Жеңіл атлетика • 23 Мамыр, 2018

Қарағандыда өткен марафонға бес мыңнан аса адам қатысты

328 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қарағандыда «Арманға жол» жартылай марафоны дәстүрлі думанға айналған. Таяуда өткен бұл жарысқа бес мыңнан аса адам қатысты.

Қарағандыда өткен марафонға бес мыңнан аса адам қатысты

Ауқымы жыл сайын артып келе жатқан додаға биыл қарағандылықтар мен еліміздің басқа да облыстарынан келген қонақтар ғана емес, Беларусьтен, Қырғызстан мен Ук­раи­надан келген желаяқтар да қатысты. Кен­шілер қаласының орталығындағы Тәуел­сіздік алаңында басталған марафонға қаты­сушыларды Қарағанды облысының әкімі Ер­лан Қошанов құттықтап, сәт-сапар тіледі. 

Тілек білдірушілер әртүрлі қашықтықтағы төрт аралыққа жүгірді. «Балапан» деп аталған ал­ғашқы екі шақырымдық қашықтық 8 бен 14 жас аралығындағы балаларға арналған. Ал қалған 7 шақырымдық «Достық», 15 ша­қырымдық «Спутник» және 21 шақы­рым­дық «Арманға жол» дистанцияларында ере­сектер жүгірді.

Таңертеңгі сағат 8-де алдымен бала­лар­дың екі шақырымдық бәйгесі басталды. Қыз­дар арасындағы жарыста бірінші болып Вик­тория Шарова, одан кейін Виктория Шимпф пен Наталья Лабецкая келді. Ал ұлдар ара­сын­дағы бәсекеде мәре сызығын алдымен бірі­нен соң бірі жеткен Степан Спасский, Дәу­­лет Берікбол және Владлен Иванов қиды. Же­ңімпаз, жүлдегер балаларға 30-50 мың теңге аралығында ақшалай сыйлықтар үлес­ті­рілді.

Ал Беларусьтен келген спортшы  Вла­дис­лав Прямов 21 шақырымнан астам қа­шық­тықты 1 сағат 6 минутта жүгіріп өтіп, жартылай марафонның бас бәйгісі бір миллион теңгені еншіледі.

– Жеңіл атлетикамен жиырма жылдан бері шұғылданып келемін, кәсіби спорт­­шымын, – дейді В.Прямов. – Бұрын дене шы­нықтыру пәнінің мұғалімі болдым. Қа­зір Минскіде әуесқой желаяқтарды жаттықтырамын. Осы марафон туралы қара­ған­дылық белгілі спортшы, облыстық жеңіл атлетика федерациясының президенті Дмит­рий Карповтан естідім. Биыл ол мені Қара­ғандыға арнайы шақырды. Мұнда жүгіру бағытындағы жолдар мен көшелердің бәрі жақсы әрі таза екен. Бәсекелестер де осал болған жоқ. 

Ал әйелдер арасында негізгі жүлде Қыр­ғызстаннан келген Виктория Полюдинаға бұйырды. Ол да кәсіби спортшы, марафоннан халықаралық дәрежедегі спорт шебері екен. 

– Марафон бәріміз үшін үлкен мереке болды. Бұл жартылай марафон мен үшін биыл Джа­картада өтетін Азия ойындары алдында өз-өзімді сынап алуыма жақсы болды, – дейді ол.

 «Арманға жол» жартылай марафонын біраз ел қазірдің өзінде Қарағандының спорт­тық бренді деп атай бастаған. Ұйымдас­тырушылар бұл жарыстың әуесқойлар үшін ғана емес, кәсіби жеңіл атлеттер үшін де тартымды болуына күш салуда. 

Қайрат ӘБІЛДА,

«Егемен Қазақстан»

ҚАРАҒАНДЫ