Хоккей • 29 Мамыр, 2018

Тіл және ақпараттық кеңістік

916 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін
Тіл және ақпараттық кеңістік

Мемлекеттік тіл және үш тілділік мәселесі

Тіл қолданысының шартты түрде алғанда көркем әдебиеттегі, ғылыми еңбектердегі және ресми орындардағы үш бағытын атап өтуіміз керек. Көркем тіл бағыты – қазақ халқының өткен тарихынан бері жинақтап келе жатқан асыл қазынасы. Оған әлемде теңдесі жоқ жүз томдық «Бабалар сөзі» дәлел. Қазір де әуелгі қарқынынан жаңалмай, қарыштап дамып келе жатқаны белгілі. Екінші бағыт – ғылым тілі. Қазақ тіл білімінде бүгінге дейін түрлі салалар бойынша көптеген ғылыми еңбектер жазылып, диссертациялар қорғалды. Осы теориялық зерттеулердің нәтижесінде қолданбалы бағытта да көптеген мәселелер өз шешімін тапты. Мысалы терминология, ономастика салалары бойынша көптеген сөздіктер жарық көріп, оларды дамытудың ғылыми шешімдері анықталды. Осы уақытқа дейін көптеген жер-су атаулары өзгертіліп, пайда болған түрлі нысандарғы жаңа атаулар берілді, сөйтіп Қазақстан ономастикасының өзіндік келбеті қалыптасты. Үшіншіден, қазақ тілінің ресми сипаты. Қалыптасқан жағдайға байланысты ресми тіл негізінен түрлі құжаттарда орыс тілімен қатар қолданылып келеді. Тіл жанашырлары тарапынан көптеген сын-пікірлердің айытылғанына қарамастан түрлі себептермен қазірге дейін осы жағдайдың сақталып келе жатқаны жасырын емес. Әсіресе әлі мемлекеттік тілі шықпаған Парламент пен Үкімет жиі сынға алатын, алайда бұл олқылық шешімін тапқан сияқты. Биыл ақпан айының соңында Мемлекет басшысы Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаевты қабылдағанында «Халқымыз үшін латын қарпіне көшу үдерісінің тарихи мәні зор. Сонымен бірге, қазақ тілінің мәртебесін арттыру жөніндегі жұмыстарды жалғастыру қажет. Парламент пен Үкіметтің қызметі мемлекеттік тілде жүргізілуге тиіс. Сондай-ақ, бұл мәселе бойынша азаматтардың құқығын шектеуге болмайды. Бұл ретте ілеспе аударма жасау мүмкіндігі бар», – деген болатын. Елбасының арнайы бұйрығымен енді бұл мәселе дұрыс жолға қойылып, алдағы бағыты айқындалған секілді.

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап мемлекеттік тіл күн тәртібіне өзекті мәселе ретінде қойылды. Атқарылған жұмыстардың сонша көптігіне қарамай, өзектілігі артпаса кеміген жоқ. Олай болуының өзіндік себептері алуан түрлі, соның ішінде негізгісі «тіл тірі организм» деген тұжырыммен сабақтас – ол үнемі дамып, жетіліп отырады. Адамзат ақыл ойы бәсекеге түскен қазіргі заманда күнде жаңарып жатқан ұғым түсініктермен қатар, жаңа технологиялар пайда болып, түрлі заттар өндіріліп жатыр, олармен бірге көптеген жаңа терминдер мен атаулар жасалады. Тілдегі осы жаңалықтарды игерудің өзі түрлі себептермен көптеген қиындықтар тудырады. Қазір жалпы әлемде ағылшын тілінің ғылым тілі ретінде алдыңғы орында тұратыны шындық. Ресми мәліметтерге сүйенсек, әлемде адам баласына пайдалы кітаптардың дені ағылшын тілінде жарық көреді екен. Бұл тек біздегі ғана жағдай емес. Өзге елдерде де оны ана тіліне аударып, дер кезінде басып шығаруға уақыт та, қаржылай қолдау да таппайды екен. Ағылшын тілін мойындамайтын, мектептерінде бұл тіл жүрмейтін, дамыған ел қатарындағы Францияның да заман талабына байланысты мұндай принциптерінен бас тартуына тура келді. Қазір ағылшын тілін үйрену мектеп оқушыларына міндеттеліп жатыр. Бір жарым миллиард халқы бар деп есептелетін алып Қытай халық республикасында да ағылшын тіліне баса мән беріп отырғанын түрлі ақпарат көздерінен білеміз.

