Бағдарламалар • 21 Маусым, 2018

Цифрландыру – ел дамуының басты кепілі – А. Оспанов

1992 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

Мемлекетіміздің заман талаптарына сай болуы, экономикасы мен қоғамдық қарым-қатынастары дамыған елдердің санатына жетуі – тәуелсіздіктің басты мақсаты. Осы орайда елімізде көптеген игілікті істер атқарылуда. Соның бірі – «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы.

Цифрландыру – ел дамуының басты кепілі – А. Оспанов

Жыл өткен сайын еліміздегі мемлекеттік қызмет көрсету аясы кеңейіп, халыққа қызмет көрсету сапасы да жақсарып келеді. Осы тұрғыда еліміздің түкпір-түкпірінде он жыл бұрын халыққа қызмет көрсету орталықтары (ХҚО) ашылған болатын. Енді осы орталықтардың саны артып, мамандандырылған ХҚО-лар мен миграциялық және цифрлы ХҚО-лар іске қосылуда. Осы ретте көкейімізде көптеген сұрақ туындайтыны сөзсіз. Мәселен, халыққа қызмет көрсету орталықтарының рөлі қандай? ХҚО жұмысын жеңілдетуде цифрлы технологиялардың алар орны қандай? Жер мәселесіндегі кедергілер қалай шешілмек? Жер телімдерін уақыт оздырмай алу үшін не істеу керек? Заңсыз жер алушылар мен заңсыз құрылыспен айналысатындарға қарсы қандай шаралар қолданылады? Мемлекеттік қызмет саласында цифрландыру үдерісі қалай жүруде? Осы және өзге де сұрақтарға жауап алу үшін «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының Басқарма төрағасы Абылайхан ОСПАНОВПЕН әңгімелескен едік.

− Абылайхан Есенұлы, алғашқы сұрағымызды корпорацияның құ­ры­лымынан бастасақ. «Азамат­тар­ға арналған үкімет» қашан және қандай мақсатпен құрылды?

− «Азаматтарға арналған үкімет» мем­лекеттік корпорациясы 2016 жы­лы мемлекеттік қызметтерді көр­се­тудің бірыңғай провайдері болу мақ­са­тында құрылды. Оның құрамына төрт республикалық мемлекеттік кәсіп­орын − «Халыққа қызмет көрсету орта­лығы», «Зейнетақы төлеу жөніндегі мем­лекеттік орталық», «Жер кадастры ғы­лыми-өндірістік орталығы» және «Жылжымайтын мүлік орталығы» кір­ген болатын. Қазір осы бағытта қызмет көр­сету саласын дамытып, бизнес-үде­ріс­терін жетілдіріп, озық технология­ларды енгізу бойынша ауқымды жұмысты іске асырудамыз. Бүгінгі таңда мемлекеттік қызметтердің 83 пайызы біздің корпорация арқылы ұсынылады.

− Аталған салада цифрландыру барысы қалай жүзеге асып жатыр? Қан­дай жетістіктерге қол жеткіз­ді­ңіздер?

− Бұл сұраққа жауап бермес бұрын ХҚО-ның ашылу тарихы туралы айтып өтсек. Алғашында халыққа қызмет көр­сету орталықтары электронды қыз­метті қолданбайтын. «Бір терезе» қағидаты енгізіліп, тұрғындарға қызмет ету үшін бірыңғай ақпараттық жүйе жасалды. Уақыт өткен сайын бұл орталықтар дамып, қазір толық трансформациядан өтті. Сондай-ақ электронды үкімет қолға алынып, egov.kz арқылы азаматтар өз бетінше қызмет алу мүмкіндігіне ие болды.

Қазіргі таңда біз «бір өтініш» қа­ғи­да­тына өтудеміз. Бұл − халыққа бір­не­ше қызметті бірден көрсету. Оның үстіне ТМД бойынша алғашқы болып проактивті қызметтерді енгізіп жатыр­мыз. Қазір бала туу бойынша мем­лекеттік қызметтерді сәбилі болған ата-аналар перзентханадан шықпай, те­­ле­­фонның көмегімен-ақ ала алады. Яғни туу туралы куәлікті, балабақшаға кезек­ке қою, жәрдемақыларды тағай­ын­дауды SMS-тің көмегімен рәсімдеуге болады. Алдағы уақытта адамның өмір­лік жағдайына байланысты бірқатар қыз­мет осы проактивті тәсілге көшіріледі.

