Қаржы • 03 Мамыр, 2018

Сыртқы сауда нарығын дамытуға басымдық беріледі

408 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Кеше Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында экспорттық саясат және экспорттаушыларды қолдау, тұтынушылардың құқықтарын қорғау және көлік пен логистиканы цифр­ландыру мәселелері қаралды.

Сыртқы сауда нарығын дамытуға басымдық беріледі

Экспорттың дамуына ұлттық брендтердің жоқтығы кедергі

Жыл басынан бері Қазақстанның экспорты 8,8 млрд доллардан асқан. Бұл өткен жылдың аталған кезеңімен са­лыс­тырғанда 27,4 пайызға, яғни 6,9 млрд долларға артық. Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек отандық тауарларды шетелге шығару бо­йынша берген есебінде еліміздің сырт­қы саудасындағы түйіткілдерге ке­ңі­нен тоқталып, бұл бағытта қандай жұ­мыстар атқарылуы керектігін мәлім­деді.

2013-2017 жылдар аралығында Қа­зақ­­станның жалпы экспорт көлемін­дегі өңдеу өнеркәсібінің үлесі 23 пайыздан 32 пайызға дейін өсті. Елдің сыртқы сауда айналымы 25 пайызға артып, 69,5 млрд долларға жетті. Экспорт 30 па­йызға өсіп − 48,3 млрд долларды, им­порт15,5 пайызға артып − 29,3 млрд долларды құрады. Бізден өңделген тауарлар 123 елге тарайды. Оның ішінде экспорттың көп бөлігі − 22,9 пайызы Қытайдың еншісінде. Ал Еуразиялық эко­номикалық одаққа экспорттың 20,8 пайызы, оның ішінде Ресейге 18 па­йызы тиесілі. Үшінші кезекте Еуро­одақ елдері Қазақстаннан 21,8 пайыз өн­делген та­уар импорттап отыр, деді Ж.Қасымбек.

Соңғы жеті жыл ішінде экспорттаушыларды қаржылық сақтандыруға 112,6 млрд теңге мемлекет қазынасынан бөлінген. Бұған қоса тағы да 19,5 млрд теңге көлемінде қосымша қолдау көр­се­тілген. Жыл сайын 40-тан астам экс­­порт­таушы қаржылай қолдауға ие бо­лып отыр. Мемлекет тарапынан экспорт­­таушыларға алдағы уақытта да тұрақ­ты қолдау көрсетілмек.

Экспорттық стратегия аясында 2022 жылға дейін шикізаттық емес экс­­порттың көлемін 1,5 есеге ұлғай­ту көзделген. Аталған жоспарды ойда­ғы­дай жүзеге асыру үшін бірқатар мәсе­лелерді шешу аса маңызды. Бұл ретте кедергілер мен түйіткілді мәселелердің бар екендігін айтқан Ж. Қасымбек олардың бірқатарына тоқталып өтті.

Біріншіден, сауда-экономикалық келісімдердің негізгі ережелерін мем­лекеттік органдар мен бизнес-қауым­дастықтар дұрыс пайдаланбай отыр.

Бұл ретте негізгі экспорттаушы Ресей, Қытай және де Үндістан, Иран, Түркия, Белоруссия, Өзбекстан, Ук­раина, Қырғызстан елдерімен екі­жақты сауда келісімдерінің қазіргі жағ­дайына бағалау жүргізіп, келісім бойын­ша міндеттерді іске асыру қажет. Атал­ған елдермен үкіметаралық комиссия­лардың отырыс­тарына күн тәртібіндегі мәселелерді міндетті түрде енгізу арқылы осы елдер бойынша жол карталарын әзірлеу керек. Екіншіден, шетелдерде біздің экспортты промоуторлық қолдау жүйесі (сауда миссияларының желісі) дамымаған және соның салдарынан жаңа нарықтарға кіруге инс­титуттық қолдау әлсіз. Ал әлемдік тәжі­рибеге назар салсақ, Оңтүстік Корея 82 елде 120 өкілдік ашса, ал Аус­тралия 100-ден астам елде, Ресей 52 елде 66 өкілдік ашып, экспорттың әлеуе­тін арттыруда нақты қадамдар жасап отырғандығын көруге болады, деді Ж.Қа­сымбек. Бұл ретте Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев қазіргі уа­қытта Қазақстанның Ресей Федера­циясы аумағында Новосібір және Мәскеу қалаларында екі сауда өкілі бар екенін еске салып, олардың бүгінгі ты­ныс-тіршілігі мен атқарып отырған жұмысы қай деңгейде екендігін сұрады. Инвестициялар және даму министрі біздегі негізгі екі промоуторлық қолдау жүйесінің жұмысы бүгінгі уақытта төмен деңгейде екенін жасырмады. Бұл мәселені шешу күн тәртібінен түс­пей­тінін айтқан ол, шетелдерде 11 сауда өкілдігін ашуды қаржыландыру мәсе­лесі қарастырылып отырғанын жеткізді.

Ел экспортының қарыштап дамуына әлемдік бәсекеде бәсі жоғары ұлттық брендтердің жоқтығы да кедергі болып отыр. Мәселені шешу үшін Ж. Қасымбек бренд тауарлар шығарушыларды ынталандыру мақсатында салықтық, суб­сидиялық, фискальды ынталандыру және қаржылық, сервистік мемлекеттік қолдау көрсету керектігін айтты.

Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев экспортты дамыту үшін бар­лық мүмкіндіктерді тиімді пайдалану қажеттігін атап көрсетті.

