Қазақстан • 15 Маусым, 2018

Гүлшара Әбдіқалықова Түрікменстан елшісімен кездесті

362 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықова Түрікменстанның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Тойлы Көмековпен кездесті. 

Гүлшара Әбдіқалықова Түрікменстан елшісімен кездесті

Фото: liter.kz

Кездесу кезінде Г.Әбді­қалықова еліміздің ішкі саясатын­дағы маңызды бағыттарға назар аударды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен экономика, саясат және қоғам­ның жаңғыруын қамтитын жүйе­лік жаңғыру жүргізіліп жатқа­нын атап өтті. Сондай-ақ Мем­лекет басшысының жаңа әлем көшбасшыларының қатарына қосылуға негізделген «Төртінші өнеркә­сіптік революция жағдайын­дағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» Жолдауы іске асырылып жатқанын жеткізді. 

Мемлекеттік хатшы кең ауқым­ды бағыттардағы жоғары деңгейлі саяси сенімді және құрылымды келіссөздің арқасында екіжақты қарым-қатынас нығайып, ынты­мақ­тастық стратегиялық мәртебеге ие болғанын айтты.

«Түрікменстан Қазақстан үшін Орталық Азиядағы тату көрші мен сенімді серіктес қана емес, бауырлас мемлекет. Біздің елдерді мәдени ортақтық, шынайы достық пен өзара іс-қимыл байланыстырады», деді Г.Әбдіқалықова. 

Сонымен қатар кездесу барысында Қазақстан мен Түрікмен­станның түрлі көпжақты алаңдарда белсенді серіктес екені сөз болды. Парламентаралық және ведо­мство­аралық байланыстар ныға­йып келеді. Өңіраралық байланыстар кеңейіп, экономикалық ынтымақ­тастық жөніндегі үкіметаралық комиссия жұмысы жолға қойылған. 

«Аралды қорғау халықаралық қоры өңірлік өзара қарым-қатынас­тың маңызды алаңы болып қала береді», деді Мемлекеттік хатшы.

Жалпы, Қазақстан мен Түрік­мен­станда көмірсутек ресурс­тарының қоры мол. Сондай-ақ транзиттік-көліктік әлеуеті зор. Екіжақты сауда-экономикалық байланыс дамып келеді. Мәселен, 2017 жылы тауар айналымы 99,3 миллион долларды құрады. 

Кездесу соңында Г.Әбді­қалықова елшіге бұдан әрі тату көрші ретінде өзара қарым-қаты­наста және стратегиялық серіктес­тікте мол табыс тіледі. 

Абай АСАНКЕЛДІҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»