Білім • 25 Мамыр, 2018

Ертең мұғалімдерді біліктілік тестілеу басталады

12133 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Ертең, яғни 26 мамыр күні елімізде педагог қызметкерлерге арналған ұлттық біліктілік тестілеу науқаны басталады. Бұл – мұғалімдер қауымы үшін аттестаттаудың алғаш рет қолға алынған жаңа форматтағы жүйесі.

Ертең мұғалімдерді біліктілік тестілеу басталады

Фото: turkystan.kz

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назар­баев биылғы Жолдауында мұғалім мәртебесін арттыру мақсатында білім берудің жаңартылған мазмұнына көшкен ұстаздардың лауазымдық жалақысын 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап 30 пайызға көбейтуді тапсыр­ғаны мәлім. Бұл еліміздегі маман­дардың елеулі бөлігін құрайтын мұға­лімдер үшін қуанышты жаңалық болды. Елбасы, сондай-ақ категориялар арасындағы алшақтықты арттырып, мұғалімдер үшін біліктілік деңгейін ескеретін категориялардың жаңа кес­тесін енгізуді міндеттеп, категорияларды әлемде қолданылып жүрген ұлттық біліктілік тест арқылы беру керектігін тапсырған болатын. «Бұл педагогтерді өздерін ұдайы жетілдіруге ынталандыратын болады. Нәтижесінде, мұғалімдердің жалақысы біліктілігінің расталуына байланысты тұтастай ал­ғанда 30 проценттен 50 процентке дейін өседі. Бұл үшін биыл қосымша 67 мил­лиард теңге бөлу қажет», делінген Жол­дауда. Жаңартылған мазмұн дегеніміз – халықаралық стандарттарға сай ке­летін және Назарбаев зияткерлік мектептерінде бейімделуден өткен зама­науи оқу бағдарламалары. Бұл бала­ларға қажетті функциялық сауаттылық пен сыни тұрғыдан ойлау қабілетін дары­тады. Осы ретте «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты Үндеуінде өз ойын үстей түскен Елбасы жоғарыда айтылған тапсырмалар мемлекеттің әлеу­­меттік міндеттемелері аясында орын­далатынын, яғни жалақысы 30 па­йызға өскен мұғалімдер жалпы мұғалім­дердің 68 пайызын қамтитынын айтқан болатын. 

Жуырда халықпен есепті кезде­суін­де Білім және ғылым министрі Ер­лан Сағадиев жыл басынан бастап жаңартылған мазмұнға көшкен мұға­лім­дердің жалақысына 30% қосымша ақы төлеу қарастырылғанын, енді шеберлік үшін мұғалімдердің айлықтарын та­ғы көтеру мақсатында тестілеу енгі­зіле­тінін жеткізді. «Мұғалімдерді аттес­та­ция­дан өткізудің жаңа жүйесі, тес­ті­леу сұ­рақтары дайын. Бүгінде 60 мың мұға­лім өз еркімен осы тестілеу аттес­тация­сына жазылды. Бұл нені көрсе­теді? Яғни мұғалімдеріміз білімді, сабақ­тарын біледі, өзіне сенімді және тесті­леуден қорықпайды», деген-ді министр.

