Қазақстан • 01 Маусым, 2018

Астанада балалар мен жастардың музыкалық оркестрлері мен ансамбльдерінің шеруі өтті

732 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

1 Маусым Халықаралық балаларды қорғау күніне орай Астанада балалар мен жастардың музыкалық оркестрлері мен ансамбльдерінің шеруі өтті. Шеру Білім және ғылым министрлігі жергілікті атқарушы органдардың және басқа қызығушылық танытқан ұйымдардың қолдауымен ұйымдастырылды. 

Астанада балалар мен жастардың музыкалық оркестрлері мен ансамбльдерінің шеруі өтті

Бір айта кетерлігі, барлық білім беру ұйымдарын біріктіретін республикалық дәстүрлі шеру бір уақытта еліміздің барлық өңірлерінде өтті.

Шара «Мәңгілік Ел» жалпыұлттық идеясын іске асыру аясында балалар мен студенттердің шерулік және фестивальдік жүріп өтуін қолдау және дамыту мақсатында ұйымдастырылған. Жиынға Астана қаласының төрт әкімшілік ауданының оқушылары мен қосымша білім беру, сондай-ақ орта білім беру мекемелерінің педагогтары, жоғары және орта арнаулы оқу орындарының студенттері қатысты.

Салтанатты жиынды ашқан Білім және ғылым вице-министрі Талғат Ешенқұлов жиналғандарды Халықаралық балаларды қорғау күнімен құттықтап, өзінің игі тілегімен бөлісті.

«Балалар мен жастардың музыкалық оркестрлері мен ансамбльдерінің шеруі былтырдан бастап еліміздің барлық өңірінде тұрақты түрде өткізіліп келеді. Былтырғы жылы шеруге 100 мыңнан астам балалар мен жасөспірімдер қатысқан болса, биылғы шараға республиканың барлық білім ордалары мен ЖОО-дан 527 мыңнан аса бала белсенділік танытты. Еліміздің мәдени өміріндегі айтулы шара барлық облыстарда бірдей уақытта өтеді. Шеруге жалпы саны 5 мыңнан астам білім ордалары қатысады. Олардың ішінде Астана қаласы бойынша 7 мыңнан астам бала бар» - деді вице-министр.

Мерекеге орай ұйымдастырылған музыкалық шеру Астана қалалық әкімдігінің алдында басталып, Абай даңғылы мен Кенесары көшелерін бойлай, орталық алаңда аяқталды. Шара барысында барабаншылар отряды, үрмелі оркестрлер мен ансамбльдер, мажореткалар, черлидерлер, хор және би ұжымдары өз өнерлерін ортаға салды.

Ауқымды шараға қатысу үшін әр мектеп үздік оқушыларды таңдап алып, бір айға жуық дайындалды. Шеру балалар мен жастардың музыкалық мәдениетінің деңгейін арттыру, патриоттық сезімін қалыптастыру, республиканың оқу орындарының беделін көтеру және жарнамалауда үлкен рөл атқарады. Шеруге қатысушылардың бірі мектеп оқушысы Қарабаева Камила бүгінгі шара өзіне үлкен мерекелік көңіл күй сыйлап, жаңа достар табуға көмектескенін айтты.

Шеруді дайындауға оқушылар, студенттер, мектеп мұғалімдері, колледждер мен ЖОО-ның оқытушылары, ата-аналар мен мәдениет және спорт өкілдері белсене атсалысты. Сондай-ақ, шеру еліміздің мәдени өміріндегі айтулы оқиғалардың біріне айналды. Керемет музыкалық репертуар, алуан түрлі аспаптар, сан түрлі өнерді біріктірген бағдарламалар мен көздің жауын алатын бірыңғай әсем киімдермен безендірілген шеру балалар мерекесінің көркін келтірді.


Мәдина ЖӘЛЕЛҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан»