Қазақстан • 11 Маусым, 2018

Туыстарына бүйрегі бұрған

751 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Шенеуніктердің іс-әрекеттері «қанына тартпағанның қары сынсын» мәтелін еріксіз еске түсіреді. Түлен түртейін десе, оп-оңай екен. Ғ.Мүсірепов атындағы ауданның билік тұтқасын ұстаған лауазым иелері Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіп­керлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасына қа­тысушыларға пәтер бөлу ке­зінде алдымен туған-туыс­тары мен таныстарын жа­­рылқамақ болған.

Туыстарына бүйрегі бұрған

Олар­дың Әдеп кодексі талаптарымен үш қайнаса сор­пасы қосылмайтын әрекеттерін Сыбайлас жем­қорлыққа қар­сы күрес жөніндегі ұлт­тық бюросы облыстық департаменті әшкерелеп отыр. Тергеу басқармасы басшысының орынбасары Серғали Тү­сіпов­тің баяндама­сында атап көрсетілгендей, Та­йын­ша ауданының қа­зір­гі әкімі Владимир Ду­дов Ғ.Мүсірепов ауда­нына басшылық еткен тұс­та қарындасына, әкімнің орынбасары Алтыншаш Тай­шабаева сіңлісіне бас­пана алуға көмектесіп, заң бұзушылықтарға орын бер­­ген. В.Дудов комиссия төрағасы ретінде бейта­раптық танытудың орнына отырысқа, дауыс беруге қатысқан. Ол өзіне тағыл­ған айыптаулардан сытылып кетуге қанша ұмтылса да, етжақын адамдардың мүддесін қорғағаны, хат­тамаға қол қойғаны, осылайша мемлекеттік қызметке нұқсан келтіргені тайға таңба басқандай мойнына қойылып, қызметіне то­лық сай емес деп танылды. Оның «сүттен ақ, судан тазамын» деген уәжі комис­сия мүшелерін сендіре алған жоқ. Кей тұрғындарға берілген баспаналардың аума­ғына қатысты заңға қай­шы жайттарға да тіс жарып үндемеген. Тіпті отбасы құрамы туралы анықтама талап етілмеген. 

Әңгіме ауаны В.Дудов пен оның орынбасары Талғат Әбілпейісовтің кәсіп­кер­лерден заңсыз ақша жи­на­ғаны туралы мәселеге ауысқанда талқылау қызып сала берді. Астанада өткен ат бәйгесіне тұяғымен жер тарпыған сәйгүліктерді апа­руға 100 мың теңге, ауыл­шаруашылық мерекесін өткізуге осынша көлемде қар­жы сұраған фактілер рас­талды. Тағы бір фермер­ден 20 мың теңге талап етілген. Олар болса ағымдық іс-ша­ра­ларға жергілікті қазы­надан қаражат қарас­ты­рылмағандықтан қалталы аза­маттардың көмегіне жү­гінуге тура келгенін, өті­ніш ретінде айтқандарын көл­денең тартқанымен, шағын және орта бизнес қыз­метіне жөнсіз араласу деген баға берілді. 

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі ұлт­тық бюроның жергілікті құрылымы лауазымды тұлға­ларға жемқорлыққа жол берді деген айып тағып, қыз­мет­терінен шеттету туралы ұсыныс айтқанымен, Әдеп комиссиясының мү­шелері басқаша шешім қабылдады. 

Өмір ЕСҚАЛИ,

«Егемен Қазақстан»

Солтүстік Қазақстан облысы