Футбол • 19 Маусым, 2018

Әлем чемпионатының фавориттері сүрінді

425 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Әлем чемпионатының төртінші күні ортаңқол құрамалар сана­тын­да­ғы­лар төрге озды. Ал біріншіліктің басты фавориттері ұпайдан шашау шығарды. Бразилия күтпеген жерден Швейцариямен тең түссе, әлем чемпионы Германия Мексикадан жеңіліп қалды. Жаһандық жарыстың алғашқы қызықтары осылай басталды. 

Әлем чемпионатының фавориттері сүрінді

40 жылдан кейінгі сәтсіздік

Дәл осыншама жыл бойы әлем чемпионаттарындағы алғашқы ойындарында Бразилия ешқашан ұпайдан шашау шығармапты. Алғашқы ойындарын үнемі жеңіспен бастап отырған екен. Швейцарияға қарсы өт­кен ойын бразилиялықтар үшін жақ­сы басталып еді. Кездесудің 20-­ми­нутында Фелипе Коутиньо алыс­­тан жойқын соққы бағыттап, есеп ашқан. 

Алайда «селесао» ойыншылары басымдықты ұстап тұра алмады. Екін­ші таймда Швейцария футболшысы Цубер таразы басын теңестірді. Неймар, Жезус, Коутиньо, Фирмино бастаған сайыпқырандар қанша ша­бу­ылдағанымен, жеңісті голға шама­лары жетпеді. Әлемнің 5 дүркін чемпионы Бразилия енді 22 маусым күні Коста-Рикамен кездеседі. 

Жанардан аққан жеңістің жасы

Германия әлем чемпионы бола тұра, алғашқы ойынын жеңіліспен бас­тады. Мексика құрамасы кіші­гірім сенсация жасады. Колум­бия­лық бапкер Осарионың керемет так­тикасының арқасында Мексика 1:0 есебімен бундес командадан ба­сым түсті. Ойын аяқталған соң Мек­сика шабуылшысы Хавьер Эрнан­дес жанарына жас алды. Бұл ел­дің жанкүйерлері де әлем кубогін ұт­қандай қуанып, Мәскеуде үлкен той жасады. 

Айта кетейік 1998 жылы чемпион болған Франция келесі біріншілікті жеңіліспен бастаған. Ал одан кейін Италия мен Испания да тура осындай жағдайды бастан өткеріп еді. 

Мексика құрамасы енді 23 мау­сым күні Оңтүстік Кореямен кез­де­седі. 

Калинич командадан қуылуы мүмкін

Хорватия құрамасының шабуыл­шысы Никола Калинич командадан қуылуы мүмкін деп хабарлады әлемдік БАҚ. Команданың бас бапкері Златко Далич Николаны Нигерияға қарсы өткен ойынның 85-минутында алаңға шығармақшы болған. Алайда Никола алаңға шығудан бас тартады. Бапкер тапсырмасын орындамағаны үшін ол командадан қуылатын секілді. 

Хорватиялық тілшілердің жазуы бойынша, «Милан» сапында өнер көрсететін Калинич бапкерге бұрын­нан риза емес екен. Негізгі құрамда алаң­ға шығуды жоспарлаған Никола қосалқы құрамда қалғанына қатты қапа­ланған. Бұл оқиға «шақпақ жей­делілер» үшін жағымсыз әсер бер­гені анық. Естеріңізге сала кетсек, Хорватия Нигерияны сол ойында 2:0 есебімен жеңген еді. 

Погба голынан айырылды

ФИФА Франция құрамасының жар­тылай қорғаушысы Поль Пог­баның соққан голын Әзиз Бехич­тің атына жазды. Франция – Аустралия арасындағы ойынның 81-минутында Поль Погба қарбаласқан сәтте қақпаға гол соғып, Франция жеңісті жұлып әкетті. Төрешілер хаттамаға гол авторы Поль Погба деп жазды. Бірақ кейіннен бейнеқайталаудан анық­талғандай, голдың авторы Аустралия құрамасының қор­ғау­шысы Әзиз Бехич екен. Жаңадан ен­гі­зілген бейнеқайталау жүйесі осын­дай шешімге келіпті. Енді бүкіл статистикалық хаттамалардың барлығында кеткен олқылық қайта түзетіледі. 

Франция құрамасы келесі ойынын 21 маусым күні Перуге қарсы өткізеді. 

Ермұхамед МӘУЛЕН,
«Егемен Қазақстан»