Қазақстан • 13 Маусым, 2018

Биыл шағын несиелеудің көлемі 20 млрд теңгеге ұлғайды

536 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Жуырда «ҚазАгро» Ұлттық басқарушы холдингі құрамындағы «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорының» баспасөз қызметі өткізген тур бағдарламасына орай Ақсу қаласындағы Айнакөл ауылына сапар шектік. Бұл қор мамандандырылған қаржы-несиелік ұйым болып табылады. Мақсаты – ауыл шаруашылығының басымды салаларында шағын бизнесті дамыту. Биыл бұл компания «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы» аясында ауыл халқы мен ауылшаруашылық тауарларын өндірушілерге шағын несие беруді бастаған-ды.

Биыл шағын несиелеудің көлемі 20 млрд теңгеге ұлғайды

Мемлекет басшысының бес әлеуметтік бастамасына сәй­кес, биыл шағын несиелеудің көлемі 20 млрд теңгеге ұлғайды. Кәсіп­керлерге осы жылы 62 млрд теңге беріледі. 

Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасының шең­берінде ауылға шағын несие беретін уәкі­летті ұйым болып табылады. Несие­лер өз бизнесін ашуға немесе кеңей­туге беріледі. Жобаның мақ­сат­ты бағытталуына байланысты қарыз­дың мерзiмi, сомасы, жеңіл­де­тілген мерзімі өзгерiп тұрады. Мал шаруа­шылығына арналған жобалар­дың талаптары бар. Мәселен, қарыз алушының сатып алынатын және қолдағы өз малын ұстауға қажетті инфрақұрылымы болғаны жөн. 

Лебяжі ауданында орналасқан «Жұлдыз» шаруа қожалығының басшысы Қуанышбек Түсіпов мал шаруашылығымен айналысады. Бүгінде шаруашылығында 60-тан астам ірі қара мал өсіріп отыр. Мем­ле­кет­тің жеңілдетілген несиелері тура­лы қор мамандарының аудан тұр­ғын­дарымен өткізген кездесуінде есті­ген ол табынын өсіруге бел байлап, несие алуға бекініпті. Сөйтіп «Биз­нес Бастау» курстарынан өтіп, тиіс­ті құжаттарды жинап, қордың қар­­жы­­ландыру туралы шешіміне ие бола­ды. Несие алу туралы келісім­шарт­­қа қол қойған кәсіпкердің шотына бү­гінде несиелік қаржы аударылып та қойыпты. 

– Екі айға жетер-жетпес уақытта несиеге қол жеткіздім. Енді 4 миллион теңгеге 16 мал басын сатып ала­мын. Шарттары өте тиімді: мер­зімі ұзақ, ал пайызы төмен. Бір жыл – же­ңілдетілген мерзім. Бұл уақыт­тың ішінде сатып алынған малды өсіріп, сатып, біраз пайда табуға болады. Кепілге үйімді қойдым. Жа­қын болашақта тағы бір несие алып, ет бағытындағы шетелдік асыл тұ­қым­ды мал басын сатып алсам деген жоспарым бар, – дейді Қуанышбек.

Қор мамандарының айтуларына қарағанда, биыл «Нәтижелі жұмыспен қамту бағдарламасы» аясында берілетін несиенің сомасы – 4 миллион теңгеге дейін жетеді екен. Жылдық үстеме мөлшері – 6 пайыз, мерзімі 7 жылға дейінгі ара­лық­ты қамтиды. Мұндай шарттар өз биз­несін ашамын және кеңей­темін деген ауыл тұрғындарына өте тиімді. Соның арқасында өзін-өзі жұ­мыс­пен қамтыған азамат­тар фермерлік шаруашылық ашып, жұ­мыстарын жалғастыруда. Бағдар­ла­ма аясында бөлінген қаржы «Игілік», «Кәсіпкер», «Егінжай», басқа да несиелік өнімдер бойынша облыс­тағы ауыл тұрғындары мен шаруа қожалықтарына бөлінеді. 

– Өткен жылы қордың облыстық филиалы барлығы 2 млрд теңгені құрайтын 480 несие берді. Оның ішінде «Нәтижелі жұмыспен қамту бағдарламасы» аясында және «Жұмыспен қамту жол картасы» бойынша қайтарылған қаржыға 543 миллион теңгенің 157 шағын несиесі берілді. Биыл шағын несиелеу көлемінің өскенін ескерсек, облыс тұрғындарына – 1,6 млрд теңге, оның ішінде бағдарлама аясында 700 миллион теңге бөлінеді, – дейді «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ облыстық филиалының директоры Сайра Ықыласова. 

Ал облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім бастығы Нұралы Қабиевтің айтуынша, бағ­дарлама арқылы облыс бойынша жалпы 1,8 млрд теңге шағын несиелеуге бағытталады. 

