Парламент • 12 Маусым, 2018

Сенатта республикалық бюджет есебі қаралды

331 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Кеше Сенат Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен палатаның жалпы отырысында Үкіметтің және Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің 2017 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есебі тыңдалды. Күн тәртібіндегі негізгі тақырып­қа орай Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов, Ұлттық банк төрағасының орынбасары Алпысбай Ахметов, Есеп комитетінің төрайымы Наталья Годунова баяндама жасады.

Сенатта республикалық бюджет есебі қаралды

Сенаттың жалпы отырысын Қаржы ми­нистрі Бақыт Сұлтанов өткен аптада Мә­жіліс палатасы қызу талқылап, оң баға­сын берген баяндамасымен ашты. «Өткен жылдың қорытындысы бойынша ел экономикасының өсу көрсеткіші 4 пайызға артты. Оған мұнай, металл бағаларының жоғары конъюнктурасы, импорт көлемінің өсуі сияқты сыртқы экономикалық факторлар ықпал етті. Оған қоса салық және бюджет саясаты да өз әсерін тигізді. Экономиканың осындай біртіндеп жандану көрсеткішіне жекелеп тоқталсақ, 2017 жылы бюджет түсімі 9 трлн 199 млрд теңгені құрады. Салық алдыңғы жылмен салыстырғанда 13 пайызға артып, соның есебінен республикалық бюджетке 4 трлн 848 млрд теңге түсті. Әлеуметтік салаға 4 трлн теңгеге жуық қаражат бөлінді. Бұл жалпы бюджет шығыстарының 33,7%-ын құрады. Банктерді бір жолғы сауықтыруға бағытталған қаржыны есепке алмағанда әлеуметтік шығыстардың үлесі алдыңғы жылмен салыстырғанда 39%-дан 41,4%-ға дейін өсті», деді министр. Үкімет есебін талқы­лау кезінде бюджет кірісінің әлі де шикі­зат секторына тәуелділігі, салық база­сын кеңейту, салық тексерулерінің тиім­ділігі және оларды әкімшілендіруді жетіл­діру сияқты жүйелі мәселелер көтерілді. Бюд­жет кірісінің кен байлықтарынан түсетін салық­тарына тәуелділігін азайту – Үкімет жұмы­сын­дағы басты бағыттардың бірі. Ол әртүрлі бағдар­ламалық құжаттар, атап айт­сақ эко­номи­каны диверсификациялау, инфра­құры­лым­ды құру, өңірлерді дамыту, шағын және орта бизнесті қолдау арқы­лы жүзеге асуда. Өт­кен жылы Үкіметте «Салық­тардың түсімін арт­тыру» жоспары қабыл­данды. Жоспарды іске асы­рудың нәтижесінде өткен жылы ІЖӨ-ге шақ­қандағы салық түсімдерінің төмен­деу тренді күрт өзгеріп, бұл көрсеткіш 2016 жылы 15,2%-ға дейін төме­ндесе, 2017 жылы жос­пардағы 15,8% орны­на 16,8%-дан асып түс­кен. Қаржы министрі­нің айтуын­ша, кө­лең­келі экономикамен күрес шең­берін­де жанама салықтарды әкім­ші­лен­дір­у­ді жақсарту арқылы біраз жұмыс­тар ат­қ­а­­рылуда. Мәселен, кеден саласын­да импорт опе­­ра­­цияларының уақытын қысқарту үшін «АСТАНА-1» ақпараттық жүйесі іске қосылған.

Есепті қарау кезінде бюджет қаражатын пайдалану бойынша маңызды сұрақтар қойылды. 2017 жылы қаражаттың тиімсіз жұмсалу көлемі 2016 жылмен салыстырғанда екі есеге көбейді. Ал саладағы қаржылық іс бұзудың 86 пайызы бухгалтерлік және қар­жылық есептерді жүргізудегі заңнаманы бұзу­ға байланысты болып отыр. Қарж­ы ми­нистрінің айтуынша, бұл мәселе маман­дардың біліктілігін арттыру және оларды міндетті түрде кәсіби сертификаттау арқылы шешілетін болады. Мемлекеттік борыштың деңгейі, оның ішінде квазимемлекеттік субъек­тілер­­дің сыртқы борыштары – өзек­ті мәсе­лелер­дің бірі. Мемлекеттік борыш ІЖӨ-ге шаққанда 26%-ды құрады. Бо­рыш­­тың 34%-ы ғана сыртқы қарыз ен­ші­сінде, сондықтан оның 1/3 бөлігі валюта бағамы­ның өзгеруіне тәуелді. Жалпы бюджет тап­шы­лығын қаржыландыру саясаты ішкі ресурс­т­арға бағытталатын болады. Сонымен қатар мемле­кет­тік борышты тиімді басқару үшін оның құрал­дарына диверсификация жасау шара­лары қабылдануда. Олар – Астана халық­аралық қаржы орталығының бир­жа­сында сукук ислам облигацияларын шығару және халықаралық инвесторлар үшін біздің теңгеде бағалы қағаздар орналастыруға мүмкіндік беру. Бұдан басқа, квазимемлекеттік сектордың борыштарын басқару Үкімет тарапынан заңнама жүзінде бақылауға алынды.

