Өнер • 07 Маусым, 2018

Елорда: елдікті әйгілеген ескерткіштер

801 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Елдігіміздің айғағындай болып елорда тарихымен егіз өріліп, бірге жасасып келе жатқан еңселі ескерткіштердің көр­кемдік әлемімен таныссақ, оқырмандарымызды таныстырсақ деген игі тілегіміздің орындалу сәті маусым айы­ның алғашқы күндерінің біріне орайласты. Мақсатымыз мағыналы жүзеге асуы үшін өнер туындылары жайлы өрелі әңгіме қозғап, қала көшелерін бізбен бірге аралауға ниетті серіктес іздедік. 

Елорда: елдікті әйгілеген ескерткіштер

Көп ойланбастан-ақ таң­дауымыз – Астана қаласы Суретшілер одағының төрағасы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жанұзақ Мүсәпірге түсті. Жауапты қызметке жақында кіріскен өнер иесі біздің ұсынысымызды қуана қолдады. Межелі уақыт­та келісілген жерде кейіпкермізбен кездесіп, ескерткіштер әлеміне үңілуге асыға аттаныстық. Одақ төрағасы жалғыз емес екен. Бізбен сапарлас болуға Астана қалалық ескерткіштерді қорғау жөніндегі дирекция бас­шысы Мейрамбай Оралов пен бас қала төріндегі «1932-1933 жылдардағы ашаршылық құрбандарына тағзым» еңселі ескерткіш-монументінің авторы Валерий Пирожков та ниеттестік танытты. Орта толып, елдіктің еңселі ескерт­кіштері хақында көшелі әңгіме қозғауға жиналған кейіпкерлерімізге еріп, Астана көшелеріне саяхатымызды бастап кеттік.

– Қала төрінде қазірдің өзінде 50-­ден аса монументалды ескерткіш бой түзеп үлгеріпті. Бұл 20 жылдық та­рихы бар қала үшін аз емес. Тіпті үл­кен жетістік деп айтуға әбден лайық. Оның арасында Керей мен Жәнібек, Қан­жығалы Бөгенбай батыр, Кенесары хан, Абай, Сәкен Сейфуллин, Жамбыл Жа­баев, Бауыржан Момышұлы, Әлия Мол­дағұлова, Рақымжан Қошқарбаев сынды батыр тұлғаларымызға қойыл­ған ескерткіштерден бөлек, елді­гі­міздің еңселі ертеңіне сеніммен көз­ тіккізетін «Қазақ елі» монументі мен «Мәңгілік ел» қақпасы да өзінің сән-­салтанатымен, айбынымен әсем Аста­намыздың сұлулығына сұлулық үстеп тұрғандай.

Ескерткіш деген қашалып қойыла салған жансыз тас емес. Егер сырын түсініп, көркемдік әлеміне көз тіге алса, ескерткіштің де айтар ойы мен жеткізер сыры мол. Ескерткіш – тарих, шежіре. Елордамыздың өнер тілі арқылы тарихын түгендеуге, өткенін ұлықтауға ұмтылып жатқаны жас қаланың бүгіншіл мақсатпен емес, ертеңшіл мұратпен тарихын қа­лып­тастырып келе жатқанын әйгі­лейді. Бұл – әсіресе жастарымыз үшін үлкен тағылым, тәрбие, – дейді Ас­тана қаласы Суретшілер одағының төрағасы, белгілі қыл­қалам шебері Жанұзақ Мүсәпір.

