Аймақтар • 05 Мамыр, 2018

«Қостанай қыраны» анықталды

945 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қостанйдағы «Әуежай» деп аталатын жаңа шағын тұрғын аудандағы «Қостанай» спорт кешенінде қазақ күресінен Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жүлдесі үшін «Қостанай қыраны» облыстық іріктеу турнирі мәреге жетті. Бұл мәртебелі жарыс биыл жетінші рет ұйымдастырылып отыр. 

«Қостанай қыраны» анықталды

Сурет kostanaytany.kz сайтынан алынды

Бұған дейін аудан, қалалардың балуандары өз өңірлерінде іріктеу турнирін өткізген-тұғын. Сонда жеңіп шыққан бозкілем шеберлері финалдық кездесуге жиналды. Олардың арасында олқысы жоқ. Шетінен «сен тұр, мен атайын» атанжілік  саңлақтар. Екі күнге созылған додада балуандар сегіз салмақ дәрежесі бойынша белдесті.

Мәселен, 55 килограмм салмақта қостанайлық Әлішер Мұхамеджанов турнир чемпионы атанды. 60 килограмда Мылтықбай Әбдуайтовтың бағы жанды. 66 килограмм салмақта  кілемге шыққан арқалықтық  Ақжол Қазымбек те ешкімге есе жібермеді. 74 килограмда  сынға түскен жанкелдиндік Руслан Ибраев та өз қарсыластарын тегіс тізе бүктірді. 82 килограмда  Арқалықтың намысын жыртқан Нұрсұлтан Сәлімжанов турнир жеңімпазы атанса, 90 килограмм салмақта Алтынсарин ауданының балуаны Берік Таласовқа  тең келер қарсылас табылмады. 100 килограмм салмақта тағы бір алтынсариндік   Темірлан Сапаров жеңімпаз деп танылды. Ал, 100 килограмнан жоғары, аса ауыр салмақта арқалықтық Ғабит Балғынбаев жеңіске жетті.

Әдетте, қазақ күресінің ең қызығы – «түй балуандық» бәсеке екендігі белгілі.  Абсолюттік сынға 30-ға тарта балуан жазылыпты. Олар үш сағат бойы өзара белдесіп, жеңгендері келесі айналымға шығып отырды.  Тартысты өткен жарыстың финалында қазақ күресінен Азия чемпионы, халықаралық дәрежедегі спорт шебері Рамиль Шарыгин мен бірнеше мәрте ел чемпионы, спорт шебері Темірлан Сапаровтың жолы түйісті.  Жанкүйерлердің қызу қолдауына ие болған финалдық кездесу Рамиль Шарыгиннің пайдасына шешілді. Темірлан Сапаров екінші орынға ие болды. Енді осы екі балуан облыс намысын республикалық «Қазақстан барысы» турнирінде қорғайтын болады.

Жеңімпаздарды облыс әкімі Архимед Мұхамбетов құттықтады. Ол  Тобыл-Торғай өңірінде қазақ күресінің бәсі жоғары екендігін атап өтті.

«Біздің облыста небір талантты спортшылар бар. Әсіресе, ұлттық күрес жыл озған сайын қарқынды дамып келеді. Оған бүгін біз мен сіздер куә болдыңыздар. Қостанай топырағынан әлі талай палуандар өсіп шығатынына мен кәміл сенемін. Өйткені, облыста спортқа, оның ішінде ұлттық спортты дамытуға ерекше ден қойылып келеді» деді Архимед Бенжанұлы.

Нәзира Жәрімбет,

«Егемен Қазақстан»

Қостанай