Қазақстан • 31 Мамыр, 2018

Ұлттық қор қаржысы бұғаудан босатылды

267 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Брюссель соты АҚШ-та Қазақстанның Ұлттық қорының 21,5 миллиард долларлық активін бұғаттан босату туралы шешім шығарды. Еліміздің Әділет министрлігі осылай деп хабарлады.

Ұлттық қор қаржысы бұғаудан босатылды

Әділет министрлігінің бас­пасөз қызметі таратқан ақ­паратта айтылғандай, Бельгия соты еліміздің Ұлттық қорының Қазақ­стан тарапы алдаумен алын­ды деп мәлімдеген, қазіргі таңда бұғаттаулы күйдегі 530 мил­лион долларға тең активін ағылшын соты шектеуден босата алады деген қаулы шығарды. Ен­дігі уақытта Қазақстан тарапы активтің осы бөлігін шек­теу­ден шығарып алу үшін Ұлы­британияда жұмыс істеуге тиіс.

«Бельгия соты Статидің стра­­тегиясын шайқалтып, уақыт­­ша бұғаттау олардың талап­­тарындағы сомамен және шы­ғын­­дар сомасымен, нақты айт­­қанда 530 миллион АҚШ дол­­лары­мен шектелуі керек деген қаулы шығарды. Осы қау­лы бо­йынша Қазақстанның Ұлт­тық банкіне тиесілі, көлемі 21,5 миллиард АҚШ долларын құ­райтын активтер бұғаттан босатылды. Сонымен қатар Бельгия соты бұғаттауға негіздің бар немесе жоқ екенін анықтау мәселесін ағылшын соты шешуге тиіс деген қаулы шығарды», делінген Әділет министрлігі таратқан хабарламада.

Бельгиядағы шешім Англия Жоғарғы сотындағы Статидің алғашқы жеңілісінен соң бір апта уақыт өткеннен кейін шық­қанын атап өту керек. Бұған дейін Тұманды Альбионда мол­до­валық азаматтар өздерінің алаяқ­тық әрекеттеріне қатысты ай­ғақ­тар қарастырылатын сот про­цес­терін тоқтата алмаған болатын.

«Бұл 2010 жылы Қазақстанға қарсы талап-арыздар түсіруді бастаған екі молдован азаматы Анатол мен Габриэль Статидің сәтсіз талпыныстарының ке­зек­тісі. Стати Швециядағы төре­лік сот арқылы Қазақстаннан 4 мил­лиард АҚШ долларын талап етті, алайда оларға 500 мил­лион АҚШ долларын беру тура­лы ұйғарым жасады. Бұл қаржының 199 миллион АҚШ доллары газ өңдеу зауытының құры­лысына жұмсалуы мүмкін делінді. Кейіннен АҚШ-та бө­лек сот процедуралары бойынша алынған құжаттар арқылы Қазақ­стан Статидің талаптары ау­қымды алаяқтыққа негізделгені туралы айғақтарға қол жет­кізді.

Англияның Жоғарғы соты ұсынылған айғақтарды қарас­тыра келіп, Швеция төрелік сотының күші жойылмағанына және алаяқтық фактісін назарға алмағанына қарамастан, өткен жылдың маусым айында төрелік шешім алаяқтық жолмен алын­ғанына бастапқы дәлелдер бар деген қорытынды шығарды. Осы қорытындыға сай, биылғы жылдың қазан айында алаяқтық әрекет бойынша тыңдау өткізу белгіленді», делінген Әділет министрлігі таратқан ақпаратта.

Кеше Әділет министрі Марат Бекетаев Ұлттық қор қаражатының басым бөлігінің бұғаттан босатылуына қатысты пікір білдірді. Оның айтуынша, Статидің стратегиясына сызат түсті деп санауға негіз бар.

– Статилердің бұғатталған қаражаттың көлемін ұлғайтуға және үшінші тұлғаларды осы іске тартуға бағытталған сртатегиясына сызат түсті. Бұл стратегия әуел бастан елімізге қысым көрсетуге бағытталған болатын. Өздері жасаған схема өздерінің көз алдында күйрей бастады. Статилер енді қандай әрекет жасаса да, шындықты жасыра алмайды,– деді М.Бекетаев.

Өткен жылдың соңында New York Mellon банкі молдовалық бизнесмен Анатол Статидің Қазақстан Үкіметіне қарсы арызы бойынша еліміздің Ұлттық қорының қаржысын бүғаттағаны белгілі болған еді. Өз кезегінде Қазақстан тарапы бұл шешімге наразылық білдіріп, Англия Жоғарғы сотына талап-арыз түсірді. Биылғы жылдың қаңтар айында Нидерланд соты Ұлттық банктің «Ұлттық қордың New York Mellon банкіне сақтауға салынған активін бүғаттан босату туралы» арызын қанағаттандырған болатын.

Арнұр АСҚАР,

«Егемен Қазақстан»