Күрес • 22 Мамыр, 2018

Ер мінезді Есенкелді

1300 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Спорттық шежіренің сарғайған беттерін парақтасақ, грек-рим күресінен КСРО халықтары Спартакиадасының бас жүлдесін небәрі үш-ақ қандасымыздың олжалағанын аңғарамыз.  Олар – Жақсылық Үшкемпіров, Дәулет Тұрлыханов және Есенкелді Батырғарин. Алғашқы екеуінің есімі төрткүл дүниеге мәшһүр. Жақсылық та, Дәулет те миллиондаған жанкүйерлердің жүрегін жаулап, сиқырлы спорт әлеміндегі биік белестердің барлығын дерлік бағындырған. Ал өмірден ерте озған ер мінезді Есенкелді жайында біз не білеміз?    

Ер мінезді Есенкелді

Ақтөбе облысының Шалқар ауданында туып-өскен айтулы азаматтың есімі ел спорты тарихында алтын әріптермен жазулы. Грек-рим күресі әліппесімен туған өлкесінде танысқан жас өрен Алматыдағы Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы мектеп-интернатта шеберлігін шыңдай түсті. Сол қазақ спор­тының қара шаңырағында жүрген кезден дара талантымен оқшауланған Батырғарин биік белестерді бағындырып, қы­рағы бапкерлердің назарына ілікті. Бір ғажабы, өзіне тиесілі несібесін Батырғарин өзгелер секілді біртіндеп, тірнектеп жү­ріп жиған жоқ. Бозбала шағында-ақ ол жетік техникасы, аса сауатты тактикасының арқа­сында талайларды тамсандыр­ды. Өзінен әлдеқайда ересек әрі әккі спортшылардың барлы­ғын жолынан ығыстырып, бір­ден республикамыздың бет­ке ұстар балуанына айналды. Одан кейін Одақта оза шапты. Көп ұзамай халықаралық дең­гейдегі додалардың «майлы қа­зан­дығына» қол сұқты. Сөзіміз дәлелді болуы үшін төмендегі деректерді алға тартайық.

 Өзінің елеулі табысының барлығына Есенкелді 1990-1991 жылдар аралығында қол жеткізді. Атап айтсақ, жас­тар арасындағы КСРО бірін­ші­лігінде күміс медальді мойнына ілген ол дәл сол көр­сет­кішті Чехославакияда өт­кен әлем біріншілігінде де қай­та­лады. Аса жеңіл салмақта бел­­дес­кен қандасымыз Бүкіл­одақтық универсиадада жеңім­паз атанды. Ересектер дуына ер­кін қосылған жас өрен әлем және КСРО кубогы жолындағы жарыс­тарда алды­на жан салмады.

1991 жылы Украинаның Запорожье қаласында КСРО халықтары Спартакиадасы мен КСРО чемпионатының қатар өткені есімізде. Сол жарыстарда да Есенкелдінің жұлдызы жарқырай жанды. Чемпионаттың ақтық сынына дейін алқынбай жеткен қазақ балуаны ше­шуші тұста Түменде туып-өс­кен қандасымыз Жоламан Дәурен­бековке есе жіберіп, күміс медаль иеленді. Ал төрт жылда бір өтетін Спартакиадада Ба­тыр­ғаринге тең келер балуан табылмай, ол алтын тұғырға көтерілді. Осылайша, жас өрен­нің есімі айтулы жарысты ұтқан үшінші қазақ балуаны ретінде спорттық шежіреге жазылды. Ең ғажабы, жоғарыдағы атақтардың барлығына Есен­келді Батырғарин небәрі 20 жасында қол жеткізген екен!

– Есенкелді шын мәнінде фе­но­мен еді! Туа біткен талант десек те, еш қателеспейміз. Екеу­міз Шалқардағы Владимир Це­ханович атындағы спорт мектебінде бірге жаттықтық. 1986 жылы Ереванда өткен маршал Иван Баграмяннің турниріне де бірге аттанған едік. Бұл жарысқа бізді менің әкем Мұрат Есенжолов бастап апарды. Сонда жерлестеріміздің арасынан ең үздік нәтижеге Батырғарин қол жеткізіп, көп­шіліктің көзіне түсті. Содан Есенкелді Алматыға кетті. Ала­тау баурайында шеберлігі әбден шыңдалып, биік белестерді бағындырды. Ол – күрес түрлері бойынша Ақтөбе өңірінен шық­­қан тұңғыш халықаралық дәрежедегі спорт шебері. Сол­ рекорд ұзақ уақыт бойы сақ­талды. Тек арада тура 20 жыл өткеннен кейін барып ха­­лықаралық деңгейдегі додаларда жүлде алуға жарайтын балуандар Ақтөбе өңірінен шыға бас­тады, – дейді кейіпкеріміздің ке­зіндегі командалық әріптесі әрі досы, белгілі спорт комментаторы Аспандияр Есенжолов.

