Үкімет • 07 Маусым, 2018

Әйелдер кәсіпкерлігі жедел дамып келеді

322 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Үкімет үйінде кеше Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықованың төрағалығымен Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның кезекті отырысы өтті.

Әйелдер кәсіпкерлігі жедел дамып келеді

«Елбасы Н.Назарбаев қазақ­стандық отбасылардың әл-ауқатын арттыруға және олардың баспаналы болуына баса назар аударады. Осы орайда Президенттің «7 – 20 – 25» бағдарламасын бекітуі осы маңызды мәселеде көптеген қазақстандықтардың баспаналы болуына деген қамқорлығы­ның көрінісі. Бағдарлама қатар­­дағы қазақстан­дық отбасылардың тұр­ғын үйге қолжетімділігін арт­ты­рады. Сонымен қатар Мем­ле­кет бас­шысының тапсырмасы бо­­йынша 2017 жылдан бастап «Нұрлы жер» бағдарламасы жүзе­ге асырылуда.

Оның басты опе­раторларының бірі – Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі. «Нұрлы жер» бағдарламасы бо­йынша жыл сайын 10 млн шаршы метрден астам тұрғын үйді пайдалануға беруге мүмкіндік туып отыр. Осы орайда бұл бағ­дарламаларға әйелдердің қатысуы ұлттық комиссияның ерекше назарына алынады», деді отырысты ашқан Г.Әбдіқалықова. Мемлекеттік хатшы «Нұрлы жер» бағдарламасының ипотекаға қол­жетімділік, жалға берілетін және коммерциялық тұрғын үйлер салу, үлестік құрылыс мәселелерін шешу мәселесіне бағытталып отыр­­ғанына кеңінен тоқталды.

Отырыс барысында «Даму» кәсіп­керлікті дамыту қорының өкілі Абай Сарқұлов журналистерге берген сұх­батында ел экономикасындағы орны ерекше әйелдер кәсіпкерлігі жедел даму үстінде екенін жеткізді. Бұл – Азия даму банкі, ЕҚДБ секілді халықаралық институттардың мақсатты түрде әйелдер кәсібін дамытуға қолдау көрсетуінің нәтижесі. 2010 жылдан бастап әйелдер кәсіпкерлігін шағын несиемен қамту бағдарламасы бойынша жеңілдетілген шарттармен 1654 адам жалпы сомасы 14,3 млрд теңге мөлшерінде несие алған.

Сонымен бірге «Даму» қоры да «Бизнестің жол картасы-2020», «Еңбек» бағдарламалары бойынша әйелдерді қолдайды. Осы орайда айта кетер жайт, жылдан-жылға кәсіпкер әйелдер саны артуда. «Олар көбіне кондитерлік салада, нан және тоқаш өндірісі саласында  кәсіп ашады. Денсаулық сақтау саласында, сұлулық салондары мен тігін ательесін ашу бойынша да жобалар көп. Әйелдер өзі ашқан кәсіптерін өте сауатты және ұқыпты, жауапты жүргізеді», деді ол.

Бұдан соң Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы аясында ауылдық жерлердегі кәсіп­кер әйел­дерді қаржылық және қар­жылық емес тетіктер арқылы қолдауды қамтамасыз ету мәсе­лесі талқыланды. Ауыл шаруашы­лығы вице-министрі Рүстем Құр­манов бағдарлама арқылы ауыл­дық жерлердегі кәсіпкерлер қар­жы­лан­дырылып жатқанын жеткіз­ді. Оның айтуынша, өткен жылы бұл бағдарламаның бюджеті 27 млрд теңгені құрап, кәсіпкерлерге 6,7 мың несие берілсе, оның 2,3 мыңын кәсіпкер әйелдер алған. «Біз екі бағыт бойынша қаржы­лан­дырамыз, яғни ауыл шаруа­шылығына қатысты және ауыл шаруашылығына қатысы жоқ бизнес болып бөлінеді.

Атап айтқанда, бизнестің ауыл шаруашылығына қатысы жоқ бизнес түрлері бо­йынша несие­лер­ді негізінен әйел­дер алады. Әрине олардың ауыл­дағы инфрақұрылымды дамытып жатқандығы қуантады. Бұл ретте шаштараз, тігін салондары, наубайханалар ашылуда», деді ол. Сондай-ақ «Атамекен» ҰКП-мен бірге «Бастау Бизнес» жобасы жүзеге асуда. Ол ауыл­дық жерлердегі өз-өзін еңбек­пен қамтушылардың және жұмыс­сыздардың экономикалық бел­с­енділігін арттыруға бағыт­тал­ған. Жоба бойынша 14 облыстан барлығы 15 мың адам оқытылса, оның 41,5 пайыздық үлесі әйелдер еншісінде екен.

Отырыс соңында Мемлекеттік хатшы Г.Әбдіқалықова мемлекеттік органдарға бірқатар нақты тапсырма берді.

Венера ТҮГЕЛБАЙ,

«Егемен Қазақстан»