08 Маусым, 2018

Хайптан қайыр бар ма?

1162 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Трендтер түс бермей тұрған тәлейлі уақытта «хайп» деген ұғымның шық­қанына көп бола қойған жоқ. «Бақсақ бақа екен» демекші, хайпыңыздың астарында бұғып жатқан бәле де, пайда да баршылық екен. 

Хайптан қайыр бар ма?

Бүгінгі буынның сөздік қорының сәніне айналған hyip-тің түп-төркініне үңілсек, негізінен қос ұғымды білдіреді. Алдымен бұл тіпті толық мәндегі сөз де емес, қысқартылған сөз. High Yield Investment Program аббревиатурасы кірісі мен тәуекелі жоғары инвес­тициялық жоба дегенге келеді. Екіншіден, шуы көп, даурықпа, дүрлікпе, айқайшыл немесе алдамшы жарнама дегеннің айналасында. Сондықтан мұның әу бастағы соқпағы жарнамадан басталған сияқты. Өкінішке қарай, сол соқпақты даңғылға айналдырғандардың дүр бейнесі елімізде еркін «хайпануть» ете бастады. Өйткені хайп сөзі қоғамға тез тарап, танымалдылыққа ие болып отыр.

Жалпы, өз атын шақыратын көкек құса­ған өзімшіл жарнаманы қазақ ежелден жақтырмаған. Айталық, «Атың шықпаса, жер өрте» деген мәтел осы мәселенің мәнін аша түседі. Ат шығаруда арланбайтын болдық қазір. «Беттің арын белге түйгеніңіз» не, белден де төмендеп, тізе мен тобықтың ортасына жетіп қалғанына куә болып жүрміз. Ілкіде шетелде болып жататын папарацилер өмірдің өзі, тек қоғамнан жасырынған шын бейнесі сияқты еді. Ал хайп сол папарациді сценарий бойынша саналы түрде өзі тудырады. Бұл ең алдымен шоу-бизнес өкілдеріне қатысты байбаламдардың қолдан жасалуы дер едік. Қазір «ар-ұят», «әдеп» деген әдемі тәрбиемен әдіптелетін мінез-құлықты осы бір белең алған бетсіздік жерге қаратқаныңыз былай тұрсын, қайтып тұра алмастай қылып мертіктіргендей әсер қалдырады. Өйткені өздері «халқым» деп сөйлеуге арланбайтын олардың қарасы қалыңдап келеді. Осы арада олардың арасында да бәсеке туады. Қызық, бетсіздіктің де бәсекесі болады екен-ау... Яғни «халқының» алдында жүру, назарынан тыс қалмау үшін әр сәтте бір «жаңалық» болып тұруы тиіс. Оғаш жаңалық ойдан шығарылады. Оның қатысушылары да ойын­шы болуы мүмкін. Немесе қатысушы оқиғаның бас режиссердің ойыны екенін білмеуі де кәдік. Қалай болғанда да камера алдында ерікті түрде боқтауға ерік беру, бейтаныспен шекісу, жалған мәлімдеме жасау, өтірік айту, өзі сатып алған «сый-сыяпаттарды» өзіне әлдебіреулердің атынан ұйымдастыру да осы хайпшылардың тірлігі. Былай қарасаңыз білгенге, түсінгенге ит-тірлік... Бірақ солай екен-ау деп бас тартқан тағы ешкімді көрмейсіз. Қайта күннен күнге өріс алып келеді. Хайптың қайырсыздығы – қазір қарапайым тыңдарман, көрермен мен оқырман жаңалықтың рас-өтірігін, оң-солын айырудан қалды. Әлбетте әлеуметтік желінің қуаты да бұл шоқты үрлеуге тамаша құрал болып отыр. Хайпшылар өз өтіріктеріне өздері сеніп, тым жүгенсіз кеткенде ғана бет­пердесі оңай сыпырылады. Сондықтан мұны ақпараттық алаяқтық деуге де болар, бәлкім.
Ақпарат демекші, бұл салада да хайп­қа бейім бағдарлама мен сұхбат платфор­маларының жарыққа көптеп шыға бастау­ы алаңдатады. Бұған дейін дұрыс сөйлеп жүрген жүргізушінің аяқасты бұрыс сөйлеп, дөрекі, кеспір сауалға ерік беруін ешкім түсіне алмай әлек. Өкініштісі, мұны ағынға қарсы жүзу деп бағалаушылар табылады. Тіпті де олай емес. Бұл – жоғарыда айтқанымыздай айғай-шу төңірегінде аудитория жинауға тәуекел ететін коммерциялық жоба. Тіліңізге, діліңізге, дініңізге түкіргені бар. Сондықтан бастапқы аудитория үшін қарапайым құндылықтарды құрбандыққа шалатын хайпшылардың қайыры жоқ. Тіпті хайптың асқынған түрінің мақсаты – аудиторияны есірікке немесе үрейге жеткізу. Оны көбінесе мүдделі топтар, саяси технологтар қолданады. Бұл түсініксіз оқиға болуы да мүмкін, бірақ хайп. Сол сияқты бұл вирусты маркетинг, әсіре жарнама, белсенді пиар болуы да ғажап емес. Оның негізі қоғам назарынан түспеу арқылы табыс табуға құрылады. Бірақ «шөлмек мың күнде сынбайды, бір күнде сынады» дегендей, оның қатысушыларының тақырға отыруы әп-сәтте болмақ. Өйткені жоғары табыс табуға арналған инвестиция деп түсіндірілгенімен, оған еш инвестиция құйылмайды. Ал табысты белгілі бір адамдар шоғыры ғана иеленуі мүмкін. Қалғаны жер сүзіп қалады. Бұл 1920 жылдары «Понци сызбасы» атты қаржы пирамидасын құрған Чарльз Понцидің жүйесі іспетті. Яғни мекеме құрып алған соң жоғары процентпен табыс табу төңірегіндегі дүрбелеңге дүрбелең қосып, елді дүрліктіре түсу, хайп жасау қажет. Алғашқы салымшыларға кейінгілердің есебінен процент береді. Бірақ әр дүниенің өлшемі мен шегі бар. Бұл ХХ ғасырдың «хайпы» болса, қазіргі онлайн-дәуірде де желілерді «жарып», жарға жыққысы келетіндер жетерлік. Сондықтан хайптан сақтану үшін жоғары проценттер мен көлеңкелі жобалардан, әсіре жарнамалардан аулақ болған абзал. Әрине бұл ретте азаматтық қоғамның қалыптасуына әкелетін әлеуметтік хайптар да бар. Жалпы, хайптың азаматтық секторда белсенді болғаны әлдеқайда тиімді. Айталық, мемлекеттік тілді талап еткен шетелдік азаматтың хайпынан соң екінші деңгейлі банктер сервис саясатын қайта қарауға мәжбүр болғаны белгілі. Яғни тұтыну нарығына да талғам таразысы керек-ақ.

Думан АНАШ,
«Егемен Қазақстан»