Жол қысқартсақ деген ниетте әңгіме қозғаған кейіпкеріміздің сөзі көлі­гіміз «1932-1933 жылдардағы ашар­шылық құрбандарына тағзым» ес­керт­кіш-монументінің қасына келіп тоқ­тағанда үзіліп кетті. Ендігі назарымыз тарихымыздың ақтаңдақ беттерінен ауыр сыр қозғайтын алып композицияға ауды. Төл туындысына қарай өзі жол бастаған ескерткіш авторы Валерий Пирожков: «Өнер оңай тумайды ғой. Оның үстіне тарихтың тау­қыметті кезеңін бейнелейтін ауыр тақы­рыпты ашу әлбетте біраз ойлануды, толғануды талап етті. Ең алғаш жұмысты қолға алған кезде «бұл туын­дыда басты идея не болуы керек, ең әуелі неге назар аударуым керек?» деген сауал қойдым өзіме өзім. Сөй­тіп ескерткіштің мазмұнын үміт деген ұлы күшпен байланыстырдым. Та­рих­тың небір тарам жолдарында, тау­қыметті кезеңінде адамдарды аман алып қалған, келешегіне деген сенімін жо­ғалтпауға иландырған жалғыз күш үміт болатын.

Үмітін үзбей, бо­ла­шағына сеніммен көз тігуінің арқа­сында қазақ елі талай тауқыметті кезеңді артқа тастап, бүгініне жетіп отыр. Сондықтан да мен жұмысыма үміт­тің символдық белгісі ретінде баланың бейнесін алдым. Бала – үміт. Келешегіне үмітпен көз тігіп, пер­зентіне болашақты нұсқап тұрған Ана бейнесі өткен мен бүгінді байланыс­тырушы алтын көпір десек те болады. Ал артқы пландағы ақсақал бастаған бір қауым ел – ол аруақ, нәу­бет жылдардың құрбаны, яғни тарих. Осы үштік арқылы өткеніміз, бүгі­німіз және ертеңімізді жалғайтын тари­хымыздың тұтастай панорамасын жасап шыққым келді. Өздеріңіз кө­ріп тұрғандай, бұл жерде ақсақал мен ана бейнесі басқа материалдан жасал­ған да, баланың мүсініне өзгеше рең бе­рілген. Себебі бала – бүгініміз және ке­лешегіміз. Ол – реалистік әлемдегі біздің өзіміз, яғни болашаққа деген үмі­тіміз бен сеніміміз. Сондықтан да аруақ­тарды өзгеше түс пен формада бердім де, баланы басқа реңкте бей­неледім», деп автор туындысының негіз­гі идеясын түсіндіріп өтті.

Аталған ескерткіш 2012 жылы Ел­басы Нұрсұлтан Назарбаевтың қаты­суымен ашылған болатын. Өзінің 20 жыл­дық тарихында Астана төрінде бой көтерген өткеннің сан тарам бет­те­рінен сыр шертетін мұндай ес­керт­кіштер өте көп. Соның бірі – қу­ғын-сүргін жылдары жазықсыз айып­талып, атылып кеткен қазақтың бір­туар сыршыл ақыны Сәкен Сей­фул­линге қойылған ескерткіш. Сә­кен Сейфуллин мұражай-үйінің қасы­нан орын тепкен бұл ескерткіш – ел тәуел­сіздік алған жылдары бой көтеріп, Ас­тананың тұтастай тарихы мен өсіп-өр­кендеу жолына куәгер болып келе жат­қан жәдігерлердің бірі. Туынды авторы Азат Баярлиннің айтуынша, ақын бейнесін барынша лирикалық план­да бейнелеуге тырысыпты. Шы­ғар­­ма­шылық шабыт үстінде келе­шегіне сенім­мен көз тігіп отырған ақын жаны­ның сыршыл да сырбаз болмысына басымдық берілген бұл ескерткіштің орна­ласу орны дәл сондай атмос­фераға сұранып тұрғанын атап өтті.

«Өздеріңіз білетіндей, Сәкен Сей­фул­лин  өте сыршыл әрі эстет адам болған. Ол кісінің сұлулығына, ішкі тереңдігіне әйел заты түгілі ер адам­дар да сүйсіне қарайтындығы көзкөргендер естелігінде жиі айтылып, жиі жазылады. Архивтерден табыл­ған фотосуреттері де соны айта­ды. Сон­дықтан да мен ақын бей­не­сін трибунада тұрған қайраткер міне­зінде емес, еркіндеу қалыптағы ой үстінде отырған шығармашылық ада­мының сыршыл кейпінде бейнелеуге басымдық бердім», дейді автор.

