Өнер • 22 Мамыр, 2018

Скрипкашы Айткеш Толғанбаев

1313 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Өнер – құдірет! Құдірет емей немене, қас жауыңның қолында тұрып өлімнен өзгені ойлауға мұрша қалмағанда, жылт еткен тіршілік сәулесі тек шексіз талант пен өрелі өнердің өңірінде өрілгені. Ондай мысалдар тарихта жетіп артылады. Қазақтан шыққан тұңғыш кәсіби скрипкашы Айткеш Толғанбаевтың музыка өнеріндегі теңдессіз таланты мен тауқыметке толы талайлы тағдыры соның айғағы. 

Скрипкашы Айткеш Толғанбаев

Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде қапияда жау қолына түсіп, тұтқынға алынған қазақ баласы скрипканы жетік меңгеріп, шекті аспапта шебер ойнауының нәтижесінде Бетховен, Бах, Моцарт сынды классикалық музыканың корифейлерін өмірге әкелген немістердің өзін таң­дай қақ­тырады. Фрайбург қала­сында тұт­­қындардан арнайы ұйым­дас­ты­рыл­ған концертте Шуберт, Верди, Па­га­нини, Чайковскийдей музыка май­тал­мандарының шығармаларымен қатар, ха­лық әні «Елім-айды»  ойнап, Еуропа төрінде азалы әуеннің зарын төгеді. Өнерлі жанның ақсүйек аспапты еркін игерген кәсіби шеберлігіне тәнті болған жау елі сөйтіп өнер құдіреті алдында бас иіп, талантты жанның өмірін сақтап қалады. Сөзсіз, бұл – өнердің құдіреті!

Иә, Толғанбаев тағдыры қай жа­ғынан келгенде де тауқыметті һәм та­ғылымды. Тұтас ғұмыры қай­шы­лық­қа толы өнер иесінің шытырман өмірі драматургияға сұранып-ақ тұр. Тек жазатын қалам иесі мен қоятын ре­жиссер табылса... Жақында осы ол­қы­лықтың орны толып, Астанадағы Қа­зақ ұлттық өнер университетінің мә­жіліс залында Айткеш Толғанбаев тағ­дырынан сыр қозғайтын «Скрип­ка­шы» қойылымының тұсауы кесілді.

Жалпы, соңғы уақытта шетелдік режиссерлердің қазақ өнері мен даң­қ­ты тұлғаларының өмір тарихын та­ну­ға деген ынтасы,  ұлтымыздың қай­раткер ұлдарының таланты мен ше­берлігін өнер тілінде сөйлетуге де­ген қызығушылығы байқалады. Кү­ні кеше Голливуд режиссері Джеф Веспа ән атасы – Әміре Қашаубаевтың өмірін кино тілінде кестелесе, бүгін, міне, аустриялық режиссер Лукас Сежпик (Lucas Cejpek) саңлақ скрипкашы Айткеш Толғанбаев жайындағы «Скрипкашы» қойылымын елорда төрінде сахналады. Сценарийге өнер иесінің «Қатал тағдыр тәлкегі» атты кітабы өзек болды.

«Осыдан 3-4 ай бұрын Аустрия елші­лігі Қазақстанмен бірлесіп Астананың 20 жылдық мерейтойына орай жаңашыл бағыттағы жақсы бір жобаны жүзеге асыруды ойға алған болатын. Өзім әдебиет саласында білім алғаннан кейін, мені әр­дайым театрмен байланысты жобалар қызықтыратын. Қазақ ұлттық өнер университетінің ректоры Айман Мұсахожаевамен жолығып, ойымды айтқан кезде, бірден қолдау тапты. Әңгіме арасында Венада болған, тұтқында жүріп те өнерінің арқасында даңққа бөленген, кейін тұтқыннан босаған соң өз еліне келіп көп тау­қы­мет көрген Қазақстанның әйгілі ск­рип­кашысы  Айткеш Толғанбаев жайында естідім. Бұл тақырып мені қат­ты қызықтырды. Университеттің ұс­тазы Роза Мұқанова ханыммен кез­десіп, пікірлесіп, студенттермен бір­лес­кен жоба жасаймыз деп шештік. Сөй­тіп студенттер пьеса жазды. Ал мен өз тарапымнан Аустриядан ре­­жис­сер шақырып, бас-аяғы 1 ай уақыттың ішінде осындай ауқымды жұ­мысты өмірге әкелдік. Меніңше жо­ба өте сәтті шықты және де бұл жұ­мыс­ты Қазақстан мен Аустрия ара­сын­­дағы мәдени-достық байланысты ны­ғайтуға бағытталып жатқан игі бас­тамалардың бірі деп санаймын», дейді Аустрияның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Герхард Сайлер мырза.

«Скрипкашы» – Аустрияның Қазақстан­дағы елшілігі мен Қазақ ұлттық өнер университетінің бірле­скен жобасы. Бұл қойылымның ерек­шелігі сол – режиссер таңдауы уни­верситеттің І және ІІ курс сту­денттеріне түсіпті. Яғни драма­тур­гиядан бастап, режиссерлік ше­бер­лік, актерлік өнер, сценография, дыбыс, жарық қою – барлығы да тікелей студенттердің атсалысуымен жүзеге асты. Өнер университетінің жа­зушы-драматург Роза Мұқанова шеберханасында тәлім алып жатқан студент­тер бірлесе отырып әдеби не­гіз, яғни пьесаны жазып шықса, Қазақ­стан­ның еңбек сіңірген қайраткері, ре­жиссер Ерсайын Тәпенов пен Қазақ­станның халық әртісі, актер Ті­лектес Мей­ра­мовтың шәкірттері қойы­лы­мның көр­кемдік тұрғыдан біртұтас дүниеге айналуы жолында тер төкті.

«Театр да, кино да ұжымдық өнер бол­ғандықтан, бұл сала маман­дары­ның бірін-бірі түсініп, ортақ бірлікте жұмыс істеуі аса маңызды. Лукас Сеж­пик (Lucas Cejpek) мырзамен бір­лесе қойылым қоюға кіріскен кез­де біздің ең әуелі тап болған қи­ын­дығымыз осы болды. Мәселен, дра­ма­тургтердің жазған мәтінін, қазақы бай тілді жаттау мен сахнада айтуға келген кезде актерлер біраз қара тер­ге түсті. Өйткені жастарда ауызекі тілде сөйлеуде орысша акцент басым. Қазақтың күрделі тіркестерін өз сөз­деріне алмастырып айту сияқты ке­де­ргілер кездесті. Біз бүгінде театр сах­­насында жүрген актерлердің сөз сап­тауына, дауыс пен үн құбылтуына көп сын айтамыз. Ол сахнада емес, ең әуелі университетте қалыптасуы керек. Сол үшін де драматургияда не­­месе театртану мен кинотану сала­сын­­да оқитын студенттердің бола­шақ актерлермен етене жұмыс істеуі тү­лек­теріміздің кәсіби деңгейде ке­мел­­денуіне үлкен септігін тигізе­ті­ні­­не қойылымды дайындаған бір ай уақыттың ішінде анық көз жеткіздік. Бұл қай-қайсымыз үшін де үлкен тәжі­ри­бе мектебі болғаны анық», дейді жоба жетекшісі Роза Мұқанова.

Қолымызға тиген «Скрипкашы» деген жазуы бар қойылым бағдар­ла­масына көз жүгірткеннен-ақ универ­си­тет студенттерінің бұл айтулы жо­ба­ға аса ыждағаттылықпен дайын­дал­ғанына іштей сеніп үлгер­дік. Не­гізінен драма жанрында сах­на­лан­ғанымен, режиссер қойы­лым­ды барынша скрипканың әуезді әуенімен әрлеуге басымдық беріпті. Онысы заңды да. Әйгілі өнерпаз жайлы қой­ыл­ған спектакльді осы бір ғаламат скрипка үнінсіз елестеу де мүмкін емес себебі.

Толғанбаев тағдырын драматургия қалыбына түсіріп, сахналық жан бітірген студенттер еңбегі көңілге құр­­мет орнықтырды. Сахнаның көр­кем­­дік талабы тұрғысынан жан-жақ­ты ізденгендері байқалады. Оның үс­тіне, уақыттың да тапшылығы жас өнерпаздарды ширықтырып һәм шынықтырғаны анық. Бас-аяғы бір ай уақытта дайындалған қой­ы­лымның негізгі жұмысын режис­сер Лукас Сежпик (Lucas Cejpek) онлайн байланыс арқылы бақы­лау­да ұстаған. Интернет арқылы тіл­де­­су­дің нәтижесінде өмірге келген спек­такльдің тұсаукесеріне арнайы қа­тыс­қан режиссер университет сту­дент­терінің талабы мен талантына тәнті болғанын жеткізді.

