Өнер • 31 Мамыр, 2018

Сөз сойыл №61

1057 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін
Сөз сойыл №61

Жаңа қазақ

Арыстандай иті бар,

Атан түйе – джипі бар,

Ұялы телефонында

Төрт бірдей чипі бар,

Тыңдағаны қазақ емес –

Шетелдік хиті бар,

Бүгінгі жаңа қазақтың

Осындай бір сиқы бар.

 

Арақ туралы ой

Арақ адамды қызықтырады,

Мөлтілдеп тұнып тұрады...

Ұрттап алсаң бұзық қылады,

Әне, ішіп алған Шарапбек

Бірдеңені сүзіп құлады.

Есінен айырылған есалаң,

Жанұяда бүлік қылады,

Не біреуді ұрып тынады,

Не біреулерден таяқ жеп,

Бет әлпетін бұзып тұрады.

Ес жиғанда аузынан,

Перегары ұрып тұрады,

Басы болса сынып тұрады,

Бастың сынығын түзетуге,

Жүз грамм іздеп ұлып тұрады.

Мас кезде батыр болғанмен,

Сауыққанда бұғып тұрады,

Ағзаңызға кірген бұл арақ,

Ақыл-есті қуып шығады.

Ырқына мастарды көндіріп,

Өзіне ол бұрып тұрады,

Достыққа қол бұлғап шақырып,

Сықылықтап күліп тұрады.

Тәбетіңізді де жоғалтып,

Асқазанды тіліп тұрады,

Көңіл күйіңді қыздырғанмен

Өміріңді суық қылады,

Адал шындықтан алыстатып,

Жын-шайтанға жуық қылады.

Керемет, жақсы өміріңді,

Шашыратып былық қылады.

Арақпен көршілес қасыңда,

Шылым деген туыс тұрады.

Бір данасын шексең,

Миыңызды тынықтырады,

Үздіксіз тартсаң,

Өкпеңізді қуыс қылады.

Тыныс жолдарын тарылтып,

Қылқындырып, буып тұрады,

Оларға шығатын қарсы күш

Спорт деген бір ұлық тұрады.

Спортпен күнде айналыссаң

Денеңізді шынықтырады,

Көңіліңді тұнық қылады,

Дені сау адам әрқашан да,

Басқалардан биік тұрады.

Спортты сүйген азаматына,

Туған елі бас иіп тұрады.

Самат СЛЯМГАЗИН

ТАЛДЫҚОРҒАН

*****

Шіркін, Атыраудың ауасы-ай!..

Қыс қырауда Атырауда қар жауып, сәл де болса ауа жұтқандай болдық-ау... Жарықтық, оның да ғұмыры келте болды. Бар болғаны түске дейін. Түстен кейін бұлт арасынан көрініп қалған күннің көзі жылтыңдап ерітті де жіберді.

– Шаңсорғыштан қалған шаңды да қағып үлгермедік-ау , – деп мұңай­ды бәйбіше.

– Соған да шаршайтын болғансың ба, қыс енді ғана басталған жоқ па, қардың соңы осы деп пе едің? Аш есікті, аш! – деп қылғынды қожайын.

– Жоқ, ашпа, ойбай, ашпа! – деп безілдеді бәйбіше.

– Ей ең болмаса терезені ашсаңшы!

– Жоқ, болмайды ашуға!

– Мынаған не болды-ей сонша, үйдің ішін кішкене желдетіп, таза ауа кіргізгенде тұрған не бар?

– Ауа, қайдағы ауа? Атырауда ауа бар ма өзі? Таза ауа деп қояды, тіпті.

– Сонда, баяғыдан бері не жұтып жүрсің-ей? Өмір сүру үшін ауадан да басқа жұтып демалатын бір нәрсе бар ма деймін саған?!

– Бар, болғанда қандай: бензин, күкірт, газ, тағы не керек?..

– Сақтай гөр, ол дегенің у ғой у, оны жұтқан халықтың қалпы не болмақ?

– Алдымен организм уды сіңіріп, ештеңе ішпей, ештеңе шекпей-ақ бірде ауру, бірде сау дел-сал күйге ене­ді, содан соң жәймеңдеп оған да бойы үйренеді. Ал әбден еті өліп кет­кен адамның мұрны иіс сезуден қалады.

