28 Мамыр, 2018

Қатер қайдан демеңіз...

513 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Алыс болашағымыз түгілі, бүгінгіміздің өзі бұлыңғырланған мына заманда қатер қайдан дейтін емес. Дуалы ауыз сарап­шылардың айтуынша, таяу болашақтағы екі-үш жыл жаһандық экономика үшін ғана емес, сонымен бірге әлемдік саясат пен халықаралық жағдай үшін д­е аса­ қауіпті сын-қатерлерге толы болға­лы тұр. 

Қатер қайдан демеңіз...

Таяу Шығыстағы және Корей тү­бе­гін­дегі ушыққан жағдай, АҚШ-тың протекционистік саясаты жаһандық сауда қатынастарының қарқынды дамуына тежеу болып тұр. Ұзаққа созылған Сирия дағдарысы оңалмай жатып, Вашингтон Иерусалим қаласын Израиль астанасы деп танып, израиль-араб қақтығысын одан әрі ушықтырып, отқа май құйып отыр. АҚШ-тың Иран ядролық келісімінен шығу жөніндегі біржақты келісімі Таяу Шығыста жаңа үлкен соғыс өртінің тұтану қаупін арттыра түсті. Иран Ислам Республикасы мен Сауд Арабиясы арасындағы текетірес күшейді. Күштінің ырқына жығылған әлемдік саясат пен ушыққан халықаралық жағдай жаһандық экономиканың бола­ша­ғын бұлыңғырлатқан қатерлерді қалың­дата түсті.
Әлемдік экономиканың ертеңін дүдәмал күйге тап қылған тағы бір сын-қатерлер парасы таяу болашақта кеңінен қолданысқа енетін жаңа технологиялық платформалар болмақ. Төртінші өнеркәсіптік төңкеріс әлемдік экономиканың қарқынды дамуы үшін тың мүмкіндіктер жасаумен бірге, тарихта бұ­рын-соңды кездеспеген жаңа қатерлерді де туындатып отыр. Microsoft компаниясының негізін қалаушы Билл Гейтстің айтуынша, «Бүкіл әлем бойынша – ескі гараждар мен ғылыми институттарда жаңа қатал бәсекелестіктің шоғы тұтанып келеді». ХХІ ғасырдың бұл жойқын бәсекелестігінде көптеген мемлекеттер үшін «не бел кетеді, не белбеу кетедінің» кері келгелі тұр. Швейцарияның UBS атты ірі қаржылық холдингінің арнайы жүргізген зерттеулері бо­йынша, бұл сындарлы бәсекелестікте тек дамыған елдер жеңіске жететін көрінеді. Төртінші өнеркәсіптік төңкеріс кезеңінде ең жоғары жетістіктерге жететін мемлекеттер рейтингі бойынша алғашқы 15 орынды да солар иеленген. Орта және төменгі дәрежедегі кәсіби мамандығы бар орасан зор жұмыс күшіне сенген дамушы елдер жаңа өнеркәсіптік төңкерісте шаң қауып қалады екен. Себебі автоматтандырылған роботтар дәуірінде арзан жұмыс күшіне деген қажеттілік жойылады. Дамушы елдердің шектеулі технологиялық инфрақұрылымы жаңа дәуірдегі экономикалық дамуға үлкен кедергі келтіретін болады. 

Төртінші өнеркәсіптік төңкеріс ұғымы­ның баламасын қазіргі кезеңде «Индустрия 4.0» деп атап жүр. Бұл терминді алғаш рет 2011 жылы ФРГ үкіметі неміс елінің «2020 хай-тек стратегиясының» бірыңғай ажы­ратылмайтын бөлігі ретінде қолданды. Сөй­тіп «Индустрия 4.0» ең алдымен адам­дардың тағдырына өзгеріс әкеледі. Сарап­шылардың айтуынша, 2030 жылға таман 800 миллионға жуық адамның жаңа мамандықтар іздеуіне тура келеді. Дамы­ған елдерде кеңінен өндіріске енгізіліп жат­қан автоматтандыру мен роботтандыру үрдісі көптеген елдердің арзан жұмыс кү­ші­не негізделген дәстүрлі экономикалық моделінің болашағы жоқ екендігін қазірдің өзінде дәлелдеді. Міне, нақ осы мәселеге байланысты соңғы жылдары дамыған елдер мен дамушы елдер арасындағы экономикалық жетістіктер айырмашылығы алшақтап барады. Бұл алшақтықты жою дамушы елдер үшін «Индустрия 4.0» жағдайында мейлінше қиындап отыр. Бұл елдердің мол табиғи байлығы мен географиялық орналасу жағдайының артықшылықтары әзірге олардың жаһандық экономикалық ұлы көш­тің шоғырында қалуына мүмкіндік беріп отыр. Жаңа индустриялық төңкеріс жағдайындағы жойқын бәсекелестікте бұл мүмкіндіктің әлеуеті шектеулі екендігі бар­ған сайын айқын көрінуде.

Сондықтан дамушы мемлекеттер бүгінгі энергетикалық шикізаттың қымбаттауынан туындаған уақытша табыстарға тоқмейіл­сімей, шұғыл түрде технологиялық жаңғыр­ту­ларға бет бұруы қажет. Тек озық технологиялар мен өндірісті жаппай автоматтандыру жобалары ғана болашақ экономикалық даму драйвері бола алады. Бұл тағдыршешті талаптардың бірінші кезекте, біздің еліміздің ертеңгі экономикалық даму ахуалына тікелей қатысты екендігі даусыз. Яғни тәуелсіз Қазақстанның «Индустрия 4.0» дәуіріндегі экономикасын, әлеуметтік әлеуетін және сая­сатын, бір сөзбен айтқанда, болашақ дамуын автоматты технологиялар мен интеллектуалды адам капиталы шешеді.

 Таяу болашақтың экономикасы интеллектуалды еңбекке негізделген экономика болып табылады. Азаматтары білімді, технологиясы озық, инженер-техникалық мамандары ғылым мен экономиканы құстың қос қанатындай қатар дамытқан елдің ғана төртінші өнеркәсіптік төңкеріс дәуірінде бәсі биік болмақ. Әлемдік өркениет шоғырында ат төбеліндей ең дамыған отыз елдің қатарына ұмтылған Қазақстанның да бағдарға алған шоқ жұлдызы – «білім – ғылым – инновация». Тек бұл өміршең бағдарлама соңғы жылдары елімізде дүркірей басталып, көмескілене сөніп жатқан даурықпа бастамалардың кебін кимесе болғаны. Мәңгілік елдің ертеңін ойласақ, «Индустрия 4.0» дәуірінің қатерлеріне қарсы тұра алатын интеллектуалды болашағымыздың барлық қырына игілікті инвестиция салуға асығуымыз керек. 

Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»