Парламент • 15 Мамыр, 2018

Қорғаныс саласы өнімдері экспортқа шығарыла бастады

465 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Парламент Мәжілісінде Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бейбіт Атамқұловтың қатысуымен «Қорғаныс өнеркәсібі кешенін дамытудың өзекті мәселелері» тақырыбында Ха­лық­аралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитеті ұйым­дастырған Үкімет сағаты өтті. 

Қорғаныс саласы өнімдері экспортқа шығарыла бастады

Іс-шараға Мәжіліс депутат­тары, Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Бас Прокуратура, Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитеті, Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі, Сыртқы істер, Қорғаныс, Ішкі істер, Білім және ғылым, Инвестициялар және даму ми­нистрліктері, әкімдіктер мен қорғаныс өнеркәсібі кешені кәсіпорындарының өкілдері қатысты.

Қорғаныс саласы кәсіпорындарының тынысы ашылады

Мәжіліс Төрағасының орынбасары Владимир Божко өз сөзінде Қазақстан Президенті – Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас қолбасшысы Нұрсұлтан На­зар­баевтың еліміздің қорғаныс-өнер­кәсіп кешенін дамыту және оны қолдау мәселелеріне ерекше көңіл бөлетіндігін ескере оты­рып, өткізіліп отырған іс-ша­раның маңыздылығын атап өтті.

Ол Мәжілісте қорғаныс-өнер­кәсіп кешенінің дамуына жол ашатын «Қорғаныс өнер­кәсібі және мемлекеттік қорға­ныстық тапсырыс туралы» заң жобасының талқыланып жат­қанына тоқтала келе, аталған сала­ның жетістіктерімен қатар кемшіліктерін де сөз етті.

В.Божконың айтуынша, елі­міздің әскери-қорғаныс сала­сын­дағы өнеркәсіп орындарын заман талабына сай жаңғырту қажет. Өндірілген өнім мен қызметтерді бөлу және үйлестіру жүйесін қалыптастырып, өндіруші мен тұтынушы арасында берік байланыс орнату керек. Өйткені қазір кәсіпорындардың жүктемесі 60 пайыздан аспай отыр. Бұл саладағы кәсіпорындардың өнім өн­діру қуаты жеткілікті болса да, тапсырыс беру сатысы жүйе­ленбеген.

– Қорғаныс-өндірістік кешен­нің дамуына ұзақ мерзімді қайта қарулану бағдарламасының жоқтығы және кәсіпорындарға қор­ғаныс саласына қажетті тапсырыстар жүктемесінің аздығы тежеу болып отыр, – деді Мәжіліс Төрағасының орынбасары.

Ал баяндамашы, Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бейбіт Атамқұлов Қа­зақ­стан Республикасының қорға­ныс өнеркәсібі кешенінің қазіргі кезеңдегі жай-күйі мен даму перспективалары және осыған байланысты министрліктің алдына қойған міндеттері жайлы егжей-тегжейлі айтып өтті.

– Бүгінгі күні Қазақстанның қор­ғаныс-өнеркәсіп кешені – 9 мыңнан астам жұмыс орны бар, кешенді ғылым қатыстырылған 40 кәсіпорынды қамтыған ғылы­ми жүйе. Бүкіл кешеннің өзегі – 2003 жылы құрылған «Қазақстан инжиниринг» ұлттық компаниясында 20-дан астам машина жасау кәсіпорындары біріктірілген, – деді ол.

Министрдің сөзіне қарағанда, Кеңес Одағы тұсында елімізде қорғаныс саласына өнім өнді­ретін ірі-ірі 50-ге жуық кәсіпорын жұ­мыс істеген. Аталған зауыттар жауынгерлік жаяу әскер машиналарына, артиллериялық жүйе­лерге қызмет көрсетумен қатар, атыс қаруы, әскери-теңіз күш­теріне арналған жабдық, тор­педалар және тұңғиық авиа­ция-кеме миналары, такти­калық тікұшақтарға арналған ұшыру қондырғылары, жағалау қорғанысының тікұшақ кешен­дері, қа­натты тікұшақтарға ар­нал­­ған борттық жабдық, суасты қа­йықтарын басқару жүйе­лерін өндірген. Ал еліміз тәуелсіз­дік алған тұста аталған жүйе ыды­­рап, білікті мамандар кете бас­таған.

Тек Мемлекет басшысының тапсырмасымен ғана бұл сала қай­та жанданып, жаңғырып, әске­ри қару-жарақ пен құрал-жаб­дықтарды экспорттайтын деңгейге жетіп отыр.

– Бұның сәтті үлгісі – элек­тронды-оптикалық аспаптар өндіретін «Қазақстан Аселсан инжиниринг» орталығы болып отыр. 2014 жылы іске қосылған кәсіпорын 25 млрд теңгеден астам сомаға 12 мың бірліктен астам өнім өндірді және оларды Қазақстан Республикасының түрлі күштік ведомстволарына жеткізді және тұрақты әзірлікте болатын бөлімдердің түнгі көру аспаптарымен іс жүзінде толық жарақталуына қол жеткізуге мүмкіндік берді. Өткен жылы компания алғашқы экспорттық жеткізілімдерін жүзеге асырды, – деді Б.Атамқұлов.

