Футбол • 18 Маусым, 2018

ӘЧ: Сербтер сенім артқан серкелер

422 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Әлемдік ТОП лигаларда көптеген сербиялық футболшылар жарқырап жүргені анық. Тіпті біздің елдегі әр командада кем дегенде бір сербиялық футболшы бар. Балқан түбегінің өкілдері күллі Еуропа футболын жаулап алған десек қателеспеспіз. Бірақ ұлттық құрамасы әртүрлі себептермен жарқырап өнер көрсете алмай келеді.  

ӘЧ: Сербтер сенім артқан серкелер

Сербия құрамасының жоғары деңгейде доп теуіп, азулылармен айқасып-ақ жүретін жөні бар. Әлемнің алпауыт командаларында ойнап жүрген сербиялықтар жеткілікті. Алайда соңғы 10 жылдықта бұл құрама көптеген өзгерістерді бас­тан өткерді. Соның салдарынан тұрақтылықтан айырылған. Мысалы, басында бұл команда Югославия деп аталғанын білесіздер. 2003 жылы құрама Сербия және Черногория деп атала бастады. Сосын 2006 жылы Черногория бөлініп кетті де, жалғыз Сербия қалды. Бұл аралықта құраманың негізгі ойыншылары Черногорияға ауысты да, команда қайта жасақталды. Осындай алма­ғайып кезеңдер көп орын алған соң, Сербия бірде Еуропа біріншілігіне, бірде әлем біріншілігіне шыға алмай жүрді. Енді міне, Сербия дербес команда болып бірінші рет біріншілікке қатысқалы тұр.

Іріктеу компаниясын Сербия сәтті бастады. Не­гізгі бәсекелес Аустрия, Ирландия, Уэльстен керекті ұпайдың бәрін алды. 10 ойынның 6-ын жеңіп, 3-інде тең түсті. Бір ғана матчта жеңіліс тапты. Бірақ сол жеңіліс сербтерге өте ауыр тиді. 9-турда Аустрияға қонаққа барған балқандықтар 89-минутта гол жіберіп алып, қоржындары бос қай­т­ты. Осы аралықта Ир­лан­дия қарсыластарын же­ңіп, ұпайдан шашау шығар­мады. Соңғы турда Сербия Грузиямен кез­десіп, Белградтағы ойында 3 ұпайды матч соңына қарай жұлып әкетті. Әйт­пегенде, әлем чемпионатына Ирландия шығар еді. Александр Прийовичтің жалғыз голы бүкіл Белгра­д­тағы жанкүйерлерді бақытқа бөледі.

Құраманың ойыншылар тізіміне қарасаңыз, Сер­бия чемпионатында ойнайтын 3 қана футболшыны көресіз. Олар: қақпашы Стойкович, қорғаушы Милан Родич, жар­тылай қорғаушы Не­манья Радонич. Қалған фут­болшылар түгелімен шет­ел чемпионаттарында ой­найды. Және жай шетел емес, кілең Англия, Испания, Германия, Италия секілді әлемнің ең айтулы біріншіліктері. Команданың қорғанысын қайдам, жартылай қорғаушылары «кі­лең сен тұр, мен атайын» деген­дер. Команданың бас­ты жұлдызы «Манчестер Юнайтед» ойыншысы – Не­манья Матич. Ол қазіргі таңда орталық жартылай қор­ғанысты тасқамал ұстай­тын ең таңдаулы орындаушы десек артық емес.

Сербия құрамасының тізімі:

• қақпашы: Владимир Стой­­кович (Партизан), Мар­ко Дмитрович (Эйбар, Ис­пания), Предраг Райкович (Мак­каби Тель-Авив, Из­раиль);

• қорғаушы: Александар Коларов (Рома, Италия), Бра­­нислав Иванович (Зе­нит, Ресей), Душко То­шич (Гуанч­жоу Фули, Қы­тай), Ан­тонио Рукавина (Вильяр­реал, Испания), Ми­лош Вель­кович (Вердер, Гер­­мания), Милан Родич (Цр­вена Звезда), Урош Спаич (Крас­­нодар, Ресей), Никола Миленкович (Фиорентина, Италия);

• жартылай қорғау­шылар: Неманья Матич (Ман­честер Юнайтед, Ан­глия), Сергей Милин­кович-Савич (Лацио, Ита­лия), Лу­ка Миливоевич (Кристал Пэлас, Англия), Адем Ляич (Торино, Италия), Марко Груйич (Ливерпуль, Англия), Неманья Радонич (Црвена Звезда), Душан Тадич (Саут­гемптон, Ан­глия), Фи­лип Костич (Гам­бург, Германия), Ан­дрия Живкович (Бенфика, Португалия);

• шабуылшылар: Александар Митрович (Фул­хэм, Англия), Алек­сандар Прийович (ПАОК, Грекия), Лука Йович (Айнтрахт, Гер­мания).

• Бас бапкер: Младен Крстажич – 43 жаста (04.03.74).

Ермұхамед МӘУЛЕН,

«Егемен Қазақстан»