Былтыр біз сол кедергілерді алып тастауға арналған жол картасын әзірлеу бойынша тапсырма берген болатынбыз. Өкінішке қарай, Жеңіс Маxмұдұлы, сол жол картасы әлі дайындалған жоқ. Ерболат Әскербекұлы, осы мамыр айында жол картасын дайындап, экс­порт­ты әртараптандыру жөніндегі кеңес­тің отырысына шығару қажет, деді Б.Са­ғынтаев.

Тұтынушылар құқықтарын қорғау − басты назарда

Жиында тұтынушылар құқықтарын қорғау мәселесі қаралып, халықтың арыз-шағым жасауына түрткі болған түйіткілдер анықталды. Өткен жылы мемлекеттік органдардың қарауына 23 мыңнан астам өтініш түскен. Оның көп бөлігі, яғни 13 мыңға жуығы Ұлт­тық банкке келіп түскен. Бұл арқылы тұтынушылардың қаржылық қызмет­терге көңілі толмайтындықтарын аңға­руға болады. Екінші кезекте – ден­саулық сақтау саласында 5 мың арыз-шағым түссе, тұрғын үй-комму­нал­дық шаруашылық саласында шағым­дан­ған­фдар саны 4,1 мың адамды құрап отыр.

Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов тұтынушылар құқықтарын қор­ғау мәселесі бойынша берген есе­бінде жалған өнімнің басым бөлігі сүт және май өнімдеріне тиесілі екенін айтты.

Осы салада өсімдік майы бар өнім­дер табиғи өнім ретінде сатылған. Мы­салы, екі мың бірлік сүт және май өнім­дерінің 29 проценті сапасыз деп таныл­ған. Негізі аталған тауарлардың көбісі Ресей, Беларусь, Украина, Қыр­ғыз­стан мен Франциядан келеді, дейді Е.Біртанов. Министрдің сөзіне қара­ғанда, осы уақытқа дейін халық жиі тұ­ты­натын 42 мыңнан астам тауардың түрі санитарлық-эпидемиологиялық тексерістен өткен. Соның 10,3 проценті стандартқа сай емес болып шықты.

Тамақ өнімдерінің 34 мыңнан ас­там сынамасы зерттелді. 224 сынама талапқа сай келмейді. Біріншіден, өнді­рушілер таңбалау ережелерін бұзады. Екіншіден, тауарлар қауіпсіздік талаптарына сай емес. Сосын өнімнің құра­мына қатысты сан-алуан тәртіп бұзушылықтар бар, деп атап көрсетті Е.Бір­танов. Ресми мәліметке сәйкес, тек­серістердің нәтижесінде 20 тонна кондитерлік өнімдер, 11,2 тонна ет, 2,5 тонна сүт өнімдері, 1,2 тонна кон­сер­віленген жеміс-жидек және 160 партия алкогольді өнімдер тәркіленген. Тон­надан асатын сапасыз ойыншықтар да анық­талды. Ол ойыншықтардың басым бө­лігі Қытай мен Түркиядан жеткіз­іл­ген.

Негізгі баяндамалардан кейін Ба­қыт­жан Сағынтаев мемлекеттік орган­дардың басшыларына ескерту жасады.

Жиынға тұтынушылардың құқық­тарын қорғау саласындағы ұйымдардың өкілдерін шақыру керек еді. Атқарылып жатқан шараларды өзіміз ғана талқылап қоймай, оларды да тыңдап шыққан дұрыс, деді Б.Сағынтаев. Премьер-Ми­нис­трдің айтуынша, осы салада тиісті шаралар атқарылса да, құқық бұзу­шы­лық фактілері азаятын емес.

Көлік және логистика саласын цифрландыру заман талабы

Халық арасында темір тұлпарды тізгіндеушілердің саны айтарлықтай артып келеді. Өткен жылы тіркелген көліктер саны 5,3 млн құраған. Қа­ла­лардағы көліктің көптігінен жолдар­ды күтіп ұстау мәселесі қиындық туғы­зып отыр. Жиында елдегі көлік пен логистиканы цифрландырудың бүгі­ні мен келешегі туралы баяндаған Инвес­тициялар және даму министрі Ж.Қасымбек аталған саладағы түйіткілді мәсе­лелерді шешу мақсатында ақылы жолдарды іске қосып, жүйені автоматтандыру, сондай-ақ жолдың жағдайын анықтайтын техникалық құралдар кешенін құру жоспарланып отырғанын айтты.

Биыл жалпы ұзындығы 469 км құрайтын Астана – Теміртау, Алматы – Қапшағай және Алматы – Қоргас тас жолдарына төлем жүйесін енгізу бойынша жұмыстар жүргізілуде. Сондай-ақ автожолдарды күтіп-ұстау мақсатында арнайы автоматтандырылған өлшеу құралдарын қолдану көзделген. Биыл осындай 12 жүйені іске қосып, 2020 жылға дейін оның санын 46-ға дейін жеткізу жоспарланып отыр, деді министр.

Ақылы жолдарды пайдаланудағы қаражаттарды жинау жүйесінен қазы­наға жыл сайын – 30 млрд теңге, қоз­ғалыс кезіндегі көлік құралдарын өл­шеу жүйесінен – 44,7 млрд теңге, жол активтерін басқару жүйесінен – 110 млрд теңге, E-freight жүйесінен 15 млрд тең­ге қаржы түседі деген жоспар бар.

Еркежан АЙТҚАЗЫ,

«Егемен Қазақстан»