Бронды техника бойынша «Қазақстан Парамаунт инжиниринг» кәсіпорны шығаратын 4х4 доңғалақты формуласы бар «Арлан» арнаулы көліктері әлемдегі беделді «TopGear» журналының нұсқасы бойынша «әлемдегі ең арынды машина» аталымына ие болған.

Сондай-ақ өткен жылы «АЛАН» брондалған машина­ларын құрастыру басталып, оның алғашқы партиясы күштік құры­лымдарға жеткізілген.

Ал «Семей инжиниринг» кәсіп­орны ауыр брондалған техни­каға қызмет көрсетуге және жаң­ғыртуға арналған қосалқы бөлшектер мен құрамдауыш­тардың 800-ден астам атауын шығаруды меңгеріп үлгерді.

Тікұшақ құрастыруға да қол жетті

Б.Атамқұловтың айтуынша, №405 Алматы авиажөндеу зауыты базасында тікұшақ (Ми-8/17) құрастыруды ұйымдастыру бо­йынша уағдаластықтар жасалған. Сәтін салса биыл құрастырудың бірінші кезеңі басталғалы отыр.

– 2016 жылы іске қосылған авиация техникасын құрастыру, жөндеу және техникалық қызмет көрсету жөніндегі Авиациялық-техникалық орталық базасында 10 майдан ұшақтарына және 4 әскери-көлік авиациясы ұшақтарына күрделі жөндеу жүргізу жоспарланып отыр. Бұл жұмыстардың 30 пайызын тікелей орталық орындайды. Бұл шаралар жыл сайын шетелге жіберілетін қаражаттың елеулі бөлігін елде қалдыруға, жаңадан жұмыс орындарын құруға, отандық авиация өнеркәсібін дамытуға мүмкіндік береді, – деп атап өтті министр.

Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің тап­сы­рысымен отандық кәсіп­орындар шетелдік серіктес­тер­мен бірлесіп 12,7 мм атыс қаруының перспективалы үлгісін (антиматериалдық винтовка) әзірлеу жұмыстарына кіріскен. Сонымен қатар «Қазақстан инжиниринг» кәсіпорындары бірінің базасында автоматтарды қаруландыруды көздейтін жаң­ғырту мүмкіндігі айқындалуда. Ал қазіргі уақытта жеңіл атыс қа­руы (тапаншалар, автоматтар, пулеметтер) өндірісін ұйым­дастыру мәселесі зерделенуде.

Кеме жасау саласы да қазіргі уақытта отандық кәсіпорындар есебінен өз қажеттіліктерін іс жүзінде өткеріп отыр. Атап айтқанда, соңғы 20 жыл ішінде Қарулы Күштердің Әскери-теңіз күштері мен Шекара қызметі жа­ғалау күзетінің жауынгерлік құ­рамына әртүрлі 47 кеме алынған.

Министрдің мәлімдеуінше, өткен жылы қорғаныс өнеркәсібі өндірісінің көлемі 14 пайызға артып, экспорт 16 млрд теңгеге дейін өскен немесе 2 есеге ұлғайған. Дегенмен, қорғаныс саласы кәсіпорындарын дамытуға кедергі келтіріп отырған жайттар да бар.

– Бұл ретте ұзақ мерзімге берілетін және арзан несиелерге қол жеткізу мүмкін болмай отыр. Салалық шектеулерге байланысты бірде-бір даму институты немесе екінші деңгейлі банк қорғаныс өнеркәсібі кешенін қаржыландырмайды. Сол себепті Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша аталған саланы дамыту қоры құрылуда. Биыл­ғы жылдан бастап қор кәсіп­орындарын қолдаудың пәрменді тетігі ретінде жұмыс істей бастауы тиіс, – деді Қор­ғаныс және аэ­роғарыш өнер­кә­сібі министрі.

Өзекті сауал, лайықты жауап

Үкімет сағатында қосымша баяндама жасаған Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Мұхтар Ерман қорғаныс өнеркәсібі сая­сатын қазіргі кезеңде жүзеге асырудың бірқатар маңызды аспектілерін айқындап өтті.

Талқылауға қатысқан Мә­жі­ліс депутаттары баяндамашы мен шақырылған мемлекеттік органдардың басшылары назарын бірқатар мәселелерге аударды. Депутат Қабиболла Жақыпов мемлекеттік қорғаныстық тап­сырыстың қалыптасуы жөнінде сұраса, Павел Казанцев ведомство­лар арасында ғылыми-зерт­теу саласындағы өзара әрекет­тестік мәселелеріне назар ау­дарды. Депутат Наталья Жұма­ділдаева қорғаныс өнеркәсібі кешені үшін мамандар дайындау жөнінде сұрақ қойды. Ал Нұрлан Дулатбеков пен Жанат Жарасов Ұлттық ұлан мен шекаралық қызмет бөлімшелерін отандық әскери өніммен қамтамасыз ету аспектілеріне қатысты мәсе­лелерді көтерді. Қызу талқы­лауда Мәжіліс депутаттары Абай Тасболатов және Құдайберген Ер­жан қорғаныс өнеркәсібі ке­шенін дамытудың бірқатар басым бағыттарын айрықша атап көрсетті.

Серік ӘБДІБЕК,
«Егемен Қазақстан»