн

611 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Біздің Үкімет басшысы Б.Сағынтаевтың атына депутаттық са­уал жолдауымызға, Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялардың (ӘКК) қызметін жетілдіру мәселелері себеп болып отыр.

Корпорациялар өңірлік тұрғыда құрылғаны жөн

ӘКК туралы алғаш рет Қазақстан Президентінің 2006 жылғы «Қазақ­станның әлемдегі бәсекеге барынша қабілетті 50 елдің қатарына кіру стратегиясы» атты Жолдауында айтылып, 2007 жылдап бастап олар құрыла бастады. 2012 жылғы 31 қазанда Үкіметтің қаулысымен әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияларды 2020 жылға дейінгі дамыту тұжырымдамасы мақұлданды. Тұжырымдаманың орындау кезеңі мен күтілетін нәтижелерге сәйкес, оны іске асыруды екі кезеңде атқару қажет.

Бірінші кезеңде (2013-2014 жылдар аралығы) Қазақстан Республикасы­ның қолданыстағы заңнамасына ӘКК қызметіне қатысты мәселелер бо­йынша өзгерістер мен толықтырулар енгі­з­ілуі тиіс еді. Алайда қазіргі таңға дейін ӘКК қызметіне қатысты заңна­маларда олқылықтар бар. Мәселен, ӘКК-нің заңнамалық тұрғыда құқық­тық статусы анықталмаған, оның мақ­сат­тары, міндеттері, функциялары және өкілеттіктері айқындалмаған, сондай-ақ Үкімет қаулыларында ӘКК қыз­меттеріне қатысты қарама-қай­шы­лықтар бар.

Сонымен қатар бірінші кезеңде кор­по­­рациялардың шығынсыз деңгей­ге көтерілуі қамтамасыз етілмеді. Статис­тикалық мәліметтерге сүйенсек, соңғы жылдары көпшілік ӘКК шығын­ды болып қалуда. Мәселен, 2014 жыл 12 ӘКК, 2015 жылы 6 ӘКК, 2016 жылы 6 ӘКК жылды шығынмен аяқтаған.

Екінші кезеңде де (2015-2020 жыл­дар) күтілген нәтижелер өз жемі­сін бермеді. Мәселен, ӘКК-лердің инвес­тициялық мүмкіндіктерді іздеудегі белсенділігі жеткіліксіз болуда, атап өтсек 2017 жылы «Байқоңыр» мен «Жетісуда» – 2, «Ақтөбе» мен «Есілде» – 3, «Каспий», «Павлодар», «Солтүстік» 4 қана инвестициялық жоба жүзеге асы­рылған. Сонымен бірге ӘКК экс­порт­қа шығаруға бағдарланған жоба­лары­ның әлеуеті де төмен дең­гейді көрсетіп отыр, сондай-ақ ӘКК қол­дауымен құрылған жаңа өндірістер­дің біршамасы шығынға ұшырап, тиімсіздігін байқатты.

Өз кезегінде бұл аталмыш тұжы­рым­дама қойған міндеттердің орындал­мағанын көрсетті. Сонымен қоса көптеген ӘКК-нің өңірдің даму мәсе­лелерін емес, көпшілік жағдайда ағым­дағы әлеуметтік мәселерді шешетін жергілікті атқарушы органдардың бөлімшелеріне айналып кеткендігі тәжірибеде көрініс табуда.

Осыған сәйкес, әлеуметтік-кәсіп­керлік корпорацияларды өз шығынын өзі өтеуі негізінде әрекет ететін, жеке бизнестің дамуына және ісін жаңадан бастап жүрген жас кәсіпкерлерге ықпа­лын тигізетін, сондай-ақ қаржы агенттігі статусын алып, мемлекеттік ресурстарды қолдана отырып қарыз беруді жүзеге асы­ратын өңірлік даму институты рет­ін­де қайта құру қажеттігі туындаған сияқты.

Өңірлік даму институты ретінде тиім­ді әрекет етуін қамтамасыз ету үшін ӘКК «өңірлік даму корпорацияла­ры» ретінде қайта құрылып, келесідей қыз­мет­терді атқарса оң нәтиже берер еді:

1. Өңірлік даму корпорацияларын өңірдегі басым секторларды, яғни индус­триялық аймақтарды, агроин­дустриялық аймақтарды, арнайы-эконо­микалық аймақтарды, көліктік-логистикалық аймақтарды дамыту бо­йынша ең басты операторға айналдыру;

2. Қаржы агенттігінің статусын алуы және экономиканың белгілі бір сала­­ларын­да өңірдегі инвестициялық жоба­лар­­ды және инвестициялық саясатты жүзе­ге асыру аясындағы банктік опера­ция­лардың жекелеген түрлері бойынша қар­жы агенттігінің қызметін жүзеге асыру;

 3. Жобаларға өз қаржысымен, жер телімімен, жер қойнауын пайдала­ну құқығымен, интеллектуалды менші­гімен кіре отырып шағын және орта бизнестің жобаларын қолдауды жүзеге асыруы. Ұлттық компаниялар секілді сатып алудың ерекше жүргізу тәртібін ӘКК сақтау қалуы;

4. Жайлы инвестициялық климатты қалыптастыру, инвесторларды іздеу және тарту, операциялық қыз­мет көрсету, бастапқы құжаттарын да­йын­дау, шетелдік инвесторлар жү­гіну­леріне шұғыл түрде әрекет етуді қамтамасыз ету, ұйымдастыру, келіс­сөз­дерді, кездесулерді жүргізу бойын­ша операторлық қызметті жүзеге асыруы;

5. Тиімсіз әлеуметтік мемлекеттік бағ­дар­ламаларды, сонымен қоса азық-түлік тауарларының өңірлік тұрақ­тан­дыру қорын қолдану және қалып­тастыру бағдарламасын жүзеге асырудан шығуы;

6.  Өңірдің ерекшелігін, бәсекелестік әлеуетін, кәсіпкерлік белсенділігін ай­қындау және анықтау бойынша опе­раторлық қызметтерді жүзеге асыруы.

7. Қатқыл пайдалы қазбаларды барлау және өндіру, сонымен қатар бар­лау және өндіру бойынша тікелей келіс­­сөздер жүргізу негізінде конкурс өткіз­беуге қатысты операцияларды жүргізуге шарт жасау құқығын ӘКК-ге беру.

Осындай ауқымды істерді жүзеге асыру үшін алдағы уақытта «Өңірлік даму корпорациялары туралы» сала­лық заң әзірлеп, оны қабылдау арқылы корпорациялардың құқықтық мәрте­бесін, мақсаттарын, міндеттерін, функ­цияларын және өкілеттіктерін ай­қындауды заңнамалық тұрғыда бекіту, сондай-ақ салалық нормативтік құқық­тық актілерді толық түгендеу, өзгерістер мен толықтырулар енгізу, сонымен қатар кездесетін қарама-қайшылықтарды жою оң нәтиже беретіні анық.

Әлімжан ҚҰРТАЕВ,

Сенат депутаты