Педагог кадрлардың біліктілік санаттарын тағайындау, яғни растау үшін жаңа аттестаттауды екі кезеңде жүргізу жоспарлануда. Білім және ғылым министрлігінің мектепке дейінгі және орта білім беру департаментінің директоры Шолпан Каринованың айтуынша, бірінші кезең – «Оқу пәнінің мазмұны» және «Оқу әдістемесі мен педагогика» модульдері бойынша 26 мамырдан 5 маусымға дейін, екінші рет ағымдағы жылдың 1-10 қарашасында жүргізіледі. Ондағы сұрақтардың 70%-ы пәндік білімге және 30%-ы педагогика мен әдістемеге бағытталған. Ал екінші кезең – қызмет нәтижелерінің кешенді талдамалық қорытындысына арналады. Бұл ағымдағы жылдың 31 шілдесіне және 15 желтоқсанына дейін атқарылмақ.
«Жаңа жүйе мен ескі жүйе арасындағы басты айырмашылық мұғалімнің жұмысын ынталандыру болмақ. Яғни біліктілік санаты үшін жалақы мөлшерінің 30-50%-ынан бастап төленеді. Жаңа жүйе бойынша аттестаттаудан барлық өтініш білдірушілер өте алады. Ал жаңа жүйе бойынша аттестаттаудан өте алмаған мұғалімдер қайта аттестаттаудан өте алады. Бұл жылына 2 рет жүргізілетіндіктен, мамыр және қараша айларында өтуге рұқсат берілген. Жаңа аттестаттау ережесі еліміздің Білім және ғылым министрінің 2018 жылдың 12 сәуіріндегі № 152 бұйрығымен бекітілді», дейді Шолпан Таңатқызы.

Бұл ретте ұлттық біліктілік тестілеуге дайындық бойынша қандай жұмыстар жүргізілді деген сауал туады. Осы орайда Ұлттық тестілеу орталығы педагог қызметкерлерді аттестаттау үшін тест тапсырмаларының базасын қалыптастырып, жаңа форматтағы ұлттық біліктілік тестілеуді өткізуді жоспарлап отыр. Аталған орталықтың директоры Рамазан Әлімқұловтың айтуынша, ұлттық біліктілік тестілеу екі блокқа бөлінеді және барлығы 100 тест тапсырмасынан тұрады. Айталық, бірінші блок – «Оқу пәнінің мазмұны» бойынша 70 тапсырма, екінші блок – «Педагогика, оқу әдістемесі» бойынша 30 тапсырма беріледі. «Оқыту пәнінің мазмұны» бойынша тест тапсырмалары педагог қызметкерлердің терең академиялық білімін, практикалық икемділігі мен дағдыларын тексеруге бағытталған. Бұл үшін 3 түрлі формадағы тапсырмалар қолданады: біріншісі – бір дұрыс жауапты таңдау, екіншісі – бір немесе бірнеше дұрыс жауапты таңдау, үшіншісі – бір ғана мәтін аясында адамның академиялық және әдістемелік әлеуетін білуге мүмкіндік беретін бір дұрыс жауабы таңдалатын мәнмәтіндік тапсырмалар. Тапсырмалар мазмұны мен формаларының әртүрлілігі оқу материалдарын жаттап алу және болжап белгілеу жағдайларын болдырмай, педагог қызметкерлердің нақты білімі мен қабілетін анықтауға мүмкіндік береді», дейді Р.Әлімқұлов.

Тестілеудің жалпы уақыты – 3 сағат 20 минут (200 минут), ал математика, физика, химия, информатика пәндері үшін – 3 сағат 50 минут (230 минут). Бағалауға келер болсақ, бір дұрыс жауап таңдалған тапсырма үшін 1 балл, дұрыс орындалмаған тапсырмаға 0 балл беріледі. Бір немесе бірнеше дұрыс жауап нұсқасынан барлық дұрыс жауаптар үшін 2 балл, бір қате жіберілген жағдайда 1 балл, екі және одан көп қате жауаптар үшін 0 балл беріледі. Максималды балл 110 балды құрайды.

