Қазақстан • 11 Маусым, 2018

Көмірлі өңірде көп іс тындырылуда

275 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

«Рухани жаңғыру» бағ­дарламасын Қарағанды облысында іске асырудың бірінші жылының қорытындысы туралы Орталық коммуникация­лар қызметінің ақпараттық алаңында өткен баспасөз мәслихатында өңір басшысы Ерлан Қошанов баян­дады.

Көмірлі өңірде көп іс тындырылуда

Облыс әкімі жарты жыл бұрын ұлттық деңгейдегі мұн­дай ауқымды жобаның мәнін қазақ­стандықтардың бәрі бірдей түсіне бермегенін, алайда аз уақыт­тың ішінде ол кең қол­дауға ие болғанын алға тартты.

«Бүгінгі күні Қарағанды облысында бағдарламада бекітілген барлық алты арнайы жоба бо­йынша белсенді жұмыс жүргізіліп жатыр. Мәселен, өңірде әртүрлі 456 жоба жасалған, олардың жартысы қазіргі уақытта іске асырылып та қойған. Мәлімделген жобалардың жалпы құны 13 миллиард теңгенден астам соманы құрайды, оның ішінде шамамен 5 млрд теңге демеушілер мен меценаттар есебінен. Бағдарлама шең­берінде Қарағанды облысын­да Азаматтық бастамалар күні ұйымдастырылды, ол өңіріміздің кез келген тұрғынына өмірдің белгілі бір саласын қалай жақ­сарту­ға болатыны туралы нақ­ты ұсыныстармен келуге мүм­кін­дік береді. Бұл акция қара­ған­дылықтардың үлкен қызығу­шы­лығына ие болғанын айта кеткен жөн. Оған қоса, тағы бір қызықты жоба әзірленіп жатыр. Ол: игі істер корпорациясы мобильді қосым­шасы, оның көмегімен кез келген адам қалауы бойын­ша телефоннан нақты қайырымдылық жобаларына аздаған сома жібере алады», деді ол.

Ерлан Қошанов өңір тұрғын­дары Президенттің «Туған жер» бастамасын да нық сеніммен қабылдағанын айтты.

«Ең бірінші «Туған жер» бағдарламасына тоқталғым келеді. Әрине кімге болса да туған жер ол қасиетті де ардақты ұғым. Сондықтан туған жерді көркейту мен дамытуға қолдан келгенше лайықты үлес қосу әрбір азаматтың парызы деп түсінемін. Біздің халқымызда «Туған жерге туыңды тік» деген қанатты сөз бар. Қазақ­стандық патриотизм, отаншылдық деген­нің өзі осы туған жерді сүюден басталады. Біздің өңірден шық­қан белгілі кәсіпкерлер мен меце­наттар туған жерін дамыту­ға өздерінің үлкен қолдауын көр­сетіп келе жатыр. Олардың қаты­суымен қалаларда, аудан орталықтарында және ауыл­дарда тек бір жылдың ішінде 76 әлеуметтік нысан салынып, жөн­деуден өтті», деді облыс әкімі.

Аймақ басшысының айтуынша, бүгінгі таңда Ұлы­таудағы сак­ралды нысандарға кірме жолдар салу жұмы­сы жүріп жатыр. 

«Ұлытау – бұл ұлылар жолы, хандар жолы, ол біздің тағдыр жолымыз. Елбасы біраз жыл бұрын Ұлытау баурайында берген сұхбатында «Ұлытау қазақ елінің көне заманнан бері тарихи саяси кіндігі» деп атап өткен болатын. Біз Ұлытауды елімізге ғана емес, әлемге де танытуды жоспарлап отырмыз. Себебі Ұлытау әлемдік деңгейде өзінің биік орнын алуға лайықты қазақтың інжу-маржаны. Оны тек қарағандылықтарға ғана емес, барша қазақстандықтар­мен әлемге танытуымыз қажет. Өйткені Ұлытау бәріне көр­сетуге лайықты тарихи мұралар өте көп өңір. Ол үшін не қажет? Ең бірінші өңірге дамыған инфра­құрылым керек. Себебі Ұлытау­дың басты мәселесі – Ұлытау­да­ғы жолдың қашықтығы және сол баратын жолдың қиын­дығы. Сон­дық­тан біз әуелі автожолдарды жөндеуден бастадық. Осы мақ­сатпен 5 млрд теңгеге жуық қар­жыға былтыр басталған Қараған­ды – Жезқазған автожолын жөн­деу­ді биыл толық аяқтаймыз. Егер былтырлары бұл жолмен жүріп өтудің уақыты 7-8 сағат­ты құраса, қазір 4-5 сағатта жүріп өтуге болады. Сол сияқты биыл Алаша хан, Жошы хан кесе­нел­ері мен «Хан ордасы», «Алтын шоқы» сияқты тарихи орын­дарға апаратын жалпы ұзын­дығы 100 шақырым жолдарды жөндеу жұмысы басталды. Оған бөлінген қаржының көлемі 2,7 млрд теңгені құрайды», деді Е.Қошанов.

Рауан ҚАЙДАР,

«Егемен Қазақстан»