Күрес • 23 Мамыр, 2018

Жарма ауданында бірінші ашық облыстық турнир өтті

1030 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Жақында Жарма ауданының орталығы  Қалбатау ауылында Астана қаласының 20 жылдығына, ауданның құрылғанына 90 жыл және Олимпия ойындарының күміс және қола жүлдегері, КСРО-ның жеті дүркін, Әлем чемпионы Дәулет Тұрлықановтың жүлдесіне арналған бірінші ашық облыстық турнир болып өтті.

Жарма ауданында бірінші ашық облыстық турнир өтті

 

Бұған дейін Дәулет Болатұлы салып берген бұл спорт кешенінде сан мәрте республикалық, облыстық жарыстар өткізіліп келген. Ал бұл жолғы жасы небәрі он, он екі жастағы бала­лардың дүбірді додасы тұңғыш рет өткізіліп отыр. Себебі Күншығыс елін­де балаларды төрт жасынан спорт­­қа баулиды екен. Біз олардан кем­біз бе? Ауданда спорт кешенін сал­ған кезде ер Дәулет соны көздесе керек. 

Осы турнирді өткізуге белсене араласқан, дүбірлі доданың шығынын көтеруге атсалысқан облыстық грек-рим, еркін және әйелдер күресі федерациясының президенті Марат Мұзапаров аталмыш спорт түрлерімен қазір мыңдаған балалардың жаттығып жүргенін, күні ертең олардың арасынан Дәулет сияқты саңлақтардың шығатынын айтты. 

«Ақсұңқар жемін шашып жейді» дегендей, қашанда тұрғындарға жомарт қолын созып, қайырымдылық шараларын өткізетін ер Дәулет КСРО-ның еңбек сіңірген спорт шебері Есенғали Еңсебаевтың жұбайына пә­тер кілтін табыс етті. Қатты толқыған ана Дәулетке, отбасына амандық, сау­лық тіледі.

Жарма ауданының әкімі Нұрлан Сыдықов қазақ елінің мақтанышы, даңқты балуан Дәулет Болатұлына, оның жұбайы Қазақстан гандбол фе­де­рациясының президенті, Азия ганд­бол федерациясының мүшесі Гүл­нар Ысмағұлқызына  «Жарма ау­даны­на сіңірген ерекше еңбегі үшін» төсбел­гісін тапсырды. Ал батырдың анасы, ардақты ұстаз Мәрзия апайға «Асыл ана» төсбелгісімен марапаттады.

Салтанатты шарадан соң турнир басталды. Бұл жолы ашық бірін­шілікке Алматы қаласы, Алматы, Пав­лодар, Оңтүстік Қазақстан облыс­тарынан, облыстың аудандарынан екі жүзге тарта балалар қатысты. 26 кило салмақтағы асықтың алшы­сын­дай шымыр бала жармалық Нұр­жан Әшімжановтың белдесуі көпші­лікке ұнады. Қорқып, үркуді білмей­тін Нұржан қарсылас шақ келтірмеді. Қарсыластарын бірінші кезеңде айқын басымдықпен жеңді. Ақтық сайыста шымкенттік Сұлтан Маратұлын кілемде қапы қалдырғаны сол еді, бірнеше рет сальто жасап, жиналғандарды тәнті етті. 

– Қазір 11 жастамын. Сенесіз бе, грек-рим күресімен жаттыға бас­та­ғаныма бесінші жыл. Бастапқыда ата-анам әлі баласың, денеңе зақым келтіріп аласың деп күреспен шұғыл­дануыма қарсы болған. Арманым – осы кешенді салып берген Дәулет көкем сияқты жауырыны жер иіскемеген чемпион болу, – дейді көзінен от ұшқындаған Нұржан. Бұл салмақта екі үшінші орынды Алматы облысының түлегі Сүлеймен Әлиев пен Үржар ауданынан келген Ерлан Ернұр иеленді.

34, 39, 46, 54 кило салмақта Ал­ма­ты облысының балуаны Темір­ғали Ерасыл, жармалықтар Ердос Жұ­мағұлов, Диас Хаджимұрат, семейлік Ерқанат Мұқият чемпион атанды. Келесі күні 36, 42, 50 және 50 килодан жоғары салмақтағы балалар кілемге шығып тамаша өнер көрсетті. Жарыс аяқталған соң халықаралық дәрежедегі бас төреші, жарысқа басшы­лық жасаған Манарбек Бөденов пен бас хатшы Мақсат Ашиманов жүлде­герлерді марапаттады. Бірінші орын алғандарға – 30, екінші орын – 20, ал екі үшінші орынға ие болғандар әрқай­сысы 15 мың теңге мен Алғыс хаттар­ды иеленді.


Оңдасын ЕЛУБАЙ, журналист
Шығыс Қазақстан облысы,
Жарма ауданы

Суретті түсірген автор