Өнер • 28 Мамыр, 2018

Алматыда заманауи түркологиялық музыкаға арналған халықаралық конференция өтті

788 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық Консерваториясында өнертану ғылымдарының докторы, профессор Сәуле Өтеғалиеваның 60 жылдық мерей тойына арналған  «Заманауи музыкалық түркологияның көкейкесті мәселелері» тақырыбында халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті. Конференция жұмысына әлемнің сегіз елінен келген 50-ден астам этномузыкатанушы қатысты.

Алматыда заманауи түркологиялық музыкаға арналған халықаралық конференция өтті

Сәуле Өтеғалиева ЮНЕСКО – жанындағы  дәстүрлі музыка бойынша халықаралық кеңестің Қазақстандағы сарапшысы әрі өкілі және этномузыкология бойынша еуропалық семинар, «Этносольфеджио» курсы негізінде  бірнеше кітаптар мен  бағдарламалардың авторы. Елімізден бөлек Ресей, Өзбекстан, Литва, Финляндия, Германия, Жапония, Оңтүстік Корея елдерінде    200 - ден  аса ғылыми мақалалары  жарияланған. Зерттеушінің «Маңғыстаудың домбыра дәстүрі», «Орталық Азия хордофоны», «Батыс Қазақстанның домбыра дәстүрлеріндегі «Түрікмен күйі» тәрізді іргелі еңбектері көпшілікке кеңінен таныс. Өнер зерттеушілерінің халықаралық деңгейдегі мәжілісі көрнекті ғалымның мерейтойына орайластырылуы да сондықтан.

Ғылыми-практикалық конференция еуразияның түркі тілдес елдерінің музыкалық аспаптары мен аспаптық музыкасы, түркі тілдес елдердің музыкасындағы дыбыс феномені және дыбыс биіктігінің жүйесі, түркі тілдес елдердің музыкалық-поэзиялық және театр өнері, музей, оқу үрдісіндегі түркі тілдес елдердің музыкасы тәрізді негізгі төрт бағыт бойынша өрбіді.

Анна Некрылова,  Иль-Ву-Пак,  Игбал  Мамедзаде,  Қызырбек Жанасылұлы,  Виолетта Юнусова, Геннадий Макаров, Игорь Мациевский, Жераньска-Коминек Славомира сынды аты  әлемге әйгілі музыка майталмандары мен өнер зерттеушілері сан ғасырлардан бері арқауы үзілмей келе жатқан саф өнердің өткені мен бүгіні жайында орамды ойларын ортаға салып, оны келешек ұрпаққа қылаусыз  жеткізудің жолдарын талқылады.  Оңтүстік Корея ғалымдары  Дж. Бэйлидің ішекті аспаптарда орындаушылықты  үйренудің жаңа ғылыми зерттеулерімен бөлісіп, Иль-Ву-Пак, Анна Некрылова, Геннадия Макарова, Қызырбек Жанасылұлы мен  Игбала Мамедзаде өнер сүйер қауым үшін  шеберлік  сыныптарын өткізді. Сондай-ақ, Әзірбайжаннан келген музыкант «Тар» және «Саз» аспаптарының салыстырмалы талдау нәтижелері туралы баяндама жасаса, Геннадий Макаров Волга мен Орал маңы татарларының ортағасырдың соңындағы  музыкалық – аспаптық мәдениеті туралы дәріс оқыды.

Р. Карутцтың Түркістандық әндер жинағы мен аспаптық пьесалары туралы кітабы мен арнайы фильмнің тұсауы кесіліп, жиын соңы дәстүрлі музыканың үлкен концертіне ұласты. Конференция материалдары бойынша «Заманауи түркітанудың өзекті мәселелері» тақырыбында дайындалған ғылыми мақалалар жинағы әзірленді.

Арман ОКТЯБРЬ,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