Аймақтар • 02 Маусым, 2018

Ақтөбедегі «Аналар үйінде» тұсаукесер рәсімі өтті

835 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

1 маусым - Халықаралық балалар қорғау күні мерекесінде Ақтөбе қаласындағы Аналар үйіндегі Айлин есімді кішкентай бүлдіршіннің тұсауы кесілді.

Ақтөбедегі «Аналар үйінде» тұсаукесер рәсімі өтті

«Аналар үйінің» қызметкерлері бір жасқа толған баланың тұсауын дәстүріміз бойынша елге сыйлы, белгілі азаматтарға кестіреді. Бұл жолы тәй-тәй басуға ұмтылған кішкентай сәбидің тұсауын Ақтөбе облысы «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының директоры Нұрлыбек Мұқанов кесті. Шашу шашылып, барлық кәделер жасалды.

«Баланың әр жетістігін көру зор қуаныш. Тұсаукесер де осындай ұлтымыздың ұлағатты салтының бірі. Сәбилеріміз сүрінбесін, әрқашан жолдары болсын! Барлық сәби бақытты болсын!» -деп Нұрлыбек Мұқанов бата берді.

Аналар үйіне түрлі қиын жағдайларға душар болып, баласын жалғыз тәрбиелеуге мәжбүр болып отырған келіншектер қабылданады. Бүгінгі күні мұнда 11 ана мен 11 бүлдіршін тәрбиеленуде. Бұл жерде әйелдерге моральдік, психологиялық көмек беріліп, олардың өмірден өз жолын табуына ықпал ету мақсатында массаж, шаштараз, аспаз, тігінші секілді мамандықтар бойынша әртүрлі курстар өткізіледі.

«Біз әрбір балаға салт-дәстүрімізге сай жоралғыларды жасауға тырысамыз. Осында шілдехана, бесік той, тұсау кесер өткізіледі. Біздің негізгі қызметіміз – балалардың жетім қалуын болдырмау. Сәбилердің аналарының қасында болуы үшін барлық жағдайды жасаймыз»,-дейді Аналар үйінің үйлестірушісі Таңсұлу Лақова.

Ақтөбедегі Аналар үйінің демеушісі-өңірімізден шыққан белгілі меценат, «Алтын қыран» компаниясының президенті Исламбек Салжанов. Ол осы орталықтың барлық төлемі мен шығындарын өтеп, аналарға қажетті жабдықтармен толық қамтамасыз етеді. Таңсұлу Лақованың айтуынша, одан бөлек облыстың кәсіпкерлері де қолдарынан келгенше көмек беріп тұрады екен. Айталық, бүгін «Батыс даму жол» ЖШС қызметкелері қамқорсыз қалған аналар мен балаларға қажетті азық-түлік, жөргектер мен ойыншықтарды сыйға тартты. Өз кезегінде «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының қызметкерлері орталықтағы аналарға кәсіпкерлік негіздерін үйретіп, олардың кәсіпкерлікпен айналысуына қолдау білдіріп отырады.

Темір Құсайын, 

«Егемен Қазақстан» ​​​​​​​

Ақтөбе