Жоғарыдағы жеңістерден кейін Есенкелдінің атағы алысқа жайылды. Одан да биік белестер бұл жігітке оңай бағынатынына сол тұста күмән келтіргендер кемде-кем еді. Тіптен дуалы­ ауыз мамандардың өздері «Шал­­қар­дың шымыр жігіті келешекте Жақсылық Үшкемпіров, Шәміл Серіков және Дәулет Тұрлыханов сынды даңқты балуандарымыздың жеңісті жолын жалғастыратыны анық»,  деп батыл сөйледі.

  Алайда адамның айтқаны емес, Алланың қалауы болады екен. 1992 жылдан бас­тап тәуелсіз мемлекет ретінде дербес команда жасақтаған Қазақстан құрамасының бай­рақты бәсекелерге қатыса баста­ғаны белгілі. Жұмыр жердің әр қиырында әлем мен Азия чем­пио­наты, басқа да халықаралық жарыстар үздіксіз өтіп жатты. Бірақ сол бәсекелердің бірде-біреуінде Батырғарин бой көрсеткен жоқ. Тіптен оны елішілік жарыстардан көре ал­мадық. Сол кездері ел арасын­да түрлі әңгімелер өрбіді. Бәз­біреулер «Ол қиындыққа шыдай алмай, спорттан қол үзді», десе, енді біреулер: «Жас­­­тықтың буына мастанып, за­манның желімен ығып кетті», – деді.

1994 жылы Батырғариннің боз кілемге қайта оралғаны жайында құлағдар болдық. Балуанды үйіне іздеп бардық. Бұл – 1994 жылдың күз айлары еді. Сол кезде тілдескенімізде ол: «Үйлендім, балалы-шағалы болдым. Спорттағы табысым отбасымды асырауға жетіңкіремеді. Шыны керек, нарық қатты қы­сып жіберді. Оған бейімделу оңай болмады. Содан басқа кәсіпте бағымды сынауға бел будым. Қазір жағдайым жаман емес. Тұрмысым түзелді. Енді боз кілемге қайта оралдым. Бұйыртса, Атланта Олим­пиадасында атой салуды армандаймын»,  деп ағынан жа­рылған еді.

Балуанның бұл сөзіне ішіміз жылып қалды. Ерен ердің қатарға қосылғанына қатты қуандық. Айтқандай-ақ, сол жылы Батыр­ғарин Қазақстан чемпионатында қарсылас шыдатпай, бас жүлдені қанжығасына байлады. Біз бұны жақсылыққа жорыдық. Дәл осы қарқынынан таймаса, қазақтың қайсар ұлы үшін бағынбайтын белестің жоқ екеніне еш шүбә келтірмедік.

Алайда арада біраз уақыт өткеннен соң балуанның із-түссіз жоғалып кеткені жайында жайсыз хабар жетті. Араға жылдар салып, Есенкелдінің мәйіті табылды...

Зымырап өтіп жатқан уақыт-ай! Жерлестері алтын асықтай ұлын ұмытқан жоқ. Шалқар қаласындағы бір көшеге айтулы азаматтың есімі берілді. Ол тұрған үйге ескерткіш тақта ор­натылды. Аудан орталы­ғында жыл сайын белді балуан­ды еске түсіруге арналған рес­публикалық турнир өтуде. Ақ­төбеде Есенкелді Батырғарин атындағы грек-рим күресін дамыту орталығы жұмыс істеп тұр. Осыларды көңілге медет қыламыз.

Есенкелді бастаған жеңісті жол жерлестеріне жұғысты болды. Соңғы кездері Ақтөбе облысында грек-рим күресі өрлеу үстінде. Біраз жылға созылған үзілістен соң Әсет Әділов пен Асқат Құдайбергенов сынды балуандар байрақты бәсекелердің биігінен көрінсе, бұл күндері әлем чемпионатының күміс жүлдегері Мейрамбек Айна­ғұлов­тың даңқы дүркіреп тұр. Ал сол жеңістердің бастауын­да Есенкелді Батырғарин­нің тұрғанын көзі қарақты жанкүйерлер әлі ұмыта қойған жоқ...

Ғалым СҮЛЕЙМЕН,
«Егемен Қазақстан»