Цифрландыру деңгейінің тағы бір көрінісі – егер біз жылына 38 миллионға жуық қызмет көрсетсек, оның 60 па-
йыздан астамы электронды нұсқада ұсы­нылады. Бұл орайда айтарым, халық­тың цифрлы сауаттылығын арттыру, қызметтерді жаппай электронды нұс­қа­ға көшіру – біздің қызметтегі басты басым­дық­тардың бірі.

− Цифрландыруға көшудің негізгі себебі қандай?

− Азаматтар өзгеге кіріптар болмай, өз бетінше қызмет алса дейміз. Егер электронды қызметтерді алып үй­рен­се, халық ұзын-сонар кезекте тұ­рып, алтын уақыттарын жоғалтпас еді. Оның үстіне қызметтерді өз бетінше алу қаржылай жағынан да тиімді, яғни босқа шығындалмайды. Осы мақсатта ха­лықтың цифрлы сауаттылығын көте­руге күш салудамыз. Біздің ХҚО-дағы мамандарымыз әр қызмет алушыға электрон­ды үкімет порталын қолдану жол­дарын түсіндіреді. Сондай-ақ өз­де­ріңіз де естіп-біліп жүрсіздер, біз Ха­лық­қа цифрлы қызмет көрсету орта­лық­тарын ашуды қолға алдық. Қазіргі таңда мұн­дай орталықтар Астана, Алматы, Шымкент қалаларында бар. Жыл соңына дейін басқа аймақтарда да ашуды жос-
парлап отырмыз.

− Ал цифрлы ХҚО-ның күнде­лік­ті көз үйренген ХҚО-дан айыр­ма­шы­лығы неде? Цифрлы сауат­ты­лық­тың адамға қандай пайдасы бар?

− Басты айырмашылығы – халыққа электронды қызмет алуды үйретеді. Бұ­дан соң азаматтар өзіне-өзі қызмет көр­сету мүмкіндігіне ие болады. Біздің ма­мандар электронды үкімет порталы мен мемлекеттік сатып алу порталын қол­­дану жолдарын көрсетіп, сондай-ақ элек­тронды коммерцияның қалай жүзеге асы­р­ылатынын, қалай тауар сатып алуға бо­латынын орталықта егжей-тегжейлі ай­татын болады. Оқыту курстарына кез келген азамат қатыса алады және курс тегін жүргізіледі. Егер мемлекеттік қыз­мет көрсету саласында толықтай элек­тронды жүйеге көшетін болсақ, 13 млрд теңге үнемделеді. Бұл халықтың әлеу­меттік жағдайына оң ықпалын ти­гі­зетіні, азаматтар үшін қаншалықты тиім­ді екендігі айтпаса да түсінікті.

− Баспасөз беттеріндегі мәлімет­тер­ге сүйенсек, сіздер 8 миллион ха­лық­тың цифрлы сауаттылығын арт­ты­руды қолға алыпсыздар. Мұны қа­лай жүзеге асырмақсыздар?

− Жаңа айтып өткендей, Халыққа цифрлы қызмет көрсету орталықтарында оқу сыныптары ұйымдастырылған. Сондай-ақ қазіргі таңда арнайы спикер­лер­ді дайындаудамыз. Түрлі мекемелер мен ұйымдарда, мектептер мен жоғары оқу орындарында біздің спикерлер дәріс оқып, қызметтерді электронды нұсқада алу жолдарын егжей-тегжейлі түсіндіріп жатыр. Қазақстанның барлық аймағында ауқымды акциялар мен түрлі іс-шаралар ұйым­дастырудамыз. Ал шалғайдағы елді мекендерге біздің 70 мобильді ХҚО қызмет көрсетіп, ауылдағы аға-
й­ынға өз бетінше қызмет алу жолдарын түсіндіруде.

− Алдағы уақытқа жоспарларыңыз қандай?

