Парламент • 28 Мамыр, 2018

Құтқарушыларды қолдау қажет

422 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Біз осы мәселені айтып бұған дейін де тиісті органдарға дабыл жасаған едік, бірақ көтерген мәселеміз шешілмеген соң Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаевтың атына депутаттық сауал жолдауға мәжбүр болып отырмыз. Мәселе Төтенше жағдайлар комитетінің қаржыландырылуына байланысты. 

Құтқарушыларды қолдау қажет

Осы уақытқа дейін аталған комитет қалдық принципімен қаржы­ландырылып келеді. Бөлінген қара­жат қызметтің қа­жет­тілігін толық өтемей, тек ағымдағы шы­ғыстар мен мо­­ральдық тұрғыдан ес­кірген мате­риалдық-техникалық базаны сақтауға ғана жетеді. Ал МТБ-ны түбегейлі жаңғырту мә­селесі жыл сайын кейінге қал­дырылуда.

Ал асықпай қамдануды аяқ астынан болатын апаттар күтіп тұрмасы анық. Біз қамданғанша республика өңірлерінде көп­теген апаттар орын алуда. Мәселен, Шығыс Қазақстан облысындағы биылғы тасқын 2 млрд теңгені жоқ қылды. Елдің барлық аймақтарындағы осындай шығындар айтыла қоймайды, бірақ оның орасан зор екенін сезуге болады. 

Мұның себебі барлық гидро­техникалық құрылыстардың (ГТҚ) жаңғыртылмауына бай­ланыс­ты.­ Олар­дың төрттен бірі қанағат­та­нар­лықсыз жағдайда, 52-сінің тіпті қожайыны жоқ. 2012 жылдың 6 наурызында Қауіпсіздік Кеңесі барлық қожайыны жоқ ГТҚ-лар ком­муналдық меншікке берілсін деген хаттамалық тапсырма берген еді, ол әлі күнге то­лық орындалмаған. Сонымен бір­ге Елбасының апаттың алдын алу шараларын жасау туралы берген тапсырмалары, Парламент палаталарының азаматтық қауіпсіздікті дамыту мәсе­лелеріне байланысты жасаған ұсы­ныстары орындалмай келе жатыр. Осының кесірінен миллиардтаған бюд­жет қаражаттарын түрлі та­биғат апаттары мен өрттер үн­сіз жұтуда. 

Бүкіләлемдік метеороло­гиялық ұйы­мның зерттеулеріне қарағанда, табиғат апатына қарсы күреске жұм­салатын 1 дол­лар 7 доллардың шығын бо­луы­на тос­қауыл болады екен. Былайша айт­қанда, алдын алуға бөлін­ген миллиондаған қаражат мил­лиард­таған шы­ғын­нан құт­қарады. 

Үлкен мегаполистерде өрт сөндіру деполарын (ӨСД) тұр­­ғызу байлықты ша­шу емес еке­нін түсінетін кез келді. Қазір 5 ӨСД жобалық-сметалық құ­жаттарын жасатуға 86 млн теңгені жоқ қылып, өздерінің салынуын күтіп жатыр. Тағы 6 ӨСД 100 млн теңгені жұтып, қозғалыссыз тұр.

ТЖ қызметінің ең үл­кен мәселе­ле­рінің бірі – қызмет­керлерін тұрғын үй­мен қамта­масыз ету. Олардың бүгін­гі еңбек­ақыларымен «7-20-25» бағдар­ламасына қатыса алуы екіталай. Ал ТЖ комитетінің мәліметіне қарағанда, қазір бұл саладағы 13 мыңнан астам қыз­меткерде тұрғын үй жоқ. Бір қызығы бұл қызмет Ішкі істер министрлігіне қарағанымен, олардың қызмет­керлеріне үйлердің айлық жалдау ақы­сы толық төленеді, ал «Құтқа­рушылар» деген зор ата­ғы бар­ларға тек 3700 теңге тө­ле­неді. Ведомство бір бол­ғанда қолдаудың бар­лық қыз­меткерлерге бірдей болмай, әр­түрлі болатыны қызық. Ал бұл қызметтің қауіптілігі Ішкі істер қыз­метінен еш төмен емес, 1991 мен 2016 жылдар аралығында төтенше жағ­дай­лар қызметінің 32 адамы қаза тауып, жүзде­ген адамы жараланған және ауруға шал­дыққан. 

Осы мәселені шешуді айтып, Қаржы министрлігіне қай­рылғанымызда, мынадай жауап келді: «... тұрғын үйді жал­дауға берілетін өтемақының қол­да­ныстағы механизмі тиімсіз болып табылады, бұл ұсынысты қа­раудың уақыты келген жоқ деп санаймыз». Бұл не қылған жұмбақ екенін түсінбедік. Егер жүйе тиімсіз болса, оны неге қайта қарамасқа?     

Бұл қызметке Ішкі істер ми­нистр­лігінің қамқорлығы да төмен деп батыл айтуға болады, кейбір қызметкерлерге жұмыс­тан бос уақыттарында қосымша табыс табуға рұқ­сат беретін нормаларды нор­мативтік-құқықтық құжат­тар­ға енгізу керектігі туралы ай­тылған ұсыныстар әлі орындалмай келеді. Соның кесірінен тек Астанада ғана жұмыстан бос уақытында табыс таппақ болған 94 адам жұмыстан шыға­рылған. 

Депутаттық сауалда біз осы­ мәселелерді Премьер-Ми­нистр­дің назарына ұсынып, олар­ды кезең-кезеңмен шешу ту­ралы кешенді шаралар қа­был­дауды аттап көрсеттік. 

Тұрғын СЫЗДЫҚОВ,
Мәжіліс депутаты