– Қой біз де бір күні ұйықтап ке­тіп оянбай қалып жүрерміз. Кем­пір, көшейік мұрнымыз иіс сезіп тұрғанда.

– Мен қай жетіскеннен жүр дей­сің... Қалай көшесің – балшығыңа дейін бауырмал, табаныңа жабысып­ тартып тұрады. Ән салғанда құла­ғың­ның құрышын қандыратын масасы өз алдына. Анау қара алтын мен тірі алтынды айтсайшы бәрінен бұрын... Қанша жыл асырады, қаншасын асырады десейші! Тек өзегіңді талдырып, көңіліңді қалдырып, қит етсе Ас­танаға қарай қашып, қала берді мұхит асып тайып отыратыны болмаса. Әй сонда да бар ғой, «елде болса ерінге тиеді» деп қалдығын жұ­тып қойып, өзімізше пейілімізді кең қыламыз. Сөйтіп, өз еңсемізді өзі­міз көтеріп, көшпек түгілі қонақ шақырамыз.

Ағайын, Атырауға келіңіздер! Мұ­найлы өлке – майлы орын, Жайықтың жағасындағы жайлы орын. Небір алпауыт зауыттардан шыққан «таза ауамен» тыныстаңыздар... Тек, қан қысымыңыз көтеріліп, инсульт соғып кетпес үшін противогаз киіп келуді ұмытпаңыздар!..

Гүлмира СҮЙЕКЕНОВА

АТЫРАУ

*****

Мойындау

Баламыз екеуміз жаңа оқу жылына дайындалып жатырмыз. Ең әуелі күнделік, белдік және бас ауруының дәрісін сатып алдым.

******

– Ауырсам да, ауырмасам да айына бір рет дәрігерге қараламын. Ол да ақша тауып өмір сүруі керек қой... Ол маған керекті дәрі-дәрмектерін жазып берген соң, дәріханаға барамын. Өйткені, дәріханашы да өмір сүруі керек... Дәрігердің жазып берген дәрілерін алған соң, сыртқа шығып лақтырып тастаймын.

 – Неге?

– Менің де өмір сүргім келеді ғой...

*****

– Арықтаймын деп жүріп, тарақанға айналып барамын.

– Қалай сонда?

– Түнде үйдегілерден тығы­лып тамақ жеймін, біреу жа­рық­ты жағып қалса, қашамын.

*****

Біреу естелік жазып отыр:

«Жеті жасымда бір кісі менің көз алдымда пойыздың астына түсіп қалды. Содан бері ешкімді шалып құлатпайтын болдым...».

*****

Жаңарған есімдер қоямыз

Осыдан алпыс жыл бұрын кіндік қаны тамған «Белгісіз» деген ауылға «Белгілі» қаласында тұратын Белгібай деген оқымысты сағынып жетті. Қалай сағынбасын? Елге белгілі боламын деп жүріп туған жері – «Белгісізді» ұмытып кетіпті... Оның үстіне әнеукүнгі жиналыста өзінің баласындай бастық бала:

– Жаңарып жатқанда, сілкініп жат­қан­да елдеріңе барып не қарекет жасап жатқандарың жөнінде бір есеп бе­ріңдер. Әншілер, ақындар әндерін ай­тып, өлеңдерін оқып, рас-өтірігін кім білсін, «Сонау шетелге шықсам да, бір бүйірімде сен тұрасың» – деп сай­рап жатқанда, сендердікі не тұрыс? Ба­рыңдар! – деген сөзі де қамшы болып кетті.

Жерлестері Белгібайды кішкентай ауыл­дың кішкентай клубында жақсы­лап тұрып қарсы алды. Сахна төрі­не «Ауылымыздан шыққан жалғыз оқы­мыстыға жалынды сәлем!» деп жазып та қойған екен. Сөз Белгібайға берілді.

– Қадірменді жерлестер! – деп қы­рылдаған дауысымен оқымысты Бекең сөз бастады. – Қайда жүрсем де «Бел­гісіз» ауылы бір бүйірімде тұрады. Мына алда отырған кемпірлер, то-есть замандастарым сендерді ойлағанда ешкімге білдіртпей жылап та аламын.­ Бүгін сендердің алдарыңда осы жасқа келгенге дейін көзім суалып, шашым ағарғанша ізденіп жазған ғылыми еңбегімді баяндағалы келіп тұрмын. Осы еңбегіммен «Белгісіз» ауылын әлемге белгілі жасаймын ба деген де ой тұр. Тыңдасаңдар баяндайын.