Жуырда Мәжіліс депутаты И.Смирнова министрліктің тестілеуді оқу жылының соңына қоюына байланысты сын айтқан еді. Мұның емтихандармен тұспа-тұс келетінін, деңгейлік курстардан өтпеген, жаңа жүйемен таныс емес мұғалімдердің қысқа мерзімде қалай әзірленетінін, оның үстіне күнде өзгеріп жатқан білім беру жүйесі әдістемесі кезінде тестке сапалы дайындықты қалай жүргізуге болатынын көтерген. Бұған пікір білдірген министрліктің мектепке дейінгі және орта білім беру департаментінің жетекшісі Ш.Каринова аттестаттауға байланысты жағдай педагогтарды қыспаққа алмайтынын, барлық педагог үшін кезекті және уақытынан бұрынғы аттестаттау болып қала беретінін жеткізді. Яғни мектепке дейінгі, қосымша білім беру, техникалық және кәсіптік білім беру саласындағы педагогтар үшін аттестаттау жүйесі бұрынғы қалпында қала бермек. Жаңа аттестаттау жүйесі мектеп мұғалімдері мен мұғалімдердің жеке тілек-ниетіне ғана қатысты. Егер мұғалім біліктілігін көтеріп, 2018-2019 оқу жылының 1 қыркүйегінен бастап біліктілігі үшін қосымша төлемақы алғысы келсе, аттестациялық комиссияға өтінім береді. Ал қаламаса, бұрынғы біліктілігі бойынша жұмысын жалғастыра береді. Сондай-ақ бұрын педагогтар жылына бір мәрте ғана аттестаттаудан өтсе, жаңа жүйе аттестаттаудан жылына 2 мәрте өтуге, мұғалімнің жағдайын жақсартуға мүмкіндік береді. 

2018 жылы берілген және расталған категориялар 5 жылға, яғни 2023 жылға дейін жарамды. Сәйкесінше, биыл жаңа жүйе бойынша категориясы расталған бірде-бір мұғалім болмайды. Аттестаттаудан өткен мұғалімдерге «Педагог-модератор», «педагог-эксперт», «педагог-зерттеуші», «педагог-шебер» деген жаңа категориялар беріледі. Ш.Каринованың айтуынша, ұлттық біліктілік тестілеу 26-28 мамырда облыс және аудан орталықтарында орналасқан ұлттық бірыңғай тестілеу өткізілетін 64 пунктің базасында өтеді. Егер педагогтың біліктілік тест тапсыратын күні 28 мамырға белгіленсе, сол күні мектептегі емтихан басқа күнге ауыстырылады. Сол күні мектептерде 9 сыныпты бітірушілердің қортынды емтихандары өтеді. Бірақ емтиханды мұғалім емес, мемлекеттік комиссия қабылдайды. Оның үстіне емтихан материалдары білім басқармалары арқылы әзірленіп, жеткізіледі және емтихан басталар алдында ашылады. Жаңартылған оқу бағдарламасы бойынша емтихандар 1,2,5,7 сыныптарда ғана өтеді. Сондықтан бұл мұғалімдерге салмақ салмайды. Алайда мұғалімдер тестілеуді мамырда емес, қарашада да асықпай тапсыруына болады. Бұл жағдайда қосымша төлемақыны келер жылдың 1 қаңтарынан бастап алады. Яғни министрлік біліктілік тестілеуі оқу жылы аяқталған, жылдық баға қойылған, оқу жылының қортындысы шығарылған және мұғалімнің еңбек демалысына шыға қоймаған өте қолайлы уақытына белгіленгенін айтады.

Мұғалімдер арасында ұлттық біліктілік тест базасы неліктен қолжетімді емес деген сауал жиі қойылады. Бұл мұғалімнің тестілеуге жан-жақты дайындалуы және оқыту сапасын көтеру мақсатында жүзеге асырылып жатқан жүйе. Сондықтан білім сапасы мен педагог деңгейінің қадірін түсіруге болмайтыны түсінікті. Ал ата-аналар баласының сапалы білім алуын қалайтыны әм талап ететіні белгілі. Десе де, жаңа форматттағы ұлттық біліктілік тестілеу сұрақтарының үлгісі «Егемен Қазақстан» газеті мен Ұлттық тестілеу орталығының ресурстарында алдын-ала жарияланып, таныстырылды. 

Біліктілігін тексеріп, бағын сынамақ барша ұстазға сәттілік тілейміз!

Думан АНАШ,
«Егемен Қазақстан»