Парламент • 04 Мамыр, 2018

Қ. Тоқаев: Қаржы тұрақтылығына төнетін қатерлерді уақытында анықтау қажет

299 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Парламент Сенатында «Қазақстан экономикасын дамытудағы банк секторының рөлі» тақырыбы бойынша парламенттік тыңдау болды.

Қ. Тоқаев: Қаржы тұрақтылығына төнетін қатерлерді уақытында анықтау қажет

Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің кіріспе сөзінде елімізді ілгерілетуге бағытталған бағдарламалардың табысты жүзеге асуы банк жүйесінің тиімді жұмысымен тығыз байланысты екенін атап өтті. Дегенмен, Сенат басшысының айтуынша, «бүгінгі күннің өзінде банк менеджменті күрделі өзгерістердің қысымына төтеп бере алмай, жаңа қаржылық дәуірдің талаптарына сай деңгейін көрсете алмағаны өкінішті». Бұл өз кезегінде экономикалық жүйенің тұрақтылығына теріс әсер етіп, халықтың қаржы институттарына деген сенімін әлсірете түсті.

Қ.Тоқаев Мемлекет басшысының қаңтар айындағы Жолдауында қаржы секторына серпіліс қажет екенін атап көрсеткенін еске салды. Еліміздің қаржы жүйесін реттейтін негізгі құрылым – Ұлттық банктің алдына екінші деңгейдегі банк жүйесінің жұмысын қадағалаумен қатар, банк портфелінің жағдайын сауықтыру мен берілген ипотекалық қарыздар мәселесін шешу міндеті қойылды. Сонымен қатар, Президент банктердің портфельдерін «нашар» несиелерден тазартып, банктерден қаражатты шығаруды тоқтату жөнінде өте орынды талап қойды.

Еліміздің банк секторын мемлекеттік қолдау туралы айта келіп, Сенат Төрағасы уақтылы қабылданған шаралар нәтижесінде банк саласындағы жағдай біршама тұрақталып, заңды және жеке тұлғалар салымдарының сақталуын қамтамасыз етуге мүмкіндік жасалғанын атап өтті. Қ.Тоқаев бұл ретте, мемлекеттік қаржы ресурстарының есебінен мүмкіндігі төмен банктерге қолдау көрсету жөніндегі мәжбүрлі шаралардың соңы осы боларына үміт артты. «Мұндай саясат кейбір банктердің мемлекеттің қолдауына иек артып, қаржы саласындағы әділетті бәсекелестіктің бұрмалануына жол берумен қатар, банк секторы жұмысының тұрақтылығы мен беделіне теріс әсер етеді», - деді ол.

Қ.Тоқаев Ұлттық Банкіні қаржы жүйесіндегі тәуекелдер мен осы саладағы пайда болуы мүмкін құрылымдық түйткілдерге алдын ала баға бере отырып, банк саласында ықтимал қауіп-қатерлерді басқарудың ұтымды моделін қалыптастыруға шақырды. «Банк жүйесінің қаржылық тұрақтылығына кедергі келтіретін әлсіз тұстарды алдын ала анықтауға басымдық беруіміз қажет. Бұл қаржы саласын реттеу мен қадағалау жүйесін заңнамалық тұрғыдан одан әрі жетілдіре түсуді талап етеді», - деді ол. Парламент өз кезегінде Ұлттық банктің қаржы саласын реттеу мен қадағалауды одан әрі жетілдіру жөніндегі бастамаларын қолдауға дайын.

Парламент жоғарғы Палатасының басшысы тиісті заңдарға түзетулер енгізу арқылы екінші деңгейдегі банктердің иелері мен акционерлерінің жауапкершілігін арттырып, банк акционерлеріне және олармен байланысы бар тұлғаларға несие беруге заңмен шектеу қою керек. Бұл өз кезегінде банк активтерін шығарып әкетуге тосқауыл қоятын болады.

Қ.Тоқаевтың пікірінше, халықтың қаржылық сауаттылығын арттыру жұмысын жетілдіру маңызды болып отыр, өйткені, қарапайым тілдегі қаржы саласындағы ақпараттың жетіспеушілігі азаматтар тарапынан тиімсіз шешім қабылдауға әкеп соқтыруда. Қаржылық қызметтер түрінің көбеюі, олардың күн санап күрделенуі, алаяқтық тәсілдердің, қаржы пирамидаларының өріс алуы кезінде бұл шаралардың маңызы зор.

Ұлттық банкінің төрағасы Данияр Ақышев сенаторлар алдында баяндама жасап, банк секторының қызметін жетілдіру мақсатында қаржы реттеушісі жүзеге асырған шаралар туралы жан-жақты хабардар етті.

Шараға қатысушылар алдында ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқарма төрағасының орынбасары, Қазақстан қаржыгерлер ассоциациясыны кеңесі төрағасының міндетін атқарушы Юлия Якупбаева, Еуропа Қайта құру және Даму Банкінің Қазақстандағы кеңсесінің Агрис Прейманис, Стратегиялық бастамалар орталығының аға әріптесі Олжас Құдайбергенов сөз сөйледі.

Пікірсайысқа Сенат депутаттары Бірғаным Әйтімова, Мұхтар Жұмағазиев, Серік Жақсыбеков, Дәурен Әділбеков, Бақтыбай Шелпеков, Нариман Төреғалиев, Ғұмар Дүйсембаев, Мәжіліс депутаты Омархан Өксікбаев қатысты.

Талқылауды қорытындылай келіп, Сенаттың Қаржы және бюджет комитетінің төрағасы Ольга Перепечина парламенттік тыңдау қаржы секторын «қайта жаңғырту» туралы Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыруға үлес болуы тиіс екенін атап өтті. Мүдделілік тұрғысындағы талқылау барысында ұзақ мерзімді өтімді болуға зәрулік, активтердің сапасына, қорландыру мен несиелеу арасындағы алшақтық, бизнестің қаржыландыруға балама таңдаудың аздығы, қабылданған шаралардың реттеушілік ықпалына талдаудың жоқтығыны қатысты өзекті мәселелер белгіленді. Бұл мәселелерді шешу, О. Перепечина айтқандай, ұсынымдар жобасында көрініс тауып отыр. Ол ұсыныстар әлі де пысықталып, тиісті мемлекеттік органдарға жіберілетін болады.