Әдебиет • 01 Маусым, 2018

Т.Жүргеновке арналған әдеби байқаудың жүлдегерлері анықталды

1152 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Бо­ла­­шаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты ма­қа­­ласының бір жылдығы және Астана қала­сы­ның 20 жылдығына арналған «Нұр Отан» пар­тиясы Медеу аудандық бөлімшесінің қол­дауымен Қазақстанда саяси қуғын-сүргін және ашар­шылық құрбандарын еске алу күніне орай «Темірбек Қараұлы Жүргенов» қоғамдық қоры, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясымен бірлесе отырып, республика көлемінде жазба ақындар мүшәйрасы және прозаиктер арасында әдеби байқау жариялаған болатын. Бұл әдеби бәйгелер Т.Жүргеновтің туғанына 120 жыл толуына бай­ла­нысты ұйымдастырылған еді. 

Т.Жүргеновке арналған әдеби байқаудың жүлдегерлері анықталды

Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың «Бо­лашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақа­ла­сын­да айтылған «Туған жер» бағдарламасын орын­даудан туындаған игі бастама әдеби байқаулардың ортақ мақсатына айналды. Елбасы онда: «Әрбір өлкенің халқына суықта пана, ыстықта сая болған, есімдері ел есінде сақталған біртуар перзенттері бар. Осының бәрін жас ұрпақ біліп өсуге тиіс» деп атап көрсеткен еді. Президенттің бұл сөзі бір ғана жылдың еншісіндегі мәселе емес. Бұл үнемі атқарыла беретін ізгі борыш, сондықтан бұл мүшәйра мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту, тіл мәдениетін көтеру, көркем әдебиетті насихаттау мақсатында өткізілген-ді. Тақырыптары да әр әлуан болды. Негізінен, Темірбек Жүргеновтің саяси көзқарасын, оқу-ағарту және мәдениет саласындағы жұмыстарын, әдеби, публицистикалық мұра­сын өлең арқылы ұрпаққа насихаттау, тә-
у­елсіз Қазақстанның «Мәңгілік ел» ұлт­тық идеясынан туындайтын қазақ тари­хын­да қалдырған ерен еңбегін жырлау, Те­мірбек Жүр­геновтің еңбек­терінде кез­де­­сетін рухани ұлттық мұра­мыз бен елдік-ер­лік құн­ды­лық­тарымызды ұлық­тау, оның ре­прессия құр­баны болғанын өлең­ге қосу ар­қы­лы, қазақ халқының басына нәу­бет боп төн­ген жылдарды ұрпақ санасында ­жаңғырту ақын­дар мен жа­зу­шыларға ортақ идея ретінде ұсы­нылды.
Алаш қайраткері Темірбек Жүргеновтің рухына арналған жыр мүшәйрасы мен проза бағытындағы байқауға 14 ақыннан 23 өлең, ал 8 жазушыдан 9 шығарма келіп түскен болатын. Белгілі қаламгерлер қазылық жасаған әдеби бәй­генің қортындысы кеше саяси құрбандарды еске алу күнінде жарияланып, жеңімпаздарға жүлде табысталды.

Республикалық ақындар мүшәйрасының ІІІ орны және 100 мың теңге сертификат үш ақынды: Ибрагим Бекмаханов, Шағыр Қайыр­бек және Асхат Аймағамбетовті қуант­ты. Әрқайсысы 150 мың теңге сыйлық пен ІІ орынды Асылай Ниязбаева мен Жет­керген Әбдіреұлы бөлісті. Ал І орынды 200 мың тең­ге сый­ақымен Толыбай Абылаев иеленді. Рес­пуб­ли­калық ақындар мүшәйрасының бас жүлдесі Қажи Серікжанға 300 мың теңге сыйақымен қоса табысталды. 

Республикалық прозаиктер байқауының ІІ орны Бекболат Бекмұратұлына (150 мың теңге), І орын және 200 мың теңге сыйақы «Темірбекті атқан жендет» әңгімесінің авторы Ертай Айғалиұлына берілді. «Темірше» ат­ты әңгіме жазып бас жүлденің иегері атан­ған белгілі жазушы Айгүл Кемелбаеваға «Темір­бек Жүргенов» қоғамдық қорының төрағасы, қа­зы­лар алқасының төрағасы Сапен Аңсатов 300 мың теңге сыйақы табыстады.

Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