Футбол • 20 Маусым, 2018

ӘЧ: «Үш түсті» елдің үкілі үміті

540 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Мексика құрамасы – футболдан әлем чемпионатына үздіксіз қатысып келе жатқан командалардың бірі. Дүбірлі додаға осымен 16-рет қатысып отыр. Мексикалықтар әлем чемпионатындағы ең үздік нәтижесіне 1970 және 1986 жылдары қол жеткізген. Екі біріншілікте де олар ширек финалға дейін жеткен. Соңғы жеті чемпионат бойы Мексика доп додасына тұрақты қатысып келсе, құрама капитаны Рафаэль Маркес биыл бесінші әлем чемпионатында өнер көрсетіп отыр.

ӘЧ: «Үш түсті» елдің үкілі үміті

1994 жылдан биылға дейін бір­де-бір чемпионаттан тыс қал­­маған мексикалықтар сол жо­лы топтық кезеңде жақсы ойын өрнегін көрсетіп, плей-офф кезеңіне дейін жеткен. Бір қы­­зығы, 1994 жылғы бірін­ші­ліктен бүгінге дейін сценарий қатарынан алтыншы рет қай­та­ла­нып келеді. Дегенмен, мек­си­ка­лықтардың 2002 жылғы бірін­ші­лікте өз «рекордын» жаңар­тып, келесі кезеңге өтуіне тама­ша мүм­кіндігі бар еді. Азия құр­лы­ғында өткен футбол тойында Мексика құрамасы өз тобынан екінші орынмен шығып, плей-офф кезеңінде АҚШ құра­ма­сына тап келді. Солтүстік және Орталық Американың құр­лық­аралық кездесуінде АҚШ құ­ра­масын оңай жеңіп жүрген Мек­сика күтпеген жерден 0:2 есебімен жеңіліп қалды. 

2014 жылы Бразилияда өткен доп додасында мексикалықтар «А» тобында сынға түсті. Топтық кезеңде жарыс қожайындары – Бразилиямен бірдей ұпай жи­нап, алғашқы екі орынды өзара бөлісіп, турнирдің келесі кезе­ңі­не жолдама алды. Плей-офф бәсе­кесінде мексикалықтар Нидер­ланд құрамасымен күш сынасып, тартысты өткен ойында 1:2 нәтижесімен есе жіберді. Матчың не­гізгі уақыты 1:1 есебімен аяқ­тал­ған-ды. Алайда ойынның негіз­гі уақытына қосылған қо­сым­ша минуттарда Нидерланд ша­буыл­шысы Клас-Ян Хунтелар құрамасына жеңіс голын сыйлады. Осылайша, Мексика құ­ра­масы төрт жыл бұрынғы чем­пи­онаттағы жорығын 1/8 финал­да аяқтаған болатын. Биыл мек­сикалықтардың мақсаты – қа­лайда әлем чемпионатында топ жару. 

Ресейдегі әлем чемпионатына іріктеу кезеңінде Мексика Солтүстік, Орталық Америка және Кариб бассейні аймағында Коста-Рика, Панама, Гондурас, АҚШ, Тринидад және Тобаго сияқты құрамалармен бір топта жолдамаға таласты. Іріктеу ке­зеңі Мексика үшін аса қиын өт­­ті деп айта алмаймыз. «Үш түс­ті» елдің футболшылары ірік­теу аяқталуға үш тур қалғанда өз тобында бірінші орын алып, әлем чемпионатының жолдамасын мерзімінен бұрын иеленді. Бір қызығы, бұл топтағы АҚШ құ­ра­масы 10 ойыннан кейін 12 ұпай жинап, бесінші орынмен көш со­ңында қалып қойды. 

Әлем чемпионатының топ­тық кезеңінде Мексика қазіргі әлем чемпионы – «Неміс машинасымен» бір топқа түсті. Қызық болғанда, екі құра­ма бірінші турда-ақ бір-бірімен жо­лықты. Біріншілік алдында футбол мамандарының бәрі Гер­мания құрамасы топтағы барлық ойында жеңіске жетіп, бірінші орынмен келесі кезеңге жолдама алады деп болжаған болатын. Алайда мексикалықтар бұл жолы айды аспанға шығарды. Германиямен кездесудің 35-минутында «Үш түсті» елдің шабуылшысы Ирвинг Лосано гол соғып, құрамасына маңызды үш ұпай әперіп қана қоймай, төрт жыл бұрынғы әлем чемпионын жеңді. 

Енді Мексика құрамасы алда­ғы кездесуін 23 маусым күні Азия құр­лығынан келген Оңтүстік Корея құрамасымен өткізсе, 27 мау­сымға жоспарланған соңғы тур­дың матчында Еуропа өкілі Швециямен плей-офф кезеңіне берілетін жолдаманы сарапқа салады. Егер мексикалықтар бір ойында жеңіске жетіп, біреуінде тең ойнаса, еш қиындықсыз чемпионаттың келесі кезеңіне жолдама алады. 

Әли БИТӨРЕ,
«Егемен Қазақстан»