Театр • 18 Мамыр, 2018

Қуыршақ театрының биік белесі

830 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Сан ғасырдан сүрлеу салып, адам баласымен бірге жасасып, жанының рухани азығы болып келе жатқан өнердің бірі – театр. Адамға сана бітіп, қиялдау мүмкіндігіне ие болды-ау деген заман­дардан, өз өміріне көз жіберіп, көкейіндегісін айтар көр­кем өнерінің орны – сахна. Дәл осы құдіретті сахна өнерінің ерек­ше түрі, қоғам мен адам өміріндегі орны бөлек саласы – қуыр­шақ театры. 

Қуыршақ театрының биік белесі

Республикамыздағы ең ірі өнер ұжымдарының бірі болып саналатын Алматы қаласының Мемлекеттік қуыршақ театры әлем­дік шығармаларды ана ті­лімізде сахналауымен қатар, та­ла­нтты әртістер мен қуыршақ ше­бер­лерінің, режиссерлердің, су­рет­­шілердің бірнеше толқынын тәр­биелеп шығарды. Алғашында балалар тәрбиелеу үшін ашылған бұл ұжым, үлкен шығармашылық ізде­ністер мен көптеген жаңашыл қойы­лымдарды сахнаға шыға­ру­дың нәтижесінде, балалар театры деген шеңберден шығып, қазақ сахна кеңістігінде өзіндік орнын қалыптастырды. 

Көрерменнің жанына рухани азық сыйлап, көңіл пердесіне кір­бің түсірмеу жолында өнер орда­сы 82-ші маусым барысында төрт мемлекетке бірдей жол­дама алып, халықаралық театр фес­ти­ва­льдерінде еліміздің қуыр­шақ театры өнерінің мәртебесін асқақ­татып, фестиваль төрінде ха­лық­аралық сарапшылар тарапы­нан жоғары бағаға ие болды. Атап айтсақ, Бішкек қаласында өткен драматург, режиссер қу­ыр­­шақ театрларының негізін салу­шы Виктор Александрович Швембергердің 125 жылдығына орай ІІ Халықаралық «Так-теке» қуыр­шақ театры фестивалінде режиссер Қубанычбек Адилов сах­налаған А.П.Чеховтың «Каш­танка» қойылымымен қатысып, «Клас­сикалық шығарманы қуыр­шақ жанрында көрсеткені үшін» және «Ең үздік режиссура» ата­лы­мын иеленді; Кишинев қа­ла­­сында өткен «Под шапкой Гугуцэ» Халықаралық қуыршақ театрлары фестиваліне режиссер, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Қ.Ешмұратова сахналаған «Қаңбақ шал» қойылымын 25 мем­лекеттен келген өнер өкіл­де­рінің назарына ұсынып, «Ұлт­тық дәстүрді насихаттағаны үшін» дипломымен марапатталды; Татарстан Республикасында өт­кен ХІІІ түркі халықтарының «Нау­­рыз» фестиваліне драма­ту­рг Ә.Файзуллаұлының «Алтын адам» (реж.: Ю.Уткин) эпикалық спек­таклімен қатысып, арнайы дип­ломмен марапатталды. Фес­­тивальдер барысында театр ұжымы фестиваль қа­ты­­су­шы­ла­рымен жан-жақты тәжі­ри­бе ал­масып, бүгінгі күнде ба­лалар тақы­рыбында жазылған пье­саларды талқылап, кәсіби театр мамандары ұйымдастырған шеберлік сағаттарына қатысты. Осы тұста театр ұжымы Анкара қа­ласында болған жылғы қазан айы­­ның 19-27 аралығында болған, төрт түркиялық және ал­ты шетелдік өнер ұжымы бақ сы­наған III Халықаралық Анкара фес­тиваліне шақырту алып, ке­зекті өнер мерекесінде өнер көр­сетті. 

