Қазақстан • 15 Маусым, 2018

Белден басылған жарғы

398 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Бүгінде елімізде агроөнеркәсіп кешенін дамыту мен қаржыландырудың кешенді шаралары белгіленген. Соның бірі ауыл шаруашылығы өндірісіндегі құрылымдар жетекшілері мен фермерлерге лизингтік тәсілдер бойынша көмек көрсету және жеңілдетілген несиелік ресурстар ұсыну болып отыр. 

 

Белден басылған жарғы

Қазіргі күні республикамыздың бар­­лық өңірлерінде құрылған агро­сер­вис­тік кәсіпорындар осы мақсатты көз­дей­ді. Ақтөбе аймағында бұдан 12 жыл бұрын ашылған «Ақтөбе-агросервис» ЖШС мен «Ақтөбе ауыл микрокредит» микроқаржылық ұйымы (МҚҰ) қосымша жауапкершіліктегі серіктестігі (ҚЖС) еліміздегі сервистік кәсіпорындардың қатарын толықтыра түсті.

Сервистік құрылымдар алдын ала бекі­тілген жарғыға сәйкес жұмыс істейді. Яғни, бұлар үшін жарғыда көрсетілген шарт­тар мен талаптардан ауытқу – істі ақ­сатумен немесе оны біржола тұң­ғи­ыққа батырумен тең болып шы­ғады. Мәселенің мәнісі мынада. Сер­вистік ұйымдар ең алдымен жер­гі­лікті бюджеттен бөлінген қаражат есебінен жар­ғылық капиталын құрады. Со­дан соң материалымыздың басында айтыл­ған­дай, «Ақтөбе-агросервис» се­кіл­­ді се­рік­тестіктер өз мақсаттарына же­ту үшін рентабельді қызметке қол жет­­кі­зуі тиіс. Осы орайда кәсіпорын та­за кірістер мен инвестициялар тарту ар­қылы жарғылық капиталдың мөлшерін жә­не айналымын көбейтуге ұмтылмаса, – жұ­мысы алысқа бара қоймайды. Мұн­дай жағдайда ауылшаруашылық субъ­ек­тілеріне лизинг пен несие түрінде бе­рілген активтердің, қаражаттың уа­қы­тында қайтарыла қоюы екіталай. 

Айтайын дегеніміз, қазіргі кезде «Ақтөбе-агросервис» ЖШС мен «Ақтөбе ауыл микрокредит» МҚҰ» ҚЖС тап осындай жағдайға тап болып отыр. Аталған қос кәсіпорын да ква­зи­мемлекеттік, яғни мемлекеттің үлесі бар сектор субъектілерінің активтерін бас­қарудың тиімділігі 2014-2017 жылдар аралығында өте төмен күйінде қа­лып қойған. Екеуінің рәсімдік және қар­жылық бұзушылықтарының жалпы со­масы 2 миллиард 268 миллион теңгеге жуықтаған. Бұл Ақтөбе облысы бойын­ша тексеру комиссиясы жүргізген аудит­тік іс-шараларда қамтылған жалпы соманың 58 пайызына тең. 

Сонда көрсетілген кезеңде осы се­рік­­тестіктердің құрылтайшысы Ақтө­бе облысының қаржы басқармасы мен олардың жарғылық капиталына мемлекеттік қатысу үлесіне иелік ету және пайдалану құқығы берілген Ақ­тө­бе облысының ауылшаруашылық бас­­қ­армасы қайда қараған деген заңды сау­ал туындайды. Сондай-ақ соңғы 3 жыл ішінде «Ақтөбе-агросервис» ЖШС жарғыда көрсетілген қызметтер аясында жұмыс жүргізуді қажет деп таппаған. Сөйтіп өз жарғыларын өздері белден басқан. Қазіргі кезде оның қаржылық жағдайы құлдырап, несие портфелінің бүйірі қабысып қалған. Серіктестіктің мұндай мүшкіл күйге ұшырауына Ақтөбе облыстық бұрынғы ауылшаруашылық басқармасының басшысы Қаржаубай Ыбырайымұлының 2015 жылдың 30 желтоқсанында және 2016 жылдың 23 ақпаны мен 26 қазанындағы №173, №19, сондай-ақ №129 бұйрықтары да салқынын тигізгені байқалады. Мұнда мәселенің бір ұшы сот шешімі бойынша банкрот болып танылған өңірдегі ауылшаруашылық кәсіпорындарына бөлінген қаражатқа келіп тіреледі. Міне, «Ақтөбе-агросервистің» жарғылық капиталы соның салдарынан 135 миллион теңгеге азайған. Яғни, осындай мөлшердегі қомақты сома қайтарымсыз күйінде қалып қойған. 

Бұл жағдай өз кезегінде жергілікті бюджеттен бөлінетін қаражаттың елу пайызы немес 774,5 миллион тенгесінің қайтарылмай қалу қаупін туындатты. Өйткені тауарлық несиелер лизингке ауылшаруашылық субъектілерінің төлем қабілеттері мен қаржылық мүмкіндіктері толық зерттелмеген жағдайда берілген деді Ақтөбе облысы бойынша тексеру комиссиясының мүшесі Қуантқан Әлімов. 