Алғабас ауылдық аумағына қарас­ты Айнакөл ауылының маңайы жап-жасыл, салқын ауа, еркін тыныс­пен демаласың. Осындай таби­ғатымен тамылжыған аймақ малға жайлы жайлаумын деп тұрғандай-ақ. Бұл ауылда орналасқан «Атамұра-Павлодар» ЖШС да қордан несие алушылардың бірі. Шаруашылықтың кең аумақты алып жатқан алаңында жаңадан қо­ра­жай кешендері, тұрмыстық тұр­ғын үйлер салыныпты. Тағы бір ерек­ше­лігі, ауыл облыс орталы­ғына да, Ақсу қаласына да жақын орна­ласқан. 

«Атамұра-Павлодар» сүт бағы­тын­дағы мал шаруашылығын дамытып келе жатыр. Өткен жылы қордан «Ырыс» бағдарламасы бойынша жеңілдетілген несие алып, тауар­лы-сүт фермасына ірі қараның 100 ана­­лық басын, қажетті техника мен құрал­­дарды сатып алыпты. Қазір фер­­маның жұмысы жолға қойылып, өндіретін өнімін сүт өңдеуші зауыт­тарға уақтылы жеткізуде.

– Биыл асыл тұқымды малдан алғаш­қы төлдерді алдық. Қолымызға ерте берілген несиенің тиімділігі осы. Енді сүт өндіруге арналған желі­ні фер­маға орнатамыз. Ал қажет­ті қар­жыны тағы да осы «Ауыл ша­руа­шы­лығын қолдау қорынан» ала­мыз деп үміттеніп отырмыз, – дейді шаруа­шылық басшысы Асқар Бимағанов. 

 Серіктестіктің егістік, шабындық, жайылымдық жерлері бар. Ауыл­дар­дан келген 15 адам фермада ең­бек етуде. Шаруашылық ет және сүт бағытындағы малдардың санын көбей­тіп келеді. Екі мал кешенінде сиыр сауу орындары, мал төлдету орны, астық қоймасы бар. Қажетті көлік, тракторлар, тіркемелер, шал­ғы­лар, стогомет, тырнауыштармен қамтамасыз етілген. 500-дей мүйізді ірі қара, 100-дей жылқы және ұсақ мүйізді мал ұстайды. Осы жылдың бес айында серіктестік 80 тонна сүт, 27 тонна ет өндіріпті. Сөз жоқ, жақсы көрсеткіш. Алдағы уақытта ферма әлі де қанат жайып, еңбек өнімділігін арттыра түсуге тиіс. Мәселен, өздері өндірген сүттің шамамен 2 тоннасын пакеттеуді жоспарлап отыр. Бұл үшін қордың жергілікті филиалымен бизнес-жоспар құруда. 

– Мен жастарды еңбек етуге ауыл­ға шақырамын. Біздің «Атамұра-Павлодар» ЖШС жұмыс істеймін деген жастар­ды құшақ жая қарсы алуға әзір. Еңбек­­­тену­ден қашпайтын адам болса, жақсы жағ­дай жасалған. Тұр­ғын үй бар, кешен жанында асхана жұ­мыс іст­ейді. Келіңіздер, ауылды, мал ша­руа­­шы­лығын бірге өркенде­те­­йік, – дейді тасы өрге домалаған ша­руа­­шы­­лық­тың басшысы Асқар Ерсайынұлы. 

Елбасы биылғы Жолдауында «Адам­дар­ды нәтижелі жұмысқа тарту үшін көбірек мүмкіндік беріп, олар­дың жеке кәсібін бастауына немесе жаңа мамандық алып жұмысқа ор­на­­ласуына жағдай жасау керек» деп ауыл­дағы жастарды, тұрғындарды жұ­мыспен қамту саласына ерекше ба­сым­дық бергені белгілі. Өйткені қа­зір кәсіпті нәсіп етемін, табысты ең­­­бек көзін табамын деген адамға жұ­­­мыс жетеді, оларға қолдау да бар. Осы мақ­сатта «Ауыл шаруашылығын қар­­­жы­­лай қолдау қоры» арқылы биыл бар­­­лық қаржы көздерінен 43,4 миллиард теңгеге несиелеу жоспарланған. Оның ішінде Нәтижелі жұмыспен қам­­ту бағ­дарламасы бойынша 26,7 млрд тең­ге беріледі деп жоспарланып отыр. 

Мемлекеттің қолдауын көрген ауыл тұрғындары бүгінде кәсіпкер атанып, өз жұмысын бастауда. Ал шағын және орта бизнес нысандары ауыл шаруашылығы саласының қоғамның дамуына, көркеюіне, өсуіне өз үлесін қосуда. 

Фарида БЫҚАЙ,

«Егемен Қазақстан»

Павлодар облысы, 

Ақсу қаласы, 

Айнакөл ауылы