Театр • 29 Мамыр, 2018

Жауһар туындының жаңғыруы немесе «Астана Опера» сахналаған «Біржан-Сараның» соңғы нұсқасы туралы толғаныс

484 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Астананың 20 жылдығы аясында, Мәдениет және спорт министрлігінің қол­дауымен, жас та болса әлемге аты танылып үлгерген «Астана Опера» театры М.Төлебаевтың «Біржан-Сара» операсына тағы да көз тігіп, көрермен назарына оның заманға сай жаңа нұсқасын ұсынды. 

Жауһар туындының жаңғыруы немесе «Астана Опера» сахналаған «Біржан-Сараның» 
соңғы нұсқасы туралы толғаныс

Қазақтың классикалық опера жауһарына деген осыншама зор ықыластың болуы бекер емес. Атап айтсақ, М.Төлебаевтың опера шығармашылығына 1950 жылдан қа­лыптасқан қызығушылық ХХ-ХХІ ғасыр­лар тоғысында өз кемеліне жетсе, қазір­гі уақытта нағыз қайта жаңғыру сәтін басынан өткеруде.

Ең қызығы, бірнеше рет жаңартуларды басынан өткерген М.Төлебаевтың шығар­машылық мұрасы осы уақытқа дейін көп­теген интерпретациялық шешімдерге ие болса да, заманауи қазақстандық ­теа­тр сахнасында лиро-психологиялық дра­ма мазмұны жаңа қырынан ашыла түсті. Опера қойылымдарының тарихына үңілетін болсақ, алғашқы жылдары дүниеге келген (1946) және бүгіндегі «Астана Операның» нұсқасын (2018) ерекше атап өтуге болады. «Біржан-Са­раның» қос интерпретациясы жалпы қазақ ұлттық опера пайымын түсінудегі маңызды кезеңдеріне айналып отыр.

Демек, «Астана Операның» жоғары дең­гейдегі кәсіби орындаушыларынан, дирижерлер мен режиссерлерінен құрал­ған шығармашылық ұжым үнемі ізденісте болып, осынау алып дра­малық туындыны заманауи әрі шыншыл баяндауға ұмтылғанын көреміз. Нәтиже­сінде, «Біржан-Сара» операсының ұсы­нылған нұсқасын қоюшы режиссерлер Асхат Маемиров пен Михаил Панд­жавидзе қазақ халқының өмір салтын, тұр­мысын, әдет-ғұрпы мен дәстүрін сахнада көрсете білгені қуантады. Мұндай шы­найылықты көрсетуде белгілі сценографтар – Софья Тасмағамбетова мен Павел Драгунов жасаған ғажайып деко­рациялар мен ұлттық нақыштағы кос­тюм­дердің алатын орны айрықша. Осы қоюшылар интерпретациясындағы опера жүйелі ойымен, бейнелеу құралда­рын таңдаудағы сындарлығымен, таңғалар­лық драматургиялық ауқымымен ерекше­ленеді.

«Астана Опера» театрының солистері во­калдық және әртістік жағынан өте күрделі партияларды асқан шеберлікпен орын­дай білді, ал оркестр симфониялық көріністердің қанық бояуын жеткізе алды. Кең ауқымды хор және хореографиялық көр­іністер көздің жауын алады.

«Біржан-Сара» операсының орын­даушылық интерпретациясы­ ай­қын­ психологиялық көзқараста құрас­­­ты­рылған. Режиссерлер әдейілеп кейіп­керлер бейнелерін даралай түскен. Олар­дың барлығы жан-жақты болған­дықтан, көрермен көңілінде түрлі сезімдер туғы­зып, жағымды және жағымсыз бейнелер ара-жігін анықтау қиынға соғады. Дра­­матургиялық жағынан барынша түсі­­нікті әрі анық оқиға желісі осынау қазақ опера классикасының жауһар туындысын өзгеше баяндауға мүмкіндік береді. М.Төлебаев ең жарқын әрі жүректі тебірентер музыканы басты кейіп­керлерге арнаған. Ұсынылған редак­цияның қорытынды көрінісінде Біржан мен Сара өлімді махаббат белгісі ретінде қабылдайды.

Соңғы нұсқада «Астана Опера» режиссерлері қойылым финалын өзгерт­кен. Басты кейіпкерлер қаза табады. Ана­лықтың «Жоқтауынан» кейін, Бір­жанның «Теміртас» әнін пианиссимода хор мәтінсіз а capella орындап, көрер­мендердің жүрегін елжіретеді.

