Үкімет • 08 Маусым, 2018

Б.Сағынтаев ірі өнеркәсіптік нысандарды цифрландыру және жаңғырту барысымен танысты

294 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Бүгін жұмыс сапары аясында ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев Ақтау қаласында «Шлюмберже» компаниясының өндірістік базасын және «Aktau Steel» ЖШС металлургиялық зауытын аралады, онда цифрландыру және Индустрия 4.0 элементтерін енгізу барысымен танысты, деп хабарлайды primeminister.kz.

Б.Сағынтаев ірі өнеркәсіптік нысандарды цифрландыру және жаңғырту барысымен танысты

«Шлюмберже» компаниясының қазақтандық бөлімшесін аралау кезінде Бақытжан Сағынтаев мұнай кен орындарына қызмет көрсету бойынша кәсіпорынның технологиялық үдерісімен және жаңа өндірістік әрі сервистік мүмкіндіктерімен танысты.

Қазақстандағы «Шлюмберже» басшысы М. Разиев цифрландыру барысы туралы баяндады. Ол Шлюмберже «Цифрлық кен орны», «I-invoicing», «Шот ұсыну» жобалары бойынша «Қазгермұнай» БК» ЖШС, «Қаражанбасмұнай» АҚ, ҚНОС, «Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг», «Теңізшевройл» ЖШС секілді мұнай өндіруші кәсіпорындарға қызметтер ұсынумен айналысатынын айтты.

М. Разиевтің мәлімдеуінше, келешекте кәсіпорын Каспий өңірінде жобаларды іске асыру кезінде қолдау көрсететін тораптық орталыққа айналуға мүдделі.

Schlumberger компаниясы жер қыртысын бағалау, ұңғымалар құрылысы, көмірсутекті өндіруді және өңдеуді басқару бойынша әлемдік жетекші технологиялардың жеткізушісі болып табылады. Компания әлемнің 85-тен астам елінде жұмыс істейді және оның 140-тан астам ұлттан 100 мыңға жуық қызметкері бар.

Сапардың келесі нысаны өнеркәсіптік аймақ аумағында орналасқан және биыл наурызда жаңғыртудан кейін пайдалануға берілген «Aktau Steel» ЖШС металлургиялық зауыты болды.

Айта кету керек, реконструкциялау жобасы $22 млн сомасына шетелдік инвестицияларды тарту арқылы жүзеге асырылды. Премьер-Министр әлемдік стандарттарға сай келетін жаңа жабдықтар орнатылған электрлі болат балқыту және илем цехін көрді. Бүгінгі таңда өндірістік қуаттылығы жылына 300 мың тонна шаршы дайындама пен 250 мың тонна құрылыс арматурасы илемін құрайды.

Дайын өнім ішкі нарыққа жөнелтіледі, сонымен қатар шетелге экспортқа шығарылады. Аралау кезінде «Aktau Steel» ЖШС директоры Р. Мирзаев қазіргі кезде кәсіпорында 150-ге жуық жұмыс орны құрылғанын айтты. Сонымен қоса, зауыт толық қуаттылығына шыққан соң жұмыс орындарының саны екі есеге артады.

 Қаңтар-сәуір айларында Маңғыстау облысының негізгі капиталына инвестициялар 131 млрд. теңгені құрады. Өткен жылғы осы кезеңде өнеркәсіптік өнім көлемі 910 млрд теңгені құрады. Нақты көлем индексі — 2017 ж. сәйкес кезеңге шаққанда 101,5%.

Өнеркәсіптік өнім өндірісінің жалпы көлемінен үлесі 85,9% құрайтын тау-кен өнеркәсібінде және карьерлерден кен алуда өндіріс көлемі 781,9 млрд теңшені құрады, НКИ — 101,6%. Өңдеу өнеркәсібінде (сала үлесі — 8,6%) есептік кезеңде 78,5 млрд теңгеге өнім шығарылған, нақты көлем индексі (НКИ) 112,2% құрады. Басқа металл емес минерал өнімдерді өндіру — 14,5%, машиналар мен жабдықтардан өзге, дайын металл бұйымдар — 2,6 есе, резина және пластмасса бұйымдар — 1,8 есе, тері өнімдері - 1,2 есеге арттты.