Руханият • 18 Маусым, 2018

Басынан бағы таймасын - Жақсыбай Самрат

826 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Ақмолаға бақ ерте қонды, оның аумағы тіпті патша заманында облыс болған. Орталығы Омбы қаласы болғанымен облыстың Ақмола атануының өзі оның ерте танылғандығының белгісі. Әйтпесе осы облыс құрамында сол кездегі Ақмола­дан үлкен Омбы, Қызылжар, сәл кішірек Көкшетау, Атбасар қалалары болған, бірақ соған қарамай облыс атауын Ақмо­ла иемденген.

Басынан бағы таймасын - Жақсыбай Самрат

Қазақ даласын, оның ішінде Сарыарқаны әскери отарлау үшін 1830 жылдан бастап салынған қамалдардың бірі осы Ақмола болды. Отаршылыққа қарсы он жыл бойы күрес жүргізген Кенесары хан 1838 жылы бұл қамалды жермен-жексен еткенін де жақсы білеміз. Ілияс Есенберлиннің «Қаһар» романында бұл оқиға туралы тарихи деректерден ауытқымай көркем баяндалған. Қамалдың коменданты И.Карбышев пен аға сұлтан Қоңырқұлжа Құдаймендин қамалдан зорға қашып, құтылады. Патшалықтың қазақ жерінде құлатылған қамалдарының ішіндегі ең көрнектісі де осы болды. Сөйтіп қазақ халқының еркіндікке, азаттыққа ұм­тылған күресінің символы да Ақмола деп айтуымызға болады.

Ақмоланың тарихына үңілсек, аспаны үнемі ашық, заманы бейбіт болған жоқ. Оның аумағы да қазақтың кең даласы сияқты неше түрлі қиямпұрыстарды басынан өткерді. Тіпті өзгелерге қарағанда көбірек өткерді деп айтсақ та артық емес.

Қазақ жер-су атауларына «қара» деген сипатты сирек қолданады, өйткені бұл түс бізде қатердің, қауіптің белгісі. Ақмола жерінде қарамен аталатын жер, су атаулары да көп. Мысалы, Қараөткел, Қарасу, Қаракөл, Қаражар және т.б. Бұл да Ақмола даласының бір ерекшелігі, оның бойындағы ел мен жер үшін болған шайқастардың, «тар жол, тайғақ кешулердің» көп болғандығының белгісі.

Қазақтың ұшы-қиырсыз Сарыарқасы осы облыстың аумағынан басталады. Ор­манды-дала аймағының тыңмен көте­рілген жазығының да ең соңы осы облыстың шегінде. Қазақ даласында тыңның дақпыртымен ең көп жыртылған жер де осы жазық болды. АҚШ-тың Л.Браун институтының зерттеулеріне қарағанда тыңның кесірінен жалпы КСРО топырақтың 2,3 млрд тонна жоғарғы құнарын жоғалтқан болса, соның 95 пайызы Қазақстанның үлесіне тиді.

 1960 жылдың соңында Ақмолаға бақ аяқ астынан қонып, ол Қазақстан аумағының 21 пайызын, халық санының 31 пайызын алатын Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Павлодар, Көкшетау, Ақмола облыстары сияқты бес облыстың территорияларынан жасақталған Тың өлкесінің орталығы болып шыға келді. Бұл да қазақ даласының басына бұлт үйірілген ауыр жылдар болды. Өйткені Хрущев оны Ресейге қосып жібермек болғаны белгілі. Тек Жұмабек Тәшенов сияқты намысты ағаларымыз басын бәйгеге тігіп, қасқайып қарсы тұрғандығының арқасында ғана алып қалғандығы да ел тарихындағы өшпес ерліктердің бірі.

Тың өлкесінің орталығы болғандығының сылтауымен Целиноградқа әжептәуір инвестиция құйылып, жаңбыр қатты жауса төбесінен су сорғалайтын бұрынғы шатырсыз саман үйлердің орнына жүздеген «хрущевтік» қораптар тұрғызылды. Әлеуметтік құрылыстар салынып, өнді­ріс ошақтары да ашылды. 1961 жылы Целино­град тұрғындарының саны 115 мың адамнан аспайтын. Осы өлкедегі Петропавл мен Павлодар қалалары одан үлкен еді, Қос­танай да оларға жетеғабыл болатын, алайда Хрущев Целиноградты шу дегеннен ұнатып, орталықтың осы болғанын қалады. Мәскеуліктерді Целиноградқа шеф қылған ол тек 1964 жылы ғана 600 вагон құрылыс материалдарын және мыңдаған құрылысшылар жіберді. «Москва» деген қонақүй, дүкендер, балалар орындары сол жылдары салынған.

Мұның бәрі материалдық тұрғыдан жақсы болғанымен, халқымыздың ұлттық мұраттарын аяққа басып, рухын сындырған, тілін, ділін ұмыттыруға бет алған жылдар еді. Қалада бірде-бір мәдени шара қазақша өтпейтін, бірде-бір жиындарда, үлкен жиналыстарда ана тілінде сөйлеуге болмайтын, сөйтіп, қазақтың бұрынғы Ақмоласына жылап көрісетін заман туды. Соның зардабын ақмолалықтар әлі күнге тартып келеді. Хрущевтің орнынан кетірілуімен ғана 1965 жылдың 19 қазанында Тың өлкесі таратылып, бұрынғы облыстар қайтадан орнына келтірілді.

Алайда еліміз тәуелсіздік алған жылдардан бастап қана Ақмола қаласының халқы өз жоғалтқанын тауып, тілін, ділін, дінін қайтаруға қол жеткізді. Ақмоланың басына баянды бақ тек бүкіл еліміздің астанасы болып бекітілуімен қонды. Осы кезден бастап Ақмола тұралап қалған ел экономикасының локомотивіне айналып, барлық құрылыстар мен өндіріс ошақтарының ұйытқысы болды, еліміздің барлық түкпірінен жұмыс іздеген жастар осында ұмтылды.

Ал 1998 жылы аты Астанаға айналып, осы жылдың 10 мау­сымында халықаралық тұсаукесері болды. Астана қазақтың сайын далалы Сарыарқасына жарасқан еуропалық үлгідегі жоғары мә­дениетті, әсем құрылысты қалаға айналды. Жақсы атын шығарған ерлері мен қыздарының, дүние жүзінің назарын өзіне аударған маңызды мәдени істері мен шараларының арқасында бүкіл әлем танып, қызығушылық көрсетіп келеді. Астананың бағы – қазақтың бағы, сондықтан Астанамыздың осы бағы басынан таймасын деп тілейік.

Жақсыбай САМРАТ,

«Егемен Қазақстан»