Қазақстан • 11 Маусым, 2018

Кептеліс пен кептелек

1238 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Осыдан жеті-сегіз жыл бұрын көнекөздерден естіген «Ағын суда өткелек, керуен жолда кептелек бар» деген мәтелдің айтар ойын анықтап, «Егемен Қазақстан» газетінде «Айта­рым бар» айдарымен жариялаған едім. 

Кептеліс пен кептелек

Газетте мәтелдің мағы­насы былай түсіндірілді: «Ағын су тасып кетті, өткел жоғалды» деп жасыма, бір өтке­лек болады, «керуен жолда келе жатыр­мын деп тасыма» бір кептелек бола­ды». Мұнда «өткелек» – та­сыған суда жаңа пайда болған, су тасқыны бәсең­деп, өзен өз арнасына түскен соң жоғала­тын уақытша өткел, ал «кептелек» – күтпеген жағ­дайда пайда болған кедергіге кезіккен керуен­нің тұрып қалуы­нан пайда болған тығырық. Ке­дер­гі жойылған соң кептелек те жоғалады. 

Бұл сөзді тележүргізуші кезінде Нұрлан Окаұлы үнемі қолданатын, «Жас Алаш» газеті тілдік қорына қосты. «Айқын» апталығы көлік пен көше мәселесін айтқанда бұл сөзді айналып өтпеді. Радиодан да айтылып қалады. Бірақ жұрттың бәрі қолданып кете қойған жоқ. ІІМ Жол полициясы қызметінің кө­ше­лер­дегі жарнамалық тақ­таларында «кептеліс» деген жазу тұр. Кей журналист та солай қолданады.Түсінген адамға «Кептеліс» деген сөз орыстардың «пробка»деген сөзінің аудармасы емес. Тікелей аударса, «пробка» сөзі «тығын» деген мағына береді. Қазақ ұғымында тығынды нығыздап кіргізеді, ол ыдыстың аузын толық бітейді. Тығынды күшпен суырмасаң суырылмайды. Кейде орыстық санадан шыға алмағандар «көлік тығыны» деп қолданбақ болады. Тығын логика бойынша кері шығарылады. Ал көлік атау­лы көшеде тығындалып қалса, бәрі кері жүрмейді, жол ашылған соң алға қарай жылжиды. 

Ал «кептеліс» деген сөздің қала көлік қатынастарының ретсіздігінен пайда болған күтпеген тығырыққа тірел­ген, кептелуге мәжбүр бол­ған жағдайға байланыс­ты туғандығын алдымен еске саламыз. Бұл жасан­ды сөздің мағынасын іздесек, ол – мақсатты түрде, бір жер­ге арнайы келіп тығы­рық­қа тірелу, жиналу әре­кетінің жиынтық атауы. Өйт­кені «-іс» қосымшасы адам­дардың саналы түрде атқаратын қимыл­дарына, әрекеттеріне қатысты ғана қолданылады. Ешкім саналы түрде, әдейі барып көшеде кептелмейді. Күтпеген сәтте көшеде кеп­те­ліп қалса, ол ұзаққа бармайды, аздан соң алға міндетті түрде жылжиды. 

Әсілі, қазақтың кейін пайда болған осы «кептеліс» деген сөзін орыстың «затор» деген сөзінің баламасы санатында қол­дануға келеді. Ал енді қазақ тілінде «-ек» жұрнағы «кептел» де­ген түбірге жалғанып тұ­рақ­сыздық, ұшқалақтық, әп­сәттік, кездейсоқтық ма­ғына үстейді. Сондықтан, «кеп­телек» – уақытша ғана тығы­рықты меңзеп тұрған атау. Төл тілімізде көнеден келе жатқан сөзді қайта жаң­­ғыртуға кейде рухымыз жетпей, сол баяғы бой­­күйез­дік мінезбен «пробка» дегенді жиі қол­данамыз. Өйткенше бір сөз болса да қайта қолданысқа алайық. Төл тілі­міз бір сөзге жаң­ғыр­сын, сөйтіп, ұл­тық ко­ды­­мыздың бір жасушасы қайта ашылсын. 

Оның үстіне, бұл атауды Мемле­кеттік терминком 2008 жылы «пробка» деген сөздің қазақша баламасы ретінде бекітіп те қойған болатын!

Сағатбек МЕДЕУБЕКҰЛЫ,

әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті  журналистика факультетінің деканы

АЛМАТЫ