14 Мамыр, 2018

Тәуелсіздіктің кепілі – ұтымды саясат

602 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Ағайынның араздығы туысқандар арасындағы қарым-қатынас барысында кәдімгідей проблема туғызатын болса, ал елдер арасындағы алауыздықтың бел­гілі бір деңгейде адамзаттың бейбіт өмір сү­руіне зардабын тигізетіні мәлім. Жақында қос Корея басшыларының кездесуіне әлем жұртшылығы айрықша көз тігіп, ядро­лық сынақтан бас тарту туралы КХДР басшысының пікірін жаһандағы жағым­ды жаңалықтың біріне балағаны да сол се­бепті. Өйткені бейбітшіліктің құны қашан да асқақ.

Тәуелсіздіктің кепілі – ұтымды саясат

Жықпыл-жықпылы көп халықаралық сая­саттың астарлы ақиқатын қарапайым кісіге ә дегеннен тап басып тану қиын. Төрткүл дүниенің бір қиырындағы оқиғаның, жер шарының келесі бөлігіндегі әрекетпен қоса өріліп жататын кезі де аз емес. Ғаламда болып жатқан қақтығыстар мен шиеленістердің қай-қайсысының да ар жағында мүдделі күштердің тұратыны тағы да белгілі. Осы тұста ағылшынның мемлекет қайраткері Бенджамин Дизраэлидің жаһандық саясат төңірегіндегі айтқанын тілге тиек етсек, оқырманға мейлінше түсінікті бола түсер еді. «Әлемдік саясаттың басты және жалғыз мәні – бұл ресурстар үшін күрес және соған түбегейлі бақылау орнату. Қалғанының барлығы – бітпейтін және мәмілеге келе алмайтын соғыстың әдістері мен түрлері ғана». Басқа емес Ұлыбритания үкіметінің бір емес, екі мәрте тізгінін ұстаған Бенджамин Дизраэли саясат жайын жақсы біледі ғой, білгеннен соң айтады да. Қазір жер-жерде болып жатқан қақтығыстардың, соғыстардың себебін осы тұжырым қалыбына салып кеп жіберетін болсақ, бәрі тайға таңба басқандай айқындала түседі емес пе.

Әрине ықпалды, қуатты деген мемле­кет­тердің қай-қайсысы да ресурстар үшін күреске бел шеше кірісетіні белгілі. Олай болмаса, алпауыт атана ма? Әуелі дипломатиялық тетік­тер іске қосылса, кейінірек қаржылық мүм­кін­діктер араласады. Ал соңғы кездері ресурс үшін «өліспей беріспейтін» кезеңдер туды ма, әйтеуір адамды қырып-жоятын қару­ларға кезек тигені адамзат біткенді алаң­датып отыр. Таяу Шығыста бейбіт халық­тың босқынға айналып, қалалардың жаппай қи­ра­тылып жатқаны осының айғағы емес пе? Қанша жерден террористерге қарсы күрес деп бүркемелегенмен, ар жағында ресурс­қа бола, басқалай айтқанда байлықты бауыр­ға басуға ұмтылған ашкөздік кейпі менмұн­далайды. Тағы да Дизраэлидің айтқанына сүйенер болсақ, «кез келген елдің саясаты барлық уақытта да жеке өздерінің мүдделері тұрғысынан жүзеге асырылады және басқалардың мүддесін ешқашан ескермейді». Ескермейтіні белгілі ғой, бірақ жеке мүддесі жолында алпауыт елдердің басқаларға қиянат жасайтыны қаншалықты әділеттілікке саяды?

Осы тұрғыдан келгенде, ресейлік саясаттанушы Сергей Кара-Мурзаның өкінетініндей-ақ бар екен. «Елдің тұтастығынан айырылу арқылы біз ешқандай қаржымен өлшенбейтін қомақты пайданы жоғалтып алдық». Иә, әлемге билік жүргізуге, қомақты ресурстан үлес алуға ұмтылатындардың да өзіндік өкініші болады. Саясаттағы бәсекелестік алпауыттардың барлығының бірдей олжалы болуына мүмкіндік бере ме? КСРО сынды алып мемлекеттің тұтастығынан айырылу аумақтық қана емес, төрткүл дүниеге ықпал ету тетігінен айырды емес пе. Кара-Мурзаның қайғырып отырғаны да сол...

Халықаралық саясатта өзінің ықпалын жүргізуге ұмтылатын мемлекет не істейді? Әрине ресурстар үшін күрестің жан-жақты әдіс-тәсілдерін қолдануға жанталасады да. Осы мәселеге қатысты Ресейдің ұстанымын қоғамдық және саяси қайраткер Николай Стариков төмендегіше таңбалайды: «Біз өзіміздің күш-қуатымызды, ықпалымызды қалпына келтіріп, қайтадан одақтастарымызды жинауымыз керек. Кедендік және Еуразиялық одақ платформасында қайтадан біртұтас елді құруымыз қажет». Стариковтың мақсат-мұраты қаншалықты жүзеге асады, ол басқа мәселе. Біздің айтпағымыз, бірі-бірімен жым­даса өріліп жатқан әлемдік саясаттағы әрекет­тердің бір көрінісі ғана бұл. Әлемдік қоғам­дастықтың бір бөлшегі болып саналатын Қазақ елінің бейбіт өмір сүруі мен тұрақты­лығы төңірегіндегі ұтымды қимыл-әрекетін жа­ды­мызға тоқи отырып, қырғиқабақ саясаттың салқынынан сақтандыру ғана біздікі.

Олай дейтініміздің де жөні бар. Өйткені Бенджамин Дизраэлидің тағы бір айтқаны бар: «Тәуелсіздік алғанымен отар елдер бірден отарлықпен ат құйрығын үзісе алмайды». Яғни құлдық психологиядан, бодандық бұғауынан құтылу ә дегеннен оңайға соқпайтын көрінеді. Әлі күнге кеңестік кезеңді қой үстінде бозторғай жұмыртқалаған қоғамға балайтын, қожайынның айтқанымен жүріп-тұруды аңсайтын адамдар аз емес. «Бүкіл жақсылықтың барлығын орыстан көрдік» деп ойлайтындар солардың санатынан. «Батпандап кірген отарлық аурудың мысқалдап шығатынын» осыдан-ақ аңғаруға болады. Олай болса, тәуелсіздікті нығайту жолындағы ерік-жігер, қимыл-әрекет осындай кезеңде мейлінше шыңдалып, шымырлана түсуі тиіс екен. Жалған ұранның жетегінде кетпей, ұлттың мүддесін ұтымды саясатпен жүргізетін кез. Әлихан Бөкейханның айтқанымен түйіндер болсақ: «Кейінгі үрім-бұтақ не алғыс, не қарғыс бере жүрер алдымызда зор шарттар бар! Осыны аңғар, жұртым қазақ!».

Ғабит ІСКЕНДЕРҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»