Тарихи себептер мен қазіргі жаһандық жағдайлар елімізде үштілділік мәселесін тудырып отыр. Әрине бір адамға үш тілдегі сөздік қор мен ұғымдарды қабылдау өте ауыр соғары белгілі. Әсіресі сөз басында атап өткеніміздей, «тіл – ұлттың жаны» тұжырымы тұрғысынан қарар болсақ, мәселенің ауырлай түсетінін болжау қиын емес. Алайда алдағы болашаққа қазіргі даму бағыты бойынша көз салсақ, үштілділік – кезеңдік құбылыс. ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиевтің айтуынша 2011 жылы ағылшын тілінде орта есеппен 550 мың жаңа кітап шықса, орыс тілінде – 97 мың. Ал қазақ тілінде 2,3 мың ғана кітап жарық көріпті. Алғашқысы қара үзіп тұр. Осы тұстан қазіргі тілдік саясаттың әріде жатқан мақсаты көрініс береді. Ағылшын тілін үйреніп жатқан бүгінгі жастар ертең әлемдік кеңістіктегі білімді орыс тілі арқылы емес, тікелей ағалшын тілінен алатын болады. Қазақстандағы орыс тіліне деген сұраныс ол кезде бүгінгідей болмайтыны анық, сондықтан үштілділіктің бүгінгі талаптарына алдағы мақсат үдесінен шығу ыңғайында қарауымыз керек. Олай болса, біздің ойымызша бірінші кезекте кез-келген Қазақстандық осы елмен болашағын байланыстыра қарайтын азамат ретінде мемлекеттік тілге баса мән беруі тиіс, екінші кезекте әлем елдерінде еркін жүріп тұру мен білім алу үшін ағылшын тіліне күш салуы тиіс, үшінші кезекте қазіргі жағдайда қатынас жасау үшін орыс тілін білуі тиіс. Жаһандық жағдай мен қазіргі Қазақстандық тіл саясатының ұстанымдарынан алдағы болашақ туралы осындай болжам жасауға болады. Өткен ширек ғасырлық тарихымызға шолу жасағанда латын әліпбиіне көшу туралы басатаманың бастау көзі мен негізділігін әрі кешенділігін тереңірек танимыз.

Латын әліпбиі

Қазақ тілі өткен ғасырда бірнеше рет әліпби ауыстырды. Міне тағы да дайындалып жатырмыз. Елбасының қол қойған соңғы тоқтамына дейін қарсылар да, әліпбидің нұсқаларын ұсынушылар да көп болды. Қарсылардың уәжі – бұл реформа ұлтты тамырынан ажыратып, сауатсыздыққа, білімсіздікке алып келеді (оған тоқталмаймыз). Ал қолдаушылардың болжамынша латын әліпбиіне көшудің екі түрлі себебі бар: біріншісі саяси жағы – халықаралық кеңістікке ықпалдасу, ақпараттық технологияларды меңгеру; екіншісі – әліпбилер ауыстыру барысында жоғалтып алғанымызды түгендеп, ұлттық тілдің табиғи болмысын қайта жаңғырту. Екеуі де уәжді – ешқайсысын жоққа шығара алмаймыз. Бұл орайда келетін шығындарымыз бен жететін жетістіктеріміздің арасалмағын нақты бағамдай алуымыз керек. Латын әліпбиіне көшкенде ағылшын тілі арқылы келетін терминдердің астында қалмаймыз ба, тіл жүйесінде ұлттық болмысына қайшы құбылыстар белең алмай ма? деген сұрақтар да қоғамда жоқ емес. Қазіргі болжам мен нақты жүзеге асқан кездегі жағдайдың арасында ерекшеліктер шығуы мүмкін, алайда ол көп мөлшерде және салдары ауыр болмауы тиіс. Қазір осы бағытта көптеген ізденістер мен жұмыстар жүргізіліп жатыр. Әсіресе көпшіліктің, соның ішінде тілдің байырғы болмысынан хабары барлар тарапынан көңілде күмән болса да, өшкені қайта жанатындай үміт басым. Алдыңғы әліпби туралы қоғамдағы қызу талқылаулар соның айқын дәлелі. Бүгінде әлемнің әр түкпірінде 5 миллионға жуық қазақ тұрады. Оның 80 пайызы латын әліпбиін қолданады. Қандастарымызбен жақындасудың маңызды бір тетігі латын әлібиі, сондықтан жоғалтқанымыздың түгенделер бір тұсы осы.