Еліміздің болашағы – ертеңгі тәр­тіпті, білімді, білгір ұрпақ екені даусыз. Сол тәртіпті, білімді, біл­гір ұрпақты өсіріп, тәрбиелеу – баршамызға ортақ міндет. Тәрбиенің тал бесігі біріншіден, отбасы болса, екіншіден, рухани азық сыйлайтын өнер ошақтары. Оның ішінде қуыршақ театрына жүктелетін мақсат пен мүдде жетерлік. Бала көрерменді спектакль арқылы тәрбиелеу, қиялын дамыту, жақсылыққа, ізгілікке үйрету, соларға арнап қойылатын спектакльдердің көрермендеріне түсінікті, баланың өз тілімен сөйлейтін, үнімен үндестік таба алатын «кілтінің» табылуы. 83-ші маусымында осыны алдыға мақсат етіп қойған ұжым маусым басталғалы балаларға арнап «Аква ертегі» (авт.: А.Сергеев, реж.: О.Ақжарқын-Сәрсенбек), «Сағыныш шөбі» (авт.:Р.Отар­ба­ев, реж.: Р.Жаныаманов), «Тоба» (авт.: Е.Жуасбек, реж.: Ж.Жұманбай) спектакльдерінің шымылдығын түрді. Театр ұжы­мы «Қуыршақ театры – бала­лар­ға арналған театр» деген сте­ротипті бұза отырып, жоғары оқу орындарының студенттеріне, үл­кен­дерге арналған спектакльдерді сахналай бастады. 

Қазіргі қарбалас қоғамның түйіткілді мәселесіне айналған ата-ана мен бала арасындағы қаты­нас, дәлірек айтсақ ана қаді­рі, баласының еркелікпен жаса­ған қате қадамдары жайында қойылған «Ана жүрегі» (авт.Е.Ионов, реж.А.Зайцев) спек­таклі өзінің тұрақты ауди­то­рия­­с­ын қалыптастырып, театр­­та­нушылар тарапынан оң пікір тудырды. Айта кетерлік жайт, спек­такль ақпан айының 1-15 күндері аралығында Франция, Ұлыбритания, Ресей, Германия, Өзбекстан және Қазақстанның үздік өнер ұжымдары қатысып, бақ сынап, өзара тәжірибе алмас­қан «Откровение» V Халық­ара­лық орындаушылық өнер фес­тивалінде қатысып, кәсіби сарап­шылардың жоғары бағасына ие болды. Дәл осы екі қойылым бүгінгі қуыршақ театрына жаңа леп, өзгеше үн сыйлады. Мұндай шығармаларды сахналау өзіндік ізденісті, терең психологиялық зерделеуді, тіпті балалық мінез бен қасиетті игерген режиссураны талап етері анық. Осы тұста театр шет жақтан дарынды режиссерлер мен суретшілерді арнайы шақыртып, шығармашылық ұжым­ның кәсіби деңгейінің күн са­нап өсуіне үнемі ықпал жасап оты­рады. Сонымен қатар сах­на­лан­ған жаңа қойылымдарды кә­сі­би театр сыншыларының са­рап­та­масынан өткізуді әсте дағ­дыға ай­налдырған. 

83-ші маусымда Мемлекеттік қу­ыршақ театрының ұжымы қатарынан бірнеше фестивальдерге шақырту алды. Атап айтар болсақ, IX Халықаралық «Петрушка Великий» (Ресей, Екатеринбург қ.) театр фестивалі, үлкен­дерге арналған VI Халық­ара­лық «Соломенный жаворо­нок» қуыршақ театры фестивалі (Ресей, Челябинск қ.), VI Халық­ара­лық «Чодари хаел» қуыршақ театры фестивалі (Тәжікстан, Душанбе қ.). Биылғы жылдың сәуір-мамыр айларында еліміздің батыс бөлігінің Ақтөбе, Орал және қала аудандарында, шілдеде елордамыз Астанада, қазан айында Көшетау және Ақмола облысында, қараша айында Жамбыл облысында гастрольдік сапар ұйым­дастыруды жоспарлап отыр. Бұл тұста өнер ордамызға үне­мі қолдау білдіріп, кәсіби тұр­ғыдан кемелденуге, қуыршақ театры өнерінің көкжиегінің қа­шан да кеңеюіне зор мүмкіндік ту­ғызып отырған Алматы қаласы әкімдігінің Мәдениет және архивтер басқармасы екендігін ескергеніміз жөн. Ұжым тарапына артылған сенім ақталып, жо­ғарыдағы жоспарлар кө­рер­меннің театр өнеріне деген көркемдік талғамын өсіріп, ер­кін де терең ойлауына, үздіксіз жұ­мыс жасауына түрткі болары сө­з­сіз.

Талғат ЕСЕНАЛИЕВ,
Мемлекеттік қуыршақ театрының директоры, мәдениет қайраткері