Футбол • 14 Маусым, 2018

Исландия: Мұз аралының мінезі бар

841 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

2015 жылы әлемдегі та­би­ғаты әсем әрі жұмбақ жер­дің бірі Исландия аралы­на жолым түсіп еді. 360 мың адамы бар шағын арал жер бе­тіндегі өз алды­на құрлық се­кілді ерекше өмір сү­ре­ді. Адамдары таби­ға­ты се­кілді қа­таңдау. Тасыған сар­қы­рамадай гүрілдеп сөйлеп, атыл­ғалы тұрған жа­нар­тау­дай қызба мінез. Де­ген­мен алақандай аралдың аяқ­­допты миллиардтаған хал­қы бар елдерден де жақ­сы ой­най­тын қыры бар. Не­лік­тен?

Исландия: Мұз аралының мінезі бар

Айналасын қоршаған мұздақ­тар­дың көбесі сөгілгелі бері Ис­лан­дия жаһандық өркениеттен қал­май, дамуға бет алды. 2 мыңыншы жыл­дарға дейін Исландияда фут­бол құрамасы болғанымен, оны ешкім қатарға қоспайтын. Енді келіп ойланамыз, осындай ай­мақ­тан қалайша әлем чемпиона­тында өнер көрсететін команда шықты деп. Күн райы да қолайлы, аумағы да ауқымды Қазақстаннан олардың несі артық? Біздің жанкүйер армандап келе жатқан әлемдік аренаға олар қалайша ерте шығып кетті дейсіз ғой. 

Сөйтсек, мұның бәрі 2000 жыл­дары басталған еңбектің же­місі екен. Исландия табиғаты жы­лына тек 5 айда ғана футбол ойнауға мүмкіндік береді. 5 ай емес, 12 айда алаңда доп те­буге мүмкіндік туғызу үшін, жа­ңа ғасырдың басында табиғат ке­­рі әсерін тигізе алмайтын көп­теген спорт кешендері салына бастады. Жылы жерде жаттығатын болғандықтан жас­тар да футбол үйірмелеріне жаппай жазыла бастады. Бүгінде елдегі футболшылардың саны 22 мыңды, құрап отыр. Шамамен алғанда, халықтың 7 пайызы. Ал соңғы екі жылда УЕФА-ның сынағынан өткен жаттықтырушылардың саны 575-тен 2000-ға дейін өсіпті.

2011 жылы тұңғыш рет жастар құрамасы Еуропаның үздіктері іріктеліп алынған фи­нал­­дық кезеңге жолдама ал­ды. Топтық кезеңнен шыға ал­маса да, жарыс қожайындары Дания­ны тізе бүктіріп, кішігірім сен­са­ция жасаған-тұғын. Бүгінде сол командадағы 12 футбол­шы­ны ұлттық құрамадан ке­зік­тіре ала­сыз. 8-і негізгі құ­ра­м­ның ойын­шылары. Міне, ин­фра­құ­ры­лымның өз нәтижесін бер­гені осы. Бүкіл аралға салынған көп­теген құрылыстар, үсті жабық жа­сыл алаңдар мұз аралының ба­лаларын ұшпаққа шығарды. 

2016 жылы Франция жерінде өткен Еурододаға жолдама алған Исландия күллі әлемге танылды. Бұрын-соңды мұндай ірі жарысқа қатыспаған кішігірім арал ойыншылары өздерін үлкен қаһарман сезінді. Рейкьявик көшелерін ду-думанға бөлеген сол бір түні осы сөздердің авторы да шағын аралдың шаттығын бірге бөлісіп еді. Исландия Юрий Красножан баптаған Қазақстан құ­рамасымен 0:0 тең түсіп, қор­жынға салған 1 ұпайдың ар­қа­сын­да құрлықтық додаға ба­ра­тын би­летті жеңіп алды. Ис­лан­дия фут­болының алтын тарихында Қазақстан құрамасының да аты қа­тар жазылғанын айтқымыз ке­леді. 

Францияға бара салысымен Исландия футболшылары же­ңісті жолды жалғай түсті. Қар­сыласты бірінің артынан бі­рін жеңіп, өз тобынан плей-оф­фқа шықты. Азулы қарсылас Анг­­лияны 2:1 есебімен ұтып, ширек фи­нал­ға өтті. Осы тұста жарыст­ы ұйым­дастырып жатқан, той ие­ле­рі Францияға қарсылас атанып, жеңіліп қалды. Дегенмен еш қарсылықсыз беріле салды деп те айтпаймыз. Франция қақ­пасына исландиялықтар 2 гол соғып, жарысты абыроймен аяқтады. Құрама команданы бүкіл Исландия жұрты тік тұ­рып қарсы алды. Одан кейінгі оқи­ға­лар аралдағы футбол бумына ұлас­ты. Ендігі мақсат – Әлем чем­пионатына қатысу еді. 

Жазарман журналистерге тұ­рақ­ты түрде сенсация жасау­шы ретінде қалыптасқан Ислан­дия құрамасы бұл жолы да ғайыптан таймады. Украина, Хор­ватия, Түркия секілді азу­лы ұжым­дармен бір топта болған ара­лдың жігіттері «Лау­гард­аль­свеллюр» ста­дионында еш қарсыласқа есе жібермеді. Қарсылас құрамалар суық ауа райы мен климатқа бейімделе алмай, Исландиядан же­ңіліп жатты десеңіздер, он­да Исландия футболшылары аталған құрамаларды сырт алаң­да да тұқыртты емес пе? Осылайша, Хорватияны артқа тас­тап, топтағы бірінші орынды ие­мденіп, Хеймир Хад­ль­гри­мс­сон шәкірттері Ресейде өтетін Әлем чемпионатына сенімді түрде жолдама алды. 

Исландия құрамасының тізімі: 

• қақпашылар: Ханнес Халльдоурссон (Рандерс, Дания), Рунар Рунарссон (Норшелланн, Дания), Фредерик Шрам (Рос­килле, Дания);

• қорғаушылар: Ари Скуласон (Локерен, Бельгия), Хердюр Магнуссон (Бристоль Сити, Англия), Рагнар Сигурдссон (Ростов, Ресей), Кари Арнасон (Абердин, Шотландия), Хольмар Эйольфссон (Левски, Болгария), Сверрир Ингасон (Ростов, Ре­сей), Биркир Сэварссон (Ва­люр, Исландия), Самуэль Фри­дьоунссон (Волеренга, Норвегия);

• жартылай қорғаушылар: Гюльфи Сигурдссон (Эвертон, Англия), Арон Гуннарссон (Кардифф Сити, Уэльс), Эмиль Хадльвредссон (Удинезе, Ита­лия), Биркир Бьярнасон (Астон Вилла, Англия), Йоханн Гудмундссон (Бернли, Ан-

г­лия), Олафур Скуласон (Кара­бю­к­спор, Түркия), Арнор Трау­стасон (Мальме, Швеция), Рю­рик Гисласон (Зандхаузен, Гер­мания);

• шабуылшылар: Альвред Финнбогасон (Аугсбург, Гер­ма­ния), Бьорн Сигурдарсон (Ростов, Ресей), Йон Бедварссон (Рединг, Англия), Альберт Гудмундссон (ПСВ, Голландия).

Ермұхамед МӘУЛЕН,

«Егемен Қазақстан»