Аталған қойылым үшін осынау керемет әуеннің аралас хорға арналған өң­де­уін жас сазгер Тасқын Жармұқамет жа­са­ған. Хордан кейін іле-шала домбырада танымал халық композиторы Әбікен Хасеновтің «Қоңыр» шертпе күйі тартылады. Күйді асқан шеберлікпен орындаған Руслан Баймурзин – бұрында домбырашы болса, қазіргі таңда «Астана Опера» симфониялық оркестрінің дири­жері. Дәл осы сәтте симфониялық оркес­трдің орындауында баршаға таныс соң­ғы аккордтар шырқалды. Бұл көрініс ерек­ше мәнге ие: сахнада тау жоталары жыл­жып, қолдарына домбыра алған бас қаһармандар – Біржан мен Сараның сұл­басы көрінеді. Спектакль қайғылы аяқ­талады, дегенмен махаббат пен музыка ажалдан да қайсарлы, өлімнен де өжет екендігі айдан анық.

Қойылымның жаңа нұсқасында пай­да­ланылған жаңалықтар жөнінде айта келе, симфониялық оркестр рөлі­нің ба­рынша артқанын атап өткім келе­ді. Нақты алғанда, барлық маңызды оқи­ға­лар оркестрге жүктеліп, әрбір төрт көрі­ністің басында керемет жарқын, қысқа да нұсқа оркестрлік қосымшалар енгізілген. Олардың авторлық нұсқада да болғанын, алайда тек екінші және төртінші көріністерде орын алғанын атап өткен жөн.

Дирижер Абзал Мұхитдиновтің пар­ти­туралық оқылымының өзгешелігі – оркестрлік партияны барынша айқын әрі анық, яғни жан-жақты «нұрландыра» түскені. Қажет жерінде дыбысталуын үдеткен, жекелеген музыкалық жолдарды нақтылаған. Ал кей тұстарында ор­кестрді тек вокалдық партияларды сүйе­мелдеу үшін пайдаланған. Осылайша таң­ғаларлық кеңістік әсерін жасаған.

Орындаушылардың өнерін сөз етпес бұрын, Төлебаевтың вокалдық музыкасын орындау аса қиын екенін атап өткен жөн. Бұл әнге де, романсқа да, сонымен қатар операдағы жекелеген нөмірлерге де қатысты. Әншілер терең тынысқа, кең диапазонға, мықты да қуатты дауысқа, жақ­сы кәсіби дайындыққа ие болуы тиіс. Атап айтсақ, Біржанның партиясын орындайтын әншіге қиынға соғары сөз­сіз, бұл әрбір лирикалық-драмалық тенор­дың қолынан келе бермейді: ол көле­мі жағынан ауқымды ғана емес, сонымен қатар екпінді әрі ырғақты тұр­ғыдан алғанда күрделі болып табылады. Оның үстіне, дауыстың «самғап, қалық­тауы» әрі «таза» тембрі болғаны, яғни вокалистің әрбір алған дыбыстағы обер­тоны оркестр аспаптарының обертонынан біршама жоғары болғаны дұрыс. Сондықтан бас кейіпкерлер – Біржан мен Сара партиясын орындаушылар айрықша «төзімділікке» ие болуы керек.

Біржанның «Сарыарқа» лирикалық-драмалық ариясы М.Төлебаевтың үздік туындылары қатарына жатады. Әуеннің қанықтығы, мәнерлілігі, кең кантиленасы бойынша бұл музыка Дж.Пуччинидің «Тоска» операсынан Каварадоссидің «В небе звезды горели» ариясымен, П.Чай­ковскийдің «Евгений Онегин» операсынан Ленскийдің «Куда, куда вы удалились» ариясы және өзге де атақты туын­дылармен теңестіріліп, бір қатарға қойылады.

Сараның партиясына келетін болсақ, операның алғашқы екі нұсқасында (барлы­ғы үш нұсқа болған) оның жеке нөмірлері көп болмаған. Алайда спектакльдің музы­калық-драмалық арқауын жетілдіру барысында М.Төлебаев операны басты кейіп­керге арналған бірнеше жаңа опус­тармен толықтырған, соның салдарынан операда музыкалық тұрғыдан алғанда Сараның қызықты жеке өнер көрсетулері пайда болды.

Жоғары тесситураны игерген және дауысының лирикалық-драмалық темб­рі бар тенорлар айтарлықтай сирек кездесе­тінін атап өтсек болады.

Сонымен бірінші құрамға Мейір Бай­неш пен Майра Мұхамедқызы қатысқан. Олардың өнері үлкен қарқындылығымен ерекшеленді. Әйгілі кейіпкерлердің тұл­ғалары көрермендердің есінде қалды. Көрер­мен техника көмегімен іске асқан табиғат көріністеріне таң-тамаша болды. Ал күшті, тамаша шырқалған солистердің дауыстары үйлесімді ансамбльде айқын ашылып, болып жатқан оқиғалардың мәнін, төгіліп жатқан әуеннің сұлулығын көрермендерге жеткізді.

Екінші құрамда дәстүрлі қазақ әнінің рухын жеткізген солистер Бейімбет Таңа­рықов пен Жаннат Бақтайдың өнері ұсы­нылды. Оның үстіне, еуропалық ән орындау мәнері арқылы жеткізілген бейнелердің жаңа қыры мен фольклордың айқын көріністері сезілді.