Бұдан соң Есеп комитетінің төрайымы сөз алды. «Бюджеттің атқарылуы макроэконо­микалық тұрақтылық және экономика­ның жандануының қарқыны қалыпқа келу жағдайында жүзеге асты. Десек те экономика дамуының мүмкіндіктеріне теріс әсер ететін бірқатар факторлар бар. Мысалы, ұзақмерзімді несиелеуге ресурс жетпейді. Сол себепті басымдық берілген салаларға мемлекет тарапынан берілетін көмектің біршама болғанына қарамастан, шағын және орта бизнес кең қанат жайып кете алмай отыр. Тіпті ірі кәсіпорындарға да қаржы жетпейді. Дегенмен биыл жақсы тренд байқалып отыр. Экономиканың монетизациялану көрсеткіші 42 пайыздан 38 пайызға төмендеген. Ал әлемдік монетизациялау көрсеткіші 122 пайызды көрсетіп отыр. Бізге төмен инфляцияны қолдау мен экономиканы ресурстармен қуаттандыру арасында теңдік керек сияқты», деді Годунова.

Республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есептен кейін сенаторлар Үкімет мүшелері мен баяндамашыларға бірқатар сауал қойды. Мәселен, Сенат депутаты Дариға Назарбаева Төтенше жағдайлар комитеті мен Ұлттық ұланның дербес бюджеттерін бекіту қажеттігін жеткізді. Төтенше жағдайлар комитеті бөлімшелерінің қажетті инженерлік-техникалық құрал­дармен, арнайы жабдықтармен, көлікпен қамтамасыз етілуі нормативтің 30-дан 70 пайыз деңгейінде. Бұл Ішкі істер министрлігі қойған лимит аясында комитеттің жеткіліксіз қаржыландырылуына байланысты», деді ол. Сенатор саладағы тиімсіз жоспарланған жобаларға да тоқталды. «Біз қаражаттың тиімсіз игерілуін байқап отырмыз. Мәселен, өрт сөндіру деполарының құрылысына 15 жобалық-сметалық құжаттаманың ішінде төртеуі ғана жүзеге асырылуда. 2017 жылы 4 жобаның мерзімі өтіп кетті, ал оларды әзірлеуге 86 млн теңге бюджеттік қаржы жұмсалды. Әзірленуіне 100 млн теңге жұмсалған тағы жеті жоба 2018-2020 жыл­дар­дың бюджетіне енгізілмей қалған. Осы орайда 186 млн теңге бюджет қаржысы тиімсіз игерілгені көрініп тұр. Кейін қаржы­ландырылмайтын жобаларға бюджет қар­жысын бөлудің қажеті қанша», деп атап өтті сенатор. Бұл тұрғыда Д. Назарбаева ТЖ комитеті мен Ұлттық гвардияның дербес бюдж­еттерін бекіту қажеттігін, сондай-ақ олар бойынша бюджет бағдарламаларына жауап беретін жетекшілерін айқындау керектігін жеткізді. Оның айтуынша, аталмыш екі қызмет Ішкі істер министрлігі құрамында өгей бала рөлінде жүр. Алайда оларға ерекше назар аударған жөн.

Сенаторлардың Үкімет мүшелеріне қойған сауалдарынан кейін республикалық бюджет есебінің атқарылуы талқыға салынып, бюджет орындалуының артық-кем тұстары айтылды. Нәтижесінде көпшілік дауыспен есеп мақұлданды. Бұдан соң сенаторлар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне зияткерлік меншік саласындағы заңнаманы жетіл­діру мәселелері бойынша өзгерістер мен толық­тырулар енгізу туралы» заңының жобасын екінші оқылымда бірауыздан мақұлдады.

Венера ТҮГЕЛБАЙ,
«Егемен Қазақстан»