Қазақстан • 13 Маусым, 2018

Қазақстан экспорт көлемін арттыра алады - Антон Бугаенко

523 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

ШЫҰ-ның мүше елдерінің эконо­ми­калық байланыстарының тереңдей бастауына қатысты тауарлар мен қыз­мет түрлеріне қолжетімділікті ортақ жеңілдету бағдарламасын әзірлеу – Циндао қаласында өткен ұйым самми­тінің маңызды қорытындысы болып отыр. Жалпы соңғы жылдары ШЫҰ өз қызметінің экономикалық бөлігін бұрынғыдан бетер жандандыра түсуде. Бұл заңдылық. Өйткені ұйым мүшелері арасын­дағы өзара экономикалық байланыстар күшейе түсуде.

Қазақстан экспорт көлемін арттыра алады - Антон Бугаенко

Қытай тарапы технологиядан қар­жыға дейінгі түрлі сала бойынша ұйымға мүше елдердің барлығына ортақ бірыңғай стандарт енгізу бас­тамасын көтеріп отыр. Импорт пен экспорттағы орын алатын кедергілерді жеңіл­дету өзге елдердің экономикасына да пайдалы. Әсіресе Қазақстан ШЫҰ елдерінің нарығына, оның ішінде қытай рыногына еш кедергісіз кіруге мүмкіндік ала­ды. Осы орайда Қытаймен ара­дағы «Қытайға қазақстандық ауыл­шаруашылық өнімдерін экспорт­тау көлемін кеңейту туралы» екіжақты келі­сімшартты атап өтуге болады. Осы­лайша, ШЫҰ елдері аясында эконо­ми­калық іс-шараларды жеңілдету мен ор­тақ стандарт енгізу осындай екіжақ­ты ұйымдасуға ықпал ететін болады.

Қазіргі таңда біз іс жүзінде жи­нақталған саяси капиталдың экономикалық өзара қарым-қатынасқа біртіндеп ауысуын бақы­лап отырмыз. Батыс ел­дер­імен саяси мәселелері бар Қытай­­дың бұл күні өзіне одақтас ШЫҰ-ға мүше елдердің компанияларын өз рыногында көруге аса қатты мән беріп отырғанын біліп отырмыз. Ал ШЫҰ-ға мүше елдер жаңа рыноктың ашылуына байланысты экономикалық байланыстарын әртараптандыруды қолға алып отыр. 

Азық-түлік қауіпсіздігін қам­та­масыз етудің ортақ бағдар­ламасын да­йындау туралы шешім ШЫҰ-ға мүше елдердің біріне әлеуметтік тұрақтылық үшін керек болса, екіншілерін құ­жаттың экономикалық тұрғыдағы пайдасы көбірек қызықтырды. Мысалы, Қытай және Үндістан халқының саны өсуіне байланысты Ресей мен Қазақстан елдерінен жеткізілетін азық-түлік көлемін көбейтуді жоспарлап отыр. Қытайдың өз елін азық-түлікпен қамтамасыз етуі жоғары деңгейде болса да жоғары сапалы өнімді еліне кіргізуге және өз импортын әртараптандыруға құлшынысы өте жоғары. Өз кезегінде Қазақстан отандық ауыл шаруашылығының дамуына жаңа серпін беретін экспорт көлемін арттыра алады. 

Азық-түлікпен қамтамасыз етудің қауіпсіздігі туралы бағ­дар­ламаның әзірленуінің қанша­лықты нәтижелі боларын бола­шақта көретін боламыз. Дегенмен ШЫҰ-ға мүше елдер ауыл шаруа­шылығы саласында бір-бірімен әріптестік орнатуға үлкен қызығу­шылық танытып отыр.

Антон БУГАЕНКО,

Әлемдік экономика және саясат институтының

сарапшысы (IWEP)