Футбол • 20 Маусым, 2018

Чемпионаттың алғашқы айналым артта қалды

392 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Биылғы әлем чемпионаты өте қызықты өтіп жатыр. Әзірге, алғашқы айналымнан кейін осылай деуге негіз бар. 

Чемпионаттың алғашқы айналым артта қалды

Чемпионның жеңілуі, өзге фавориттердің ұпай жоғалтуы, аутсайдерлердің батылдығы – бәрі де қалың көрер­меннің көңілінен шығуда. Әлемдік баспасөзде Ресейдің жарысты жақсы ұйым­дас­тырып жатқаны сөз болды. Әсіресе ағыл­шын жанкүйерлері дән риза. Олар бұл мемлекетке қорқақтап келгені рас. 2016 жылы Франция жерінде өткен Еуропа чемпионатында Ресей мен Англия фанаттары қақтығысып, Ұлыбритания азаматы сол оқиғадан көз жұм­ды. Бірақ Тұманды Альбионнан келген 2500 жанкүйер ресейліктердің оларды жақсы қа­был­дап, қонақжайлық танытқанын айтып, таңғалуда. 

Чемпионатта болған жағымсыз оқиға – Мәскеудегі такси жүргізушісінің жол жиегіне шығып, 7 адамды қағып кеткенінен басталды. Қырғызстан азаматы Шыңғыс Анарбек өз кінә­сін мойнына алып, кешірім сұ­рады. Сот ше­ші­ммен ол 2 айға бас бостан­ды­ғынан айыр­ылды. 

Ал «Ювентус» болса алғашқы ойында жарқ етіп көрінген ресейлік ойыншы Александр Головинмен келіссөздерді бас­тады. Орыс ойыншысы италиялық клубқа ауы­суға қарсы емес. Тек мәскеулік ЦСКА жар­тылай қорғаушы үшін 25 миллион еуро сұрап, туриндік клуб беріп отырған 17 милли­онды азсынды. Қаржылай дағдарысқа ұшы­рап жүрген әскери клуб сатып алушы 20 миллион ұсынса, футболшысын сатуға дайын. 

Сауд Арабиясы құрамасы келеңсіз оқиғаға тап болды. Петербордан Ростовқа ұшу барысында олар отырған әуе кемесін өрт шалды. Тікұшақтың бір қозғалтқышы істен шы­ғып, әуежайға әрең дегенде қонды. Кейін­нен анықталғандай, тікұшақтың жел­дет­кішіне құстар кіріп кетіпті. Сауд Арабиясы құрамасы бүгін 21:00-де Уругваймен кездеседі. 

Ресейдегі әлем чемпионатында тағы бір рекорд жаңарды. Мексика құрамасының капитаны Германияға қарсы ойында алаңға кіріп, өзінің 5-біріншілігінде доп тепті. Мұн­дай рекорд осыған дейін тек 2 ғана футболшыда болған. Мексикалық ардагер енді Антонио Карбахал мен Лоттар Маттеустермен бір тізім­де тұрады. 

Аргентина – Исландия арасындағы ойын­ның телекөрсетілімі өте көп аудитория жи­нағаны анық. Жарық көрген бір стати­сти­каға назар салсақ, мұз аралының халқы осы ойынды тегіс көріпті. 360 мың халқы бар аралдың телевизиясы бұл ойынды мемлекетте тұратын азаматтардың 99,6 пайызы көргенін растады. Кішкентай аралдың үлкен жетістігі жайлы күллі мемлекет көріп, біліп отыр деген сөз. 

Сонымен 1-турда көзге түскендер қата­ры­на Мексика, Ресей, Иран, Сербия және Хорватия құрамаларын айтамыз. Өз ойын­дарында жеңіске жетіп, топтарында бірін­ші орында тұр. Алғашқы турда жолы бол­май, көптеген қауіпті сәтті голға айнал­дыра алмаған Луис Суарес Уругвай жанкүйер­ле­рінің тарапынан сын садағына ілінді. Месси­дің пенальти соқпауы кешірімді бол­ға­­нымен, оған да артылып жатқан жауапкершілік мол. Ойын бойы жарақат алмауды ойлаған Ней­мар жанкүйерлердің екіұдай сезімін ту­­дырды. Алайда Бразилия құрамасы әлі ештеңе жоғалтқан жоқ. Алдағы екі ойын­ды жеңсе, «селесао» фанаттары бәрін ұмытар еді. Кезінде атақты ойыншы болған Эрик Кан­тона Неймардың шаш үлгісін мазақ етіп, әлеу­меттік желіде пародия жасады. Фран­ция­лық ардагердің бұл қылығы Ней­мар­дың жеке жанкүйерлерінің шамына тигені анық. 

2-турда бізді Аргентина – Хорватия, Сер­бия – Швейцария, Польша – Колумбия ара­сын­да өтетін тартысты әрі маңызды матчтар күтіп тұр. 

Ермұхамед МӘУЛЕН,

«Егемен Қазақстан»