Бірінші құрамға қайта келер болсақ, Мейір Байнештің «Астана Опера» теа­трын­да жасап жатқан бес жылғы жұмы­сы барысында дауысы жаттығып, барынша икемді, төзімді және қарқынды бола түскен екен. Біржан бейнесін қалып­тас­тырып, өз қаһарманын бекзат, парасатты әрі асқақ етіп көрсетті. Біржан (Мейір Бай­неш) сахнаға шыққан сайын жаңа жағы­нан ашыла түсіп, бұл кейіпкердің көркемдік бейнесінің үнемі дамуын қамтамасыз етті. Әсіресе II бөлімнің вокал­дық партиялары сәтті шыққан.

Бейімбет Таңарықовтың орындауын­дағы екінші құрамдағы Біржан бірқатар ерекше қырынан көрінді. Шеберлік жағы­нан алғанда оның өте тәжірибелі және өткір мінезді екені сезіледі. Өзіне тән ән орындау мәнері мен күшті лири­калық-драмалық дауысы қайсар қазақ батырларының бейнелерімен еріксіз байланыстырылады. Бейімбет Таңарықов Біржанды батыл әрі өжет етіп көрсетті.

Басты әйел рөлі Сараға баға беретін бол­сақ, Қазақстанның еңбек сіңірген қос әртісі: Майра Мұхамедқызы мен Жаннат Бақ­тайдың орындауында бұл бейне көңілге өте қонымды және терең мәнде ұсынылған. Бұдан республикамыздың екі атақты солистерінің аса үлкен ән орындау және актерлік шеберлігін көреміз. Дауыс тембрлері әртүрлі болса да, олардың пар­тиялары жеңіл тыңдалады. Майра Мұхамедқызының дауысы шарықтап қалықтаса, Жаннат Бақтайдың дауысы айтарлықтай қанық және қоңыр. Әншілердің тамаша сыртқы келбеті, музыкалық материалды жеткізудегі шынайылығы мен нәзіктігі, сондай-ақ әртістік шеберлігі қойылымның тартымды тұсы болғаны сөзсіз.

Екінші деңгейлі кейіпкерлердің орындаушылары да сәтті таңдалынып алынған. Жанбота рөлінде Жанат Шыбықбаев пен Талғат Мұсабаев, Алтынай – Салтанат Ахметова мен Айзада Капонова, Жиен­құл – Ержан Саипов пен Талғат Ғалеев, Қожағұл – Евгений Чайников пен Шың­ғыс Расылхан, Аналық – Дина Хамзина мен Гүлжанат Сапақова, Естай – Жұмабек Қаңтарбаев. Олардың ішінде Алтынай рөліндегі Салтанат Ахметова мен Естайды орындаушы Жұмабек Қаңтарбаевты ерекше атап өткім келеді.

«Біржан-Сара» операсы сол заманның рухын жаңадан жасауға мүмкіндік беретін жаңа техникалық және технологиялық құралдарды қолданбайынша, көрермен тарапынан осыншалық қошемет пен ыстық ықыласқа бөленбес еді. Көне үй жабдықтарының көптеген атрибуттары көрнекі түрде ғажап ұсынылды. Ал ерекше талғам мен кең ауқымда тігілген қазақ ұлттық киімдері өзінің сәнімен жұртшылықты таңғалдырды. Әлемнің түкпір-түкпірінен келген көпестер, халық, әйгілі күйшілер мен ақындар, балуандар, сиқыршылар, акробаттардың басын қосқан Қоянды жәрмеңкесінің атмосферасы тамаша жеткізілді.

Сөйтіп жаңа қойылымды іске асыруда қоюшы режиссерлер Асхат Маемиров пен Михаил Панджавидзе, сондай-ақ дирижер Абзал Мұхитдинов ерекше рөл атқарды. Аталған шығармашылық одақ операның сюжеттік арқауына және тиісінше оның партитурасына бірқатар елеулі өзгерістер енгізді. Өзгерістер, негі­з­інен, соңында екі бас кейіпкердің қаза та­буына әкеліп соқтырған Жанботаның – Біржан мен Қожағұл арасындағы, Жиен­құл мен Алтынайдың – Сарамен ара­дағы кикілжіңдерін күшейтуге бағыт­тал­ған музыкалық нөмірлерді қайта қою­ға қатысты болды. Түпнұсқаны еске сала кет­­сек, соңғы көріністе тек Біржан қаза таба­тын.

Операның сәтті әрі жарқын қойы­луына «Астана Операның» басшылығы, қоюшы режиссерлер, дирижер, оркестр, солистер, хормейстер, хор, балетмейс­тер, балет әртістері мен менеджмент тең дәрежеде ықпал етті. Ұжымның жүйелі жұмысы операның идеялық мазмұнын шынайы әрі дәл ашуға бағытталғаны көрініп тұр.

Алтын КЕТЕГЕНОВА,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, профессор, Қазақстан композиторлар одағының мүшесі