− Жоспар көп, цифрлы мемлекетке айналу жолында тағы да көптеген жаңашылдықтарды енгізіп, қанатқақты жо­ба­ларды жүзеге асыруды көздеп отыр­мыз. Соның біріне тоқталсақ, жуыр­да Астанамыздың 20 жылдық мерейтойы қар­саңында ЭКСПО кешенінде заманауи «Digital Centre» цифрлы қызмет орта­лығын ашамыз. Онда азаматтарға операторлар емес, жасанды интеллект қызмет көрсетеді. Қазақстандықтар бұған дейін кинода ғана көрген робогидтер мен галограмма мүмкіндігін шынайы өмірде қолдана алады. Сондай-ақ биылғы кешен­ді шаралардың бірі, Алматы мен Ақтөбе қалаларында көші-қон мәсе­ле­сі­мен айналысатын миграциялық ХҚО ашуды жоспарлап отырмыз.

− Миграциялық ХҚО ашу не үшін қажет болды?

− Біздің қызметіміз қазақстан­дық­тар­дың игілігіне ғана емес, елімізге келген шет­елдіктерге де жайлы жағдай жасауға ба­ғыт­талған. Көші-қон саласындағы қыз­меттерді сапалы әрі қолайлы ету үшін қанатқақты жоба ретінде Астанада Миг­рациялық ХҚО ашылған болатын. Шет­елдіктердің Қазақстанға келгенде, сер­гелдеңге түспей, еліміз жайлы жақсы пі­кір қалыптастыруы аса маңызды мә­се­ле. Мәселен, бұрын олар ЖСН алу үшін салық мекемесіне, медициналық сақтандыруды алу үшін емханаға, өмірін сақтандыру үшін сақтандыру компаниясына барып, әбігерге түсіп, көп уақытын жұмсайтын. Ал бүгінде барлығы бір жерге шоғырландырылды. Бұл тұрғыда миграциялық ХҚО-ның қаншалықты тиімді екені түсінікті жайт.

− Сіздер ұсынған тағы бір жоба – анықтамасыз қызмет сервисі бүгін­де көпшіліктің көңілінен шығып жат­қан көрінеді. Алайда бұл жерде азаматтардың жеке мәліметі қанша­лық­ты қорғалған деген сұрақ туындайды.

− Расымен, биыл Премьер-Минис­тр­дің орынбасары Асқар Жұмаға­лиевтің тапсырмасымен электронды үкімет пор­талында «Paper free» сервисін іске қос­тық. Енді азаматтар мемлекеттік органдарға мекенжай анықтамасын, сондай-ақ жылжымайтын мүлікке тір­кел­ген құқықтар және жылжымайтын мүлік­тің болуы немесе болмауы туралы анық­тамаларды қағаз жүзінде апаруға міндетті емес. Жаңа жобаға сәйкес SMS-хабарлама арқылы қызмет алушының рұқсаты расталған жағдайда, үшінші тұлғалар ақпараттық анықтамалар ала алады. Ал жеке мәліметтердің қауіп­сіз­дігін қамтамасыз ету біз үшін аса ма­ңызды мәселе. Бұл орайда қажетті іс-шараларды атқарып, үнемі күн тәртібінде ұстаймыз. Бір ғана мысал, қазір жеке мәліметтерге қолжетімділік функциясын бұғаттау жобасын енгізіп жатырмыз.

−  Бұл қандай жоба, толығырақ айтып кетсеңіз.

− Бұл функция электронды үкімет порталында жүзеге асырылады. Біз халыққа жеке мәліметтеріне қолжетімділікке тыйым салу мүмкіндігін ұсынбақпыз. Бұл жобаға сәйкес, егер азаматтар жеке мә­ліметтеріне қолжетімділікке тыйым сал­са, ешкім де, тіпті ХҚО қызметкері де же­ке мәліметтерді көре алмайды. Опера­тор­лар қандай да бір қызмет ұсыну барысында жеке деректерге қол жеткізу үшін азаматтардың SMS-рұқсатын алуы тиіс.

Жобаға сәйкес электронды үкімет порталындағы жеке кабинеті арқылы азаматтар өзінің жеке мәліметтеріне қолжетімділікті жауып тастап, қажет болған жағдайда қайта қоса алады. Айта кету керек, бұғаттау функциясын жеке ка­бинет арқылы ғана жасауға болады. Же­­ке мәліметтерге қолжетімділікке ты-
й­ым салу функциясын өшіру үшін SMS қызметін іске қосу керек. Яғни егер қолжетімділік бұғатталған болса, аза­маттың ЖСН-нің жүйеге енгізгенде, ХҚО операторы қолжетімділікті ашу тура­лы SMS-хабарлама алады. Қызмет алу­шының SMS-рұқсатын алған жағ­дайда ғана фронт-офис жұмысшысы қан­дай да бір мемлекеттік қызметті көр­сете алады.