Қалай дегенде де дебиторлық берешек қайтарылуы тиіс. Соған қарамастан «Ақтөбе-агросервис» ЖШС-ның директоры Мұрат Қадыров оны қайтару мәселесіне қатысты ешқандай шара алмаған. Сонымен бірге серіктестік же­тек­шілері тарапынан біреудің өзі жақ­сы, біреудің көзі жақсы деген көз­қарас үстем тү­сіп отырған. Айта­лық «Восток» шаруа қо­жалығы мен «Тоқмансай» ЖШС-ға 8 дүркін 64,6 миллион теңге көлемінде не­сие берілген. Оның 53,1 миллионы кешегі бір күндерге дейін өндірілмей келіпті. «Жұмырбай» шаруа қожалығы 13,2 миллион теңге несиесінің 5,9 миллион теңгелік үлесін ғана қайтарған. Ал «Саха» ЖШС сонау 2010 жылы алған 16 миллион теңге несиесінің бірде-бір теңгесін әлі күнге дейін қайтармаған. Мұндай мысалдар жеткілікті. 

Тұтастай алғанда аудиттік тексерулер кезінде облыстағы 39 ауылшаруашылық тауарын өндірушілердің 408 миллион несиелік қаражаттың 191,9 миллионын қайтарғаны белгілі болыпты. «Мұртқа өкпелеп жүргенде сақал шықты» дегендей, несиені қайтару міндеттерін орындамаған өндірісшілерге жаңа несие беру одан әрі жалғасқан. Олардың мемлекеттің үлесі бар кәсіпорыннан алған қарыздары көбейіп кетсе де, еш­қан­дай шара қолданылмаған. Мұндай жағ­дайда «Ақтөбе-агросервистің» қар­жылық жағдайы құлдырамағанда қай­теді?

Рас, бүгінгі әңгімеміздің басты арқау­­ына айналған екі мекеменің тап­қан табыстары біраз бар екен. Әйтсе де оны серіктестік басшылары әкім­ші­лік шығыстарға және тиімсіз іс-ша­ра­ларға жұм­саған. Тағы бір қызығы, кәсіп­орын­ның қаржылық жағдайы нашар бола тұрса да серіктестік жетекшілері бекітілген смета сомасынан екі есе артық сыйақы тағайындаған. Сөйтіп оның көлемі 40,5 миллион теңгені құ­рапты. Соның ішінде 2017 жылдың нау­рыз айында «Ақтөбе-агросервистің» бас бухгалтері М.Ештаева мен экономист Н.Ершова 200 000 теңгеден астам сый­ақыны негізсіз алғаны белгілі болып отыр. Өйткені оларға осы кезеңде есепке алу және есептілікке қатысты жұ­мыс­тарды салақсытып жібергені үшін тәр­тіптік жаза берілген екен. 

Сонымен бірге серіктестікте бірқатар іссапар шығындары да негізсіз төленген. Сондай-ақ шетелдік «Субару форестер» автокөлігін 2,2 миллион теңгеге сатып алған А.Жартыбаеваның қарызы әлі күнге дейін қайтарылмаған. 

«Ақтөбе-агросервис» ЖШС жөнінде айтқан кезде Ақтөбе облыстық қаржы басқармасы өткен жылы оны бәсекелес ортаға беру жөнінде шешім алғанын на­зардан тыс қалдыруға болмайды. Соған сәйкес кәсіпорын жекешелендіру тізіміне енгізілген. Соның негізінде оның активтерін бағалау рәсімдері жүр­гізіліп, бұл материалдар облыстық қар­жы басқармасына тапсырылған. 

Шынтуайтына келгенде «Ақтөбе-агросервистің» нақты құны 2 миллиард 300 миллион теңгеден кем тұрмайтыны талас туғызбайды. Өйткені ақшалай түрде қайтаруға жататын қарыздарды қосқанда осындай сома шығады. Алайда ақшалай қаражаттар мүлік есебінде бағаланып кеткендіктен, тек 492,7 миллион теңгенің сатуға ұсынылғанын қандай қисынға сыйғызуға болады? Бір таңғаларлығы, бұл бағалау материалдарының қоры­тын­дыларына және «Ақтөбе-агро­сер­вис» ЖШС басқармасы директоры Мұрат Қадыровтың ұйғарымы мен шешіміне облыстық қаржы және ауыл ­шаруашылығы басқармасының бас­шылары қарсылық көрсетпепті. Мем­­лекеттің қаржылай үлесі бар кәсіп­орын­ның құнын негізсіз арзандатып, сау­да-саттыққа шығару әрекетінің арғы аста­рында не сыр бар?! Мұны қазіргі күні тап басып айту қиын-ақ. 

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні Ақтөбе облысы бойынша тексеру комиссиясы бағалау материалдарындағы көрсетілген деректер бойынша Ақтөбе облыстық қаржы басқармасының басшысы Гүлқасима Сүйінтаеваның атына хат жолдаған екен. Әйтеуір орынды ұсыныс басқарма басшысының тарапынан түсіністікпен қабыл алынып, бүгінгі кезде сауда-саттық үдерісі тоқтатылған. 

Енді «Ақтөбе-агросервис» ЖШС мен «Ақтөбе ауыл микрокредит» МҚҰ» ҚЖС-тың алдағы тағдыры не болмақ? Бұл сауалға әзірге кесіп-пішіп жауап қайтару ертерек секілді. 

Темір ҚҰСАЙЫН,

«Егемен Қазақстан»

АҚТӨБЕ