Рас, Астана төрінде батырларымыз­ға, қайраткер тұлғаларымызға арналып бой көтерген ескерткіштердің көпті­гі көңіл қуантады. Бұл қаланың кел­­бетін көріктендіріп қана қоймай, ке­ле­шек ұрпақты өткенінен өнеге алып, тарихын құрметтеп өсуге тәр­­бие­лейді. Бізді Бөгенбай батыр­ ескерткішінің қасынан қарсы алған туынды авторы, мүсінші Тоқ­тар Ерме­ков және Керей мен Жәні­бек хандарға арналып қойылған ескерт­­кіш жанынан жолықтырған мүсін­ші Мұрат Мансұровпен кездесу ба­рысындағы шығармашылық ие­лерінің әңгі­мелерінен түйген ортақ ой осы болды.

Қала төрінде қаз-қатар бой түзеген тұл­ғаларға арналған ескерткіштерге көз тігіп, көңіл қуанта жүріп, ішкі қалауы­мыз әлдебір символдық ма­ғы­наға, астарлы ойға негізделген абс­трак­тілі, эстетикалық талаптарға сай ту­ған ескерткіштерді көруге деген тілекке ауысқанын аңғарған сәтте, көкей­ге кептелген сауалымызды Ас­тана қаласы Суретшілер одағының төрағасы Жанұзақ Мүсәпірге қойып үл­гер­дік.

–  Өнер болған жерде сантараптылық болғаны әлбетте өте жақсы. Себебі нағыз өнер қалыпқа сыймайды, тап­таурын­дылықты сүймейді. Сондық­тан да қала төрінде бой көтерген ескерт­кіш­тердің мағыналық, мазмұндық идео­логиясымен қатар, көрушісіне шын мәнінде өнер деңгейіндегі рухани ләззат сыйлай алатын еркін тақы­рыптағы мүсіндердің де бой көтеруіне көзқарасым оң. Мәселен, Ерболат Төлеп­байдың «Ғашықтар» деген ескертк­ішін алып қарайықшы. Кезінде осы ескерткіш біраз сынға да ұшырады. «Жалаңаштанған» деп жазғырылды да. Бірақ кәсіби суретші ретінде мен­ ай­тылған сындарға келіспеймін. Өнер туындысына өнер талабымен, эсте­тикалық талғам өлшемінде қарау керек деп ойлаймын. Осы талап тұрғысынан келгенде, «Ғашықтар» – өте сәтті туын­ды.

Мәселен, Флоренциядағы Мике­ланджелоның әйгілі «Давидін» көруге әлем бойынша туристер ағылып барады. Себебі ол ескерткіште бүкіл адамзатқа ортақ сұлулық суреттелген. Сонысымен де ол туынды­ жаһан назарын өзіне бұрғызды. Елорда келешектің қаласы екендігін ескерсек, біз де осындай күллі ға­ламның назарын өзіне аударатын, мәңгілік тақырыптарды қозғайтын өлмейтін туын­дыларды өмірге әкелуге ұмтылуы­мыз керек. Сонда көрушінің де талға­мы қалыптасады, адамның табиғи сұлу­лығына «жалаңаштанды» деп үрке қарамайтын болады. Өнерді өнер дең­гейінде қабылдау мәдениетіне үйренеді. Ал енді патриоттық рух­та­ғы ескерткіштерді сұрасаңыз, идео­ло­гиялық һәм елдік мұрат тұрғысы­нан мағынасы өте бай «Қазақ елі» мону­менті мен «Мәңгілік ел» қақ­пасын айрықша атап өтер едім. Атал­ған ескерткіштердің астарына сый­ғыздырылған елдік мұрат тұрғы­сындағы ұлы ойлар қай кезде де қазақтың қазақтығын танытуға қызмет етеді деп сенемін. Болашақта осы ескерт­кіштердің идеясын әрі қарай жал­ғайтын, ауқымын одан әрі кеңейте түсе­тін ескерткіштер әлі де туады. Еркін ойлы, талантты жастар өсіп келе жатыр. Елдіктің ордасын еңселі етуге солар қызмет етеді болашақта, – дейді суретші.