Бұрын ешкім зерттемеген тақырыпты зерттедім. Ол – жер-жаһандағы ха­лық­тың, қала берді көктегі де, жер­дегі де аң-құстардың, тіпті адам білмейтін планетаның да атауларын­ біз­дер жекешелендіріп алыппыз. Бұл – ұлылық, бұл – күштілік! Әрі қарай тарқатайын. Әмір Темір бабамыз соғысқан піл мінген елден Гапур, Индира, Зита-Гита, тағы басқа да есімдерді тартып алдық. Алып елге де қол создық. Джек, Саманта, Эрик... Ну орман орысты да өзімізге қараттық. Ирина, Света, Оля, Андрей... Ал белгісіз планеталарды аспаннан іздеп неғыламыз? Қасымызда жүр ғой – Марс, Венера... Бұл бұл ма, аң-құстар да жапан далада жортып жүрген жоқ, ауылдың ішінде жүр. Бұғыбай, Қасқырбай, Түлкібай, Қарсақбай, Киікбай, Қоянбай... Жыл атауы да, апта атауы да біздің еншімізде. Яғни жекеміз. Бұл өз алдына, ұлыларға да қол салдық, қол салғанда мол салдық. Әлемнің данышпандары да, қиялилары да әр ауылда өріп жүр... Тіпті Бен Ладеннің бар екенін де мақтанышпен айтуға болады.

– Қадірменді жерлестерім! – деп оқымысты Белгібай әңгімесін әрі қа­рай жалғастырды. – Осының бәрін зерт­тей келе соны бір қорытындыға тоқ­талдым. Сол қорытынды ауылым­нан қолдау тауып, оны бүкіл ел қолдаса ұлы жаңалыққа айналғалы тұр. Сондай-ақ бұның тағы бір пайдасы бар екені көрінгелі тұр. Ол – неге біздер жер-жаһаннан есім іздеп әуре боламыз? Одан да сөздік қорымызда әзір тұрған сөз­дерді, соның ішінде қос сөз, біріккен сөз, тұрақты сөз тіркестерді есімімізге пай­даланбасқа?.. Бұның пайдасы – өшіп бара жатқан тіліміз қайта түлейді әрі айтуға да ыңғайлы. Байқасаңдар ұсқындары өзімізге ұқсас халықтардың есімдері бір-екі әріптер болып келмей ме? Ал біздің жаңаша есімдеріміз бұған қарағанда, әлдеқайда мағыналы болады деп ойлаймын.

Мәселен, «Ым Жым». Есімі – Ым, тегі – Жым. Қызметке кірер­де түйіндемеде шұбыртып тегіңді жазып жатпайсың әрі сұраса тақ етіп айта саласың. Сонымен қатар бұл есімнің көп мәні бар. Фирмаға жұмысқа кірерде бастығына «Ым Жыммын» десең түсіне қойып, бірден жұмысқа қабылдай қоюы мүмкін. Тағы бір есім – «Сыбыр Күбір». Айтуға жеңіл есім. Бірақ фирма бастығы бұл есімнен қашқақтауы сөзсіз... «Қисық Қыңыр». Жақсы есім-ау, бірақ бұл есімді иеленген адам қиындыққа тап болары сөзсіз... Енді мына жаңа есімнің тағдыры әрқалай болуы мүмкін. Ол есім – «Түйені түгімен, Пойызды жүгімен...» Бұл есімді иеленген адам Канар аралына да, «Қамау» аралына да демалысқа барып қалуы мүмкін... Менің жерлестерім, бұл есімді балаларыңа ойланып қойыңдар, – деп Белгібай залға бір қарап қойды.

