Аймақтар • 31 Мамыр, 2018

Таразда Алтынбек Қоразбаевтың «Ән-жырым саған, туған ел!» атты ән кеші өтті

1220 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының «Рухани қазына» кіші бағдарламасы аясында Тараз қаласындағы «Баласағұн» орталық концерт залында Қазақстан Республикасының халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Алтынбек Қоразбаевтың «Ән-жырым саған, туған ел!» атты ән кеші өтті. Аталған өнер кешін Жамбыл облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы ұйымдастырды.

Таразда Алтынбек Қоразбаевтың «Ән-жырым саған, туған ел!» атты ән кеші өтті

Әуелі сахнаға Алтынбек Қоразбаев­тың өзі көтеріліп, эстрада­лық-симфо­ния­лық оркестрдің сүйемелдеуімен «Қараша қаз, қайдасың?», «Таудағы көк­тем», «Елге сәлем» әндерін орындады. Өнер кешінде Алтынбек Қоразбаев ұлы күйші, дәулескер домбырашы Нұрғиса Тілендиевті өзінің ұстазы санайтынын айтып, көпшілікке өзінің өнер жолын әңгімелеп берді.

Тіпті кейбір танымал әндерінің дүниеге келу тарихына да тоқталып, көрерменнің қызығушылығын арттырды. Сонымен қатар Мақпал Жүнісова, «МузАРТ» тобы, Саят Медеуов, Тоқтар Серіков, Бейбіт Сейдуалиева, Алма Аманжолова, Жанболат Ербатыров, Жазира Байыр­бекова, Жұбаныш Жексенұлы және өзге де эстрада әншілері Әулиеата кеңістігін әнге бөлеп, Алтынбек Қораз­баевтың «Сағындым Кенен атамды», «Үшқоңыр», «Әгугай, домбыра», «Са­ғындым Алматымды», «Ақмон­шақ­ты ауылым» атты әндерін нақышына келтіре орындады.

Алтынбек Қоразбаев бұл күнде халыққа елуден астам ән мен бірнеше күй және екі драмалық спектакль музы­ка­­сының авторы ретінде танымал. Ал қасиетті қара домбыраны жанына серік етіп, қоңыр үнімен қазақ өнерінің атағын аспандатқан Алтынбек бұл күні туған топырағына тағзым етіп, халқымен қауышты. Туған даласын әнге бөлеп келе жатқан өнер иесі сонымен қатар бірнеше шәкірт тәрбиелеген ұстаз ретінде де белгілі. Мәселен, бұл күні Ал­тынбек Қоразбаев пен Мейрамбек Бе­с­паев­тың қосыла шырқауындағы «Сен мені сағындың ба?» әні ұстаз бен шәкі­рт арасындағы әсерлі көріністерді бей­неледі.

Айта кетейік, ән кешінен түскен қар­­жыға Тараз қаласының №30 мек­теп-гимназиясынан ашылатын ІТ-бағ­дар­ламасына Алтынбек Қораз­ба­евтың арнайы сертификаты табысталды.

Хамит ЕСАМАН,

«Егемен Қазақстан»

Жамбыл облысы