Аймақтар • 01 Маусым, 2018

Қырымбек Көшербаевқа құрметті атақ табысталды

529 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Батыс Қазақстан облыстық мәслихатының шешімімен облысты 2000-2003 жылдары басқарған Қырымбек Көшербаевқа «Батыс Қазақстан облысының құрметті азаматы» атағы берілген болатын. Бүгін оралдық делегация Қызылорда қаласына арнайы барып, марапат иесіне құрметті атағы мен облыс әкімі Алтай Көлгіновтің Алғыс хатын табыс етті.

Қырымбек Көшербаевқа құрметті атақ табысталды

Делегацияны Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Ғабидолла Оспанқұлов бастап барды.

«Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың өңірлерді дамыту туралы бағдарламаларын орындау мақсатында Ақжайық өңірінде атқарған адал еңбегіңізді батысқазақстандықтар әрдайым жоғары бағалайды. Облыстың «Құрметті азаматы» атануыңыз – өңірімізде қалған «Көшербаев қолтаңбасының» қоғамдық мойындалуы. Жаңа мыңжылдықтың бас кезінде Орал өңірінің гүлденуіне қосқан үлесіңіз үшін Сізге өңір тұрғындарының атынан алғыс білдіремін» делінген А.Көлгіновтің құттықтауында.

Қырымбек Көшербаев та Ақ Жайық жұртына өз ризашылығын жеткізді.

- Ақ Жайық өңірі жасарып жаңаруда, қарқынды дамуда. Елбасының сарабдал саясатын іске асыру мақсатында Батыс Қазақстанның мәртебесі биік болсын! Осындай шешім қабылдаған облыс әкімдігіне, Алтай әріптесіме, облыстық мәслихаттың депутаттарына, Ақ Жайық өңірінің барлық азаматтарына басымды иіп рахметімді айтамын. Қазақта «Сыр – Алаштың анасы, Сыр – Алаштың панасы» деген сөз бар. Осындай киелі де қасиетті, Қорқыт баба жерінен сәлемімді жеткізіңіздер, - деді Қырымбек Көшербаев.

Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ

«Егемен Қазақстан»

Батыс Қазақстан