«Әлі оқу орнын аяқтамаса да бұл балалардың көзінен жастық жалынды, өнерге деген құштарлықты көр­дім. Университетте жастарды тәр­бие­леудің үлкен мектебі қалып­тас­қа­нын байқауға болады. Сол себепті де қашықтықта жұмыс істеу бізге аса қатты қиындық тудыра қойған жоқ. Бір-біріміздің ойымызды бірден түсі­ніп, жұмысқа кірісіп кеттік. Алдағы уақыт­та мұндай жобалар жалғасын тауып жатса, әлі де жақсы жұмыстар өмірге келеді деп сенемін», дейді режиссер.   

Әрине студенттік жұмыс болған­нан кейін қойылымға да барынша сол өлшеммен қарап, сол талап тұр­ғы­сынан баға беруге тырыстық. Бізді қуантқаны – студенттер жүзіндегі жалын атқан өнерге деген құштарлық пен сүйіс­пеншілік болды. Ол қуат, әсіресе Айт­кеш рөлінде көрінген «Драма теа-
тры және кино актер» мамандығы бойынша тәлім алып жатқан ІІ курс студенті Уәлихан Өміровтің, Ма­рия – Айдана Әбенова, Сәулета – Наз­ерке Қалпақова,  Артур – Азамат Жа­рылқасын, Шмидт – Нұрсұлтан Егіз­бай, Пахан – Дархан Алдоңғаров, тер­геуші Нұрлыхан Файзиев және та­ғы да басқа қойылымға атсалысқан жастар жанары мен демінен анық сезілді. Осы тұста ерекше атап өтуге тұрарлық жұмыс – кинотеледраматургия мамандығы студенттерінің пьеса жазудағы ізденісі. Оқиғасы қызықты, тілі жатық, ойы орамды сахналық шығарманы жазудағы студенттердің алғашқы аяқалысы өте құптарлық. Сондай-ақ бұл айтулы жұмыстың та­ғы бір жаңалығы – Қазақ ұлттық өнер университетінің ректоры Айман Мұсахожаеваның қолдауымен өмірге кел­ген спектакльді тамашалауға Айт­кеш Толғанбаевтың қызы Сәулета Толғанбаева Алматыдан арнайы ке­ліп, жастардың талпынысына оң баға­сын берді.

«Қойылымды тамашалап, өткен күндер көз алдымнан өткендей болып, ерекше әсерде тұрмын. Әрине өнер болғаннан кейін тарихи шын­дық­пен бірге көркем шындық та қоса өріледі ғой. Сол тұрғыдан кел­ген­де, Мария бейнесін де өмірде болған оқиғадай қабылдадым. Шын мәнінде, әкем мен Марияның арасында ешқандай байланыс болмаған. Бірақ соған қарамастан, Мария рөлін ойнаған Айдана Әбенованың ізденісі мені тәнті етті. Көріп отырып сүйсіндім. Әкемнің атын, өнерін қайта жаңғыртып, театр тілінде өмір сыйлауға атсалысқан барша адамға алғысымды білдіремін. Бұл қойылым мені ерекше толқытты. Болашақта әкем­нің бейнесі тек университет сах­насы­мен шектелмей, үлкен театр­ларда да қойылатынына сенемін», деп асыл­дың сынығы барша ұжымға риза­шы­лығын жеткізді.

Расымен де, бұл жоба өзгені айт­па­ғанда, студенттерге кәсіби маман ретінде  өзіне деген сеніммен қатар, үл­кен шабыт та сыйлағаны сөз­сіз. Дра­матургия мамандығының сту­дент­тері егер шын еңбектенсе, жазған пьесаларының сахнаға қойылатынына, бо­лашақ актерлер нағыз өнер адамдарынша ізденісін көпшілік назарына ұсынып, өздерін өнердің төл өкілі ретінде сезінулеріне мүмкіндік алды, өз талаптары мен таланттарына сеніп үйренді.  Бір ай бойы төгілген маңдай тер еңбектің өтеуі – ол көрерменнің толассыз соғылған қошеметі мен ыстық ықыласы екенін тұңғыш рет сезініп, тек өнер ғана  сыйлай алатын үлкен бақытты бастарынан өткеріп көрді. Жасаған жұмыстары жақсы болсын, мейлі кемшілік кетсін, бас-
тысы – өнер тудыру машақатын жүректерінен өткізіп, сезінді. Басты жеңіс те осы, біздіңше.

Назерке ЖҰМАБАЙ,
«Егемен Қазақстан»