Латын әліпбиіне қатысты мәселелер негізінен мамандардың араласуымен шешіледі. Жазуды реформалау саяст, мәдениет, қаржы, экономика, халықаралық қатынастар т.б. салаларды да қамтиды, сондықтан істің кешенді түрде жүзеге асқанын қалар едік. Екіншіден, түркі халықтарының біразы латын әліпбиін пайдаланады, алайда олар көптеген қиындықтарға тап болып, бірнеше рет қайта қабылдағанын да естіп, біліп жатырмыз. Бізде де осы жағдай қайталанбаса екен дейміз. А.Байтұрсынұлы реформалаған қазақ әліпбиі сол тұстағы ғалымдар тарапынан өте жоғары бағаға ие болды, қырғыз халқының да осы әліпбиді біраз уақыт пайдаланғанын тарихтан білеміз. Бұл жолы да сол сапаға қол жеткізу аса маңызды міндеттердің бірі.

Қазіргі кезде алғашқы тәжірибелер ретінде БАҚ арқылы даярлық жұмыстары жүргізіліп жатыр. Мәселен «Егемен Қазақстан» газетінің интернет сайтына (egemen.kz) көз жүгіртсек үштілділіктен бөлек латын нұсқасындағы мақалаларды оқуға болады. Әрі бұл тек «Егемен Қазақстанда» ғана емес тұрақты жұмыс істеп тұрған сайттардың көбінде жүзеге асып жатыр. БАҚ құралдары бүгінге дейін де туған тілдің тағдырына араша түсіп, оның жетістігіне қуанып, кемшін тұстарына өкініш білдіріп келген. Ары қарай да бұл бағытынан жаңылмақ емес. Қазірге дейін тіл мәселесіне қатысты үлкен ойлар әуелі БАҚ арқылы халыққа жол тартып жатты. Жаңа заман талаптарын ескере отырып, қоғамдық пікір тудырып, тұшымды көзқарастарды халыққа жеткізуде жарғақ құлағы жастыққа тимей қызмет ету оның маңдайына жазылған табиғи миссия. Латын әліпбиінің ары қарайғы тағдырында да бұл саланың арқарар қызметі зор болмақ.

Латын әліпбиіне көшу мен «рухани жаңғыру» бағдарламасының қатар келуінде үлкен мән бар. Бұл мемлекетіміздің тарихындағы өте бір сындарлы тұс. Латын әліпбиі базбіреулер айтып жүргендей ағылшындану емес, керісінше Тәуелсіз елдің тілін тарихымен табыстыратын, жаһанданудың алапат дауылынан қорғайтын ұлы қорған болуы тиіс. Елбасы мақаласындағы  «жаңғыру» мен «құр жаңғырық» сөздері бекер айтылған жоқ, ажыратын тани алсақ және соған орай іс қыла алсақ нұр үстіне нұр болмақ.

Тілді адам баласы туғаннан бастап үйренеді және өмір бойы оның тағылымынан дәріс алады. Сондықтан оның табиғаты тез арадағы өзгерістерді көтермейді. Еліміздегі жүргізіліп отырған тіл саясатының бағыты мен бағдарын зерделегенде осы маңызды фактордың ескерілгенін шамалаймыз және алыстан божанған кемел саясаттың айқын белгілерін көреміз. Ол бүгінге дейінгі айтылған өткір сындарды да дұрыс қабылдады, қабылдай отырып шыңдалды, алайда әуелгі бағытын өзгертпеді. Өйткені оның әуелгі мақсаты айқын, межелеген биігі анық болатын.

Аян ӘБДУӘЛИ,
«Егемен Қазақстан»