– Тағы басқа да тіліміздің сөздік қорынан алынған жаңа есімдер бар­шы­лық. Мағынаға да, мазмұнға да бай, айтуға оңай – «Қиду-Шиду», «Әлем-Жәлем», «Тарпаң-Тарпаң», «У-Ду», «Ию-Қию». Оған уақыттарыңды алмайын. Өрістен мал келетін уақыт келіп қал­ғанын сезіп отырмын. Мына жина­лыс­тан кейін сендерге осы ғылыми ең­бегім жазылған кітапты сыйға тартамын. Оқып таныса жатарсыңдар. Сон­дықтан бұл жаңалық бізге қандай нә­тиже береді? Соған тоқтала кетейін, – деп графиннен су ішіп, тамағын жі­бітіп алған Белгібай баяндамасын әрі қарай сабақтады. – Жылдар өтеді. ХХІ ғасыр да бітер, ХХІІ ғасыр да жетер...

Сол кездегі ұрпақтар ойланары сөзсіз. «Ауылымыздың атауы – «Белгісіз». Бірақ осы ауылдан Белгібай деген оқы­мыс­ты бабамыз есімді жаңаша қою туралы жаңалық ашыпты. Сол есімдерді біздің ата-бабаларымыз иеленіпті. Неге біздер енді көшелерімізге сол бабаларымыздың есімдерін қоймасқа?» – деп ұсыныстар айтары анық. Сонда ауыл көшелері «Ым Жым», «Сыбыр Гүбір», «Түйені түгімен, Пойызды жүгімен...», «Қисық Қыңыр», тағы басқа осындай есімдермен аталып жатса, ұрпақ сабақтастығы жаңғыра түспей ме? Олар да «Мың бір есім» деген атау­мен біздің ісімімізді жалғастыра ма деген ой тұрады , – деп Белгібай-Бекең баяндамасын аяқтады.

Кішкентай ауылдың кішкентай клубының іші ду қол шапалақ үніне толып кетті. Шүйкедей бір қара кемпір сахнаға шығып:

– Белгібай екеуміз бүгінде ауыл шетінде тапау болып қалған бастауыш мектепте бірге оқып едік. «Белгісіз» ауылын әлемге әйгілейтін жаңалық ашыпты. Үйдегі келін бесіншіге аяғы ауыр, доғдырлар егіз деп айтып жүр. Сондықтан аман-есен қол-аяғын бауырына алса, ырым болсын, жаңа «Қанар» дедің бе, «Қамау» дедің сол жаққа демалуға жазсын! деп егіз немерелерімнің біреуіне – «Түйені түгімен», екіншісіне – «Пойызды жүгімен» деген есімді қоймақшымын, – деп баяғыдағы сыныптасының май бетінен сүйіп алды.

Клуб іші: – Айтқаның келсін! Тілеуіңді берсін! «Белгісіз» ауылы жасасын! Жаңа есімдер мәңгілік болсын! – деген дауыстармен жаңғыруда...

Серік ЖҰМАҒАЛИЕВ

Батыс Қазақстан облысы

*****

БАЛА ТІЛІ –  БАЛ...

Атасы немересіне:
– Балам, – деді, – бір талдың басында алты торғай отыр. Оның біреуін бұзақы бала атып түсірді. Сонда қаншасы қалады?
– Біреуі де қалмайды?
– Неге? Бесеуі қалмай ма?
– Жоқ... қалмайды. Біреуін атып түсіргенде, қалған бесеуі бізді қашан атар екен деп күтіп отыра ма? Олар ұшып кетеді.
*  *  *
Теледидардан үндістер туралы фильм болып жатыр екен. Баласы әкесінен:
– Әке, үндістер неге бетін бояйды? – деп сұрапты.
– Олар соғысқа дайындалып жатыр, балам, – деп түсіндіріпті әкесі.
Ертесіне баласы жүгіріп келіп:
– Әке, апам соғысқа дайындалып жатыр! – десе керек.
*  *  *
Қалада өскен бала алғаш ауылға келеді. Қызықтап жүріп, қашан көрсе де күйіс қайырып тұрған сиырдың аузына үңіліп қараумен болады.
Мұнысын байқаған қожайын оған:
– Жақсы сиыр, ә? – деп қалады.
Сонда бала:
– Бұл сиырды асырау үшін көп ақша­ңыз кететін шығар, өйткені күні-түні көп сағыз шайнайды екен... – депті.
*  *  *
– Шеше, әкем келе жатыр! Алдымен сіздің сатып алған көйлегіңізді көрсетеміз бе, әлде менің күнделігімді ме?! – деген екен баласы.

 

Мүйісті жүргізетін Берік САДЫР

Соңғы жаңалықтар