Бұл сервисті қолдану үшін қызмет алушы мобильді азаматтар базасына тір­келуі тиіс. Мұны электронды үкімет пор­талындағы жеке кабинетте немесе кез келген ХҚО-да жасауға болады.

− Сіздердің қызметтеріңізге жер ка­дас­тры да кіреді екен. Осы сала­да цифрландыру қалай жүруде? Респуб­ли­ка көлемінде айтып өтсеңіз?

− Сұрағыңыз орынды. Мемлекет басшысы жақында Қауіпсіздік кеңесінің отырысында жер телімдерін есепке алуды автоматтандыру бойынша тапсырма берген болатын. Осыған байланысты бүгінде белсенді жұмыстар атқа­рудамыз. Бұған қоса, «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасында жер мәсе­ле­сі туралы арнайы іс-шаралар жос­пар­ланған. Айта кету керек, елімізде жер алу қиын. Неге? Өйткені бұл процесс қағаз түрінде болғандықтан, ұзақ уақытты талап етіп отыр. Адамдар арыз жазады, одан оны жер кадастры қарайды. Бұдан кейін келісім алу үшін тағы 12-ден аса орталыққа жолданады. Ол арызды көптеген монополиялық ұйымдар (сумен жабдықтау, жылумен қамту, электрмен жабдықтау) қарайды.

Қазіргі таңда алдымызда тұрған тапсырма – жер кадастрына қатысты қоғам­дық қарым-қатынастарды цифрландыру. Бұл өз кезегінде бірыңғай электронды картаның құрылуына әкеледі. Ал бірыңғай электронды карта құрылатын болса, аталған орталықтар жер туралы мәліметтер базасын сол электронды картаға салады. Нәтижесінде кез келген жер алушы тұрғын карта арқылы ал­ғысы келетін жері туралы мәліметті ав­то­матты түрде біле алады. Яғни ол жер ауыл шаруашылығына сай келе ме, не­месе құрылыс үшін қуаттылығы жете ме, соның бәрі бір базада болғандықтан, авто­матты түрде бәрі көрініп тұрады. Бұ­дан кейін бұрынғыдай 12 орталыққа арыз жазудың қажеті болмай қалады. Мұ­ны жергілікті атқарушы билікпен бір­лесе отырып жүзеге асыратын боламыз.

Болашақта барлық жер алу процесі ашық электронды алаңда жүреді. Жерді барлығы тең құқықта алу мүм­кіндігіне ие болады. Тағы да айта кетер­лі­гі, заңсыз жер алушылар мен заңсыз құ­ры­лыспен айналысатындарды да цифр­ландырудың аясында анықтауға бола­ды. Өйткені ұшқышсыз аппараттар және дрондар мониторинг жасап, жер телімдерін бақылап отырады. Осы­лай­ша, біз заң бұзушылықтарды цифрлы технологиялардың көмегімен анықтай аламыз.

− Абылайхан Есенұлы, сіз бұл салаға қалай келдіңіз? Білуімізше, ақпараттық технологиялар сала­сы­ның маманы екенсіз?

− Көпшілік қауым менің жасымды сұрайды. Жасым − 32-де. Алғашқы ЖОО-ны информатика (бағдарламашы) мамандығы бойынша елімізде оқыдым. Кейін қосымша заң саласын оқып алдым. Ал қазіргі таңда Халықаралық бизнес академиясында білім алудамын. Мұнда әкімшілік басқаруды меңгерудемін. Дамуға тек оңтайландыру және жаңа технологиялар арқылы жетуге бо­лады. Сол себепті басшылық ме­ні ІT саласының өкілі ретінде жаңа тех­нологияларды осы салаға енгізсін деп «Азаматтарға арналған үкімет» мем­ле­кеттік корпорациясына төраға етіп та­ғайындаған болатын. Осындай зор сенім арты­лғандықтан, барлық білім-білігім мен қажыр-қайратымды ел сенімін ақтауға жұмсап келемін.

− Әңгімеңізге рахмет.

Әңгімелескен Назерке ЕРКІНҚЫЗЫ