Астана қалалық ескерткіштерді қор­ғау жөніндегі дирекция басшысы Мейрамбай Ораловтың пікірі де жо­ғарыда келтірілген суретші ойы­мен тоқайласты. Ескерткіштердің қауіп­сіздігіне жауап беретін маманның пікірінше, өнерді түсіну мәдениеті және тарихқа құрметпен қараудан бө­лек, қала төрінде бой көтерген ескерткіштерді сақтай білу, аялай қарау психологиясының да қала тұр­ғын­дары бойында қалыптасуы өте маңызды. Сонда ескерткіштер ұзақ жасап, халық игілігіне үздіксіз қызмет ететін болады.

– Астананың мерейтойына орай қа­зір бірқатар ескерткішке күрделі жөн­деу жұмыстары жүргізіліп жатыр. 20 жылдыққа қызу дайындық үстін­деміз. Мерейтой қарсаңында ескерт­кіштеріміздің саны тағы бірнеше мүсінге артады деп күтілуде. Облыс­тардан Астананың мерейтойына тарту еті­летін сол ескерткіштерді қарсы алып, лайықты орнына орналастыруға да дәл қазір әзірлік үстіндеміз, – деп өз жұмы­сымен таныстырып өтті бізбен бірге ескерткіштерді аралап және оның қауіпсіздігін, тазалығын қоса қада­ғалап жүрген Астана қалалық ескерт­кіштерді сақтау жөніндегі дирекция басшысы Мейрамбай Оралов.

«1932-1933 жылдардағы ашаршы­лық құрбандарына тағзым» ескерткіш-мону­ментінен басталған саяхатымыз «Қазақ елі» монументімен түйінделді. Ескерт­кіш жанында бізді қарсы алған туын­ды авторы Сембіғали Смағұлов бүгінде Астананың елдік бейнесіне айналған әйгілі монументтің туу идеясы мен шығармашылық ізденіс жұмыстарын кеңінен әңгімелеп берді.

– 2007 жылы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың ұсынысымен «Қазақ елі» монументін тұрғызу жайын­да тапсырма келіп түсті. Сөйтіп Ел­басының қатысуымен алқалы жиын өтіп, Ақселеу Сейдімбек, Әбіш Кекіл­баев, Мырзатай Жолдасбеков бастаған ақса­қалдар алқасы ақылдаса отырып, монументтің жалпы концепция­сын жасады. Сол негізге сүйене оты­рып эс­кизін салдым. Басында тік колонна ретінде жасалса деп ойласты­рыл­ғанымен, соңында жоғары жағына бәй­теректің жапырағы іспеттес тәж бен самұрықты бейнеледік. Самұрық – ел­діктің, бірліктің символы ретінде көр­сетілді. Одан төменірек, төрт жаққа қарап тұрған қалқанды көріп тұрсыз. Ол елімізді өзгелердің сұқ көзінен сақтасын деген сенім негізінде туды, – дейді мүсінші.

Иә, қай мемлекеттің де елдік рухын, ұлттық бет-бейнесін әйгілейтін көркемдік құралдың бірі – еңселі ескерткіштер. 20 жылдық тарихына талай тағылымды сыйдырған елорданың рухани әлемін байытып, рухын биіктеткен ескерткіштер галереясы өнегелі тарихымен, идеологиялық мазмұнымен, эстетикалық қуатымен қай кезде де көрушісін қуантып келеді.

Назерке ЖҰМАБАЙ,

«Егемен Қазақстан»