Өнер • 28 Мамыр, 2018

«I`m a singer Kazakhstan» шоуының жүлде қоры 50 миллионға жетті

342 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Жобаның бірінші маусымында көптің сүйіспеншілігіне бөленіп, әлемнің алты елінде таратылған, 200 миллионнан аса адам тамашалаған үлкен жоба жалғасын табады. Бүгін Алматыдағы Қазақстан Баспасөз клубында «31-арнадағы» «I`m a singer Kazakhstan» халықаралық талант-шоуының екінші маусымының іске қосылуына байланысты БАҚ өкілдерін жинады.

«I`m a singer Kazakhstan» шоуының жүлде қоры 50 миллионға жетті

Баспасөз мәжілісінде 31-арнадағы «I`m a singer Kazakhstan» халықаралық талант-шоуының екінші маусымына дайындығы жайында жаңалықтарымен бөлісіп, жобаға қатысу үшін ресми кастингтің басталғанын хабарлады.

Осылайша «31-арна» «I`m a singer Kazakhstan» халықаралық талант-шоуының екінші маусымы басталды. Биыл байқаудың жүлде қоры 50 000 000 теңгені құрамақ! Кеңестік кезеңнен кейінгі аймақта теңдесі жоқ бұл еренжоба бұрынғысынша бүкіл әлемнің ең мықты кәсіби әншілерін өз алаңында жинайтын болады.

Биыл байқау төрешілерінің құрамына шынында да нағыз жұлдыздар қосылмақ.

«I`m a singer Kazakhstan» шоуы қамтыған аумағы мен ауқымы, ұйымдастырылуы, өткізу сапасына қойылған жоғары стандарттары жағынан қазақстандық нарықтың алдына биік меже белгілеп берді. Рейтингтер көрсетіп отырғандай, шоу көрермендердің де, ұйымдастырушылардың да көңілінен шықты.

«Осы жоба арқылы біз қазақстандық телевизияны ел аумағынан тысқары аймақтарға шығарып, көрерменнің жоғары бағасына ие болдық, – деді «31-арна» бас директоры Бағдат Қожахметов. – Бірінші кезекте, біз әрдайым көрермендеріміздің қызығушылықтарын ескеруге тырысамыз. Бірінші маусым қорытындысы бойынша жүргізілген зерттеу нәтижесінде шоу жанкүйерлерінің көңіліне не жақын екенін анықтадық. Осы арқылы жаңа маусымда жоба форматын жетілдіріп, байқау және көрермендердің дауыс беру тұжырымдамасын өзгерттік. Шоуды өткізіп, хабар тарату үшін үлкен шығармашылық және техникалық, адами қорлар жұмысқа тартылады. Біз біраз дүниені үйреніп, жетіліп, көрермендеріміздің тілектеріне құлақ салдық. Демек, жаңа маусым бұдан да көп қазақстандықтарды таңқалдырады деген сөз. Интриганы күтіңіз, ол міндетті түрде болады!».

«Жүлде қоры бірінші, екінші және үшінші орын арасында үлестіріліп, жалпы сомасы 50 000 000 теңге құрамақ. Бас жеңімпаз Алматыда жеке концертін өткізіп, жаңа әнін жазып, бейнебаян түсіруге және оны қазақстандық радиостанцияларда, музыка телеарналарында жыл бойы ротациялауға мүмкіндік алады», – дейді шоу жаңалықтарымен бөліскен байқау төрешісі Сәкен Майғазиев.

Айнаш ЕСАЛИ,

«Егемен Қазақстан».

 АЛМАТЫ

Соңғы жаңалықтар