Кино • 18 Мамыр, 2018

«Айка» фильмі Канн кинофестиваліне қатысуда

483 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бес бірдей елдің: Ресей, Қазақстан, Германия, Польша мен Қытайдың киноөнімі болып табылатын «Айка» фильмі 71-ші Халықаралық Канн кинофестивалінің негізгі байқауына қатысуда. Аталмыш картинада басты рөлді Самал Еслямова сомдайды. Ал продюсерлер қатарында Eurasia Film Production кинокомпаниясының негізін қалаған Гүлнара Сәрсенова да бар. Бұл аз десеңіз, фильм режиссері – Сергей Дворцевойдың да кіндік қаны Оңтүстік Қазақстанда тамған.  

«Айка» фильмі Канн кинофестиваліне қатысуда

– Басқа да картиналарды түсіруге қатар ұсы­ныстар тү­сіп жатса да, бір фильммен ғана айна­лысамын. Мен қазір бар­лығынан да бас тарттым. Өйткені «Ай­каны» аяқ­тауым керек. Бүгінде тек осымен ғана айна­лысып отырмын, – дейді картина режиссері.

Бір қызығы, бұл картина толық түсіріліп біт­пей жатып-ақ Канн кино­фестивалінің бас­ты бай­қауына шақырылды. Ірік­­теушілер толық түсі­ріліп бітпеген фильмнің ал­ғаш­қы 40 минутын көргеннен кейін, бірден оны кинофестивальге қатыстыруға шешім қа­былдаған. 

Фильм сценарийін жазған Геннадий Остров­ский де бітпеген картинаның Канн ки­нододасынан табылуының өзі көп жәйтті аңғартатын алға тартады. 
Түсіру тобы тағы бір құпияның шетін ашып отыр. Аталмыш картина кинофестивальге тек 17 мамырдың кешінде ғана жетеді. Ал кинофестиваль 19 мамырда мәреге жететіндігін ескерсек, бұл – өте үлкен тәуекел. 

Қазақстандық продюсер Гүлнара Сәрсенова Сергей Двор­цевойдың 2008 жылы Канн кинофестивалінің «Ерек­ше көзқарас» бай­қа­уын­да бас жүлде алған «Жау­қазын» деп аталатын филь­міне де продюсерлік ет­кен. Ал Аустралияда бұл фильм «Азиялық Оскар» ием­денсе, басқа да 20 шақ­ты кино­фес­тивальде түрлі атау­лы жүл­делерді жеңіп алды. 

«Айка» әлеуметтік ки­но­драмасы Мәскеуде жұ­мыс істеп жүрген қырғыз қызының ішкі қарама-қайшылықтарымен күресін, рухын әйгілі етеді. Басты рөлде ойнайтын Самал Еслямова Солтүстік Қазақстан облысында дүниеге келген. Петропавлдағы өнер колледжін аяқтаған соң, ГИТИС-ке қабылданады. Самал Сергей Дворцевойдың «Жауқазын» фильмінде басты рөлдердің бірін бейнелеген болатын.

Айнаш ЕСАЛИ,
«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