Кино • 22 Мамыр, 2018

Сергей Дворцевой: Самалдың бойында қайсар мінез жатыр

403 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бүгін Астанада 71 Канн кинофестивалінде үздік актриса атанған Самал Еслямованың қатысуымен баспасөз конференциясы өтті. Жиынға мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы, режиссер Сергей Дворцевой қатысты.

Сергей Дворцевой: Самалдың бойында қайсар мінез жатыр

Режиссер Сергей Дворцевойдің сөзінше, «Айка» фильмі алты жыл бойы түсірілген. Фильм бюджеті 2,5 млн еуроға жете қабыл. Картинаның толық нұсқасы бір айдан кейін Ресей, Қазақстан аумағында көрсету жоспарланып отыр.

«Мәскеуде 250-дей қырғызстандық әйел балаларынан бас тартып, перзентханада қалдырып кетіп жатқаны турасында естіп қалдым. Қазақстанда туып-өскен мен үшін азиаттық әйелдердің өз баласынан бас тартуы қатты таң қалдырды. Осы тақырыпты зерттей келе, кино түсіргім келді», деді режиссер Сергей Дворцевой. Оның айтуынша, фильм сценариі Самалдың ыңғайына қарай икемдеп жазылған. Фильмді түсіру кезінде Самал қырғыз мәдениеті мен тілін үйрену үшін бірнеше ай Қырғызстанда тұрған. 

Сергей Дворцевойдың айтуынша, фильмде баланы емізетін сахнада дублердің көмегіне жүгінуге тура келген. «Себебі баланы кәдімгідей емізу керек еді. Осы себепті дублердің көмегін пайдаландық. Қақаған қыста жалаңаяқ қардың үстінде жүруге төзу ғана керек емес, шебер ойнауды қажет етеді. Қалғанын Самалдың өзі ойнап шықты. Жалпы, Самалдың бойында туа бітті қайсар мінез жатыр, ішкі қуаты мықты. Сол себепті де басты рольге Самалды таңдадым. Жаңа босанған әйелдің қайғысын өз бойынан өткізе отырып, келістіріп ойнап шықты», деген режиссер фильмнің халықаралық марапатқа ие болуы қазақстандық кино өнерінің дамуына көптеген мүмкіндік әкелетінін айтады.

Ая ӨМІРТАЙ,

Суретті түсірген Ерлан ОМАРОВ,

«Егемен Қазақстан»