Қазақстан • 07 Маусым, 2018

«Третьяков галереясы топтамасынан XX ғасырдың 50 жауһары» атты көрме ашылды

1124 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Астананың 20 жылдығына орай жаһандық өнердің жауһарына баланатын ең үздік шығармалар легі елорда төріне келді. Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінде «Третьяков галереясы топтамасынан XX ғасырдың 50 жауһары» деп аталған көшпелі көрме көпшілік қауымға жол тартты. Мәскеу төрінен елімізге әкелінген ең таңдаулы елу картина көрермен көңілінің көкжиегінен көрінген көркем туындылар. 

«Третьяков галереясы топтамасынан XX ғасырдың 50 жауһары» атты көрме ашылды

Тарихы XIX ғасырда өмір сүрген ағайынды орыс көпес­­­тері Павел мен Сергей Тре­тьяковтардың есімдерімен астасып жатқан Мәскеу қалалық көркемсурет галереясы заманалар келбетінде аса жоғары баға­ланған айшықты картиналарды қамтыған. Оның ішінде қазақ суретшілерінің де шоқтығы биік шығармалары бар. Молдахмет Кенбаевтың қазақ жігіттерінің асқақ рухын танытқан «Асауға құрық салу» картинасының түпнұсқасы, Әбілхан Қастеевтің бірқатар іргелі еңбектері, Камиль Муллашевтің «Жер және уақыт. Қазақстан», «Таң» сынды туындыларын айрықша айтуға болады. Коллекциясы жеке қорлар мен өзге де мұражайлардағы бейнелеу өнерінің ең үздік туындыларымен ұдайы толығып отыратын мәдениет ошағының қорында 150 мыңнан астам туынды бар деседі. Елордалық көрерменге ұсынылып отырған экспозиция соның бір парасы ғана. Десе де мұндағы әр картинаның том-том кітапқа арқау боларлық тарихы бар.

Көрме негізінен үш кезеңді қамтыған. XX ғасырдың басынан Қазан төңкерісіне дейінгі Ресей өнерінің негізі қаланған импрессионизм, кубизм кезеңдері, ал келесі төңкерістен кейінгі кезең­нен импрессионизмнен алшақтап қарапайымдылық пен шынайылыққа ұмтылудың лебі еседі. Үшінші кезең соғыс жылдарынан кейінгі жылымық кезең. Ол кездегі туындылардан социалистік реализм, дала өзгерістері, көрерменге күш беруді мақсат тұтқан моти­вация­лық образдарды көптеп кездестіресіз.

Мәселен, Николай Андроповтың бастан-аяқ суық түсті гамманы қолдану ар­қылы жылымық кезеңдегі жұмыс­шының портретін бейнелеген «Монтаждаушы» картинасы қара­пайым еңбек адамының қыз-қыз қайнаған тіршілігін танытса, Исаак Бродскийдың «Сарғайып түскен жапырақтар» картинасы жасырын әсемдікті нәзік сызықтармен жеткізген. Көрмеде бұдан бөлек Абрам Архиповтың «Шаруа әйел», Константин Коровиннің «Бауда. Гурзуф», Аркадий Рыловтың «Жасыл шу», Федор Решетниковтың «Тағы да екілік», Татьяна Яблонскаяның «Таңертең», Юрий Пименовтың «Болашақ көшедегі той» сынды әйгілі еңбектерін табасыз. Экспозицияланатын суреттердің көпшілігін орыс бейнелеу өнері­нің ұлттық дәстүрінің мәйегі саналатын есімдері Мәскеу көр­кем сурет мектебімен байланыс­ты шеберлер жасаған. Сурет­шілердің өздеріне ғана тән дербес мәнеріне, бағыттарына, темпе­раментіне, көркем сурет тобына қатыстылығына қарамастан дәстүр­лердің ұрпақтан-ұрпаққа, шеберден-шеберге беріліп отыр­ғаны еріксіз таңғалдырады.

– Біз Астанада алғаш рет өз коллекциямызды ұсынып отырмыз. Бізді біріктіретін ұлы күш – өнер дейтін құдірет. Мұн­да әкелінген шығармалар бей­нелеу өнерінің шеберлік шыңын әйгілейтін әлемдік дәрежедегі тарихи еңбек­тер. Бұл талай суретшілердің шы­ғар­­машылығына қанат бітіреді деп сенеміз, – дейді Третьяков галереясының Бас директоры Зельфира Трегулова.

Көрменің ашылу салтанатына қатысқан Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы аталған көрме Ресей мен Қазақстан мәдениетін бір арнадан тоғыстырып өнер- сүйер қауымды рухани тұрғыдан жақындата түсетін айтулы шара екенін айтып, Мәскеуден арнайы келген Третьяков галереясының Бас директоры Зельфира Трегу­ловаға алғысын білдірді. Көрме қыркүйек айының онына дейін жалғасатын болады.

Арман ОКТЯБРЬ,

«Егемен Қазақстан»