Қазақстан • 22 Маусым, 2018

Түркістан – шамшырағы қайта жанған көне шаһар

17990 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Елбасының Түркістанды облыс орталығына айналдыру шешімі жұртшылық тарапынан қызу қолдау табуда. Редакциямызға толассыз келіп жатқан лебіздер легінің бір парасын төменде ұсынып отырмыз. 

Түркістан – шамшырағы қайта жанған көне шаһар

Екі бірдей қала қайта түлейді

Бұл Прези­дент­тің көптің көкейіндегісін дөп ба­сып тосыннан жасаған сыйы болды. Оңтүстік Қазақстан өңірі халқының саны жа­ғынан да, экономикалық жағынан да, халқының менталитеті жағы­нан да Қазақстанның бас­қа облыстарынан ерек­ше­леніп тұратын өзгешелеу аймақ екені жұрттың бәріне бұрын­нан белгілі жайт. Осын­­дай өңірдің орталығын Түркістанға қарай ойыстыру идеясы тектен тек туындамаса керек. Рухани жаңғыру идеясының шын мазмұны енді ашылғандай күллі қазақ халқы қуанып, бірінен бірі сүйінші сұрап жатқанына куә болудың өзі бақыт. Түркістан – еліміздегі ең көне қалалардың бірі. 

Түркістан тәуелсіздікке дейін де біздің рухани астанамыз деп аталып келді. Түркі әлемінің талбесігі, тірегі болатындай міндет арқалаған Түркістан өз халінше дамыды, мәдени, сауда орта­лығына айналып, өсті, халқының саны да артты. Ендігі жерде оның руха­ни, экономикалық әлеуетін одан әрі өріс­тету үшін өз алдына облыс орталығы етіп құ­ры­лып жатқанын өте батыл әрі маңыз­ды қадам ретінде қабылдадым.

Түркістанымыз ежелден әлемге әйгілі қалалардың бірі болып келгені аян. Әсіресе, атақ-даңқының шығып, түбі бір түркі жұртымен жа­қын­дасып, алыс-жақынға таныл­ған кезі Әзірет Сұлтан меші­тінің салынуымен байланыс­ты өрістеді. Өзімнің де Түркі­станда балалық шағым өтті. Туған әпкем Түркістанда тұр­ғаннан кейін Түркістан екін­ші ата қонысымыздай қасиетті топырағында еркелеп, қасиетін сезініп өстік. Біздің бала күнімізде «Ахмет Ясауи мавзолейі» деп ешкім атамайтын. Ясауи атауы тек бертінде пайда болды. Діни жағынан да, діл, тіл, дәстүр жағынан да ежелгі Шығыс халқының бүгінге жеткен белгісі мен жұрнағындай болып бала­лық шағымнан қалып қойған көне бейнесі көз алдымда әлі тұр. Іргесіндегі Созаққа, арғы жағын­дағы Жаңақорғанға, қасын­дағы Арысқа немесе таяудағы Шәуілдірге  ұқса­май­тын өз алдына бөлек елді ме­кен бұл.  Түркістанның бүкіл жағдайын – саяси, гео­гра­фиялық, әлеуметтік жағ­дайын есепке ала отырып, күні кеше Президентіміз «Түркі­стан облысы құрылсын» деп және Оңтүстік Қазақстан емес, «Түркістан облысы атал­сын» деп Жарлыққа қол қоюы­ның өзі тек Түркістанның мәр­­те­бесін емес, күллі қазақ елі­нің мәртебесін көтер­ген­дей жұрт­тың бәріне ұнап отыр. Түркістан – түркі жұрты­ның орталығы. Бүкіл тари­хи тұлға­лары­мыздың, қазақ көшін алға сүйреген ұлы­лары­мыздың сүйе­гі сонда жатыр. Бұл онсыз да бұрыннан рухани астана болып келген еді. Енді, міне, арнайы Жарлықпен бекітіліп, айрықша мәрте­беге ие болып отыр. Онда­ғы ­мәдени ошақтар, ондағы аудан­дық көлемдегі көпте­ген кеңселер ендігі жерде об­лыстық деңгейге көтері­леді. Бұл да оңай шаруа емес.

Бәрін де кең құшағына алып, берекелі пейілімен жарылқап отырған Шымкент те жетімсіреп қал­мауы керек. Миллионнан артық тұр­ғыны бар шырайлы шаһар алып мегаполиске айналды. Бұл да қуаныш. Бұйыртса, оң­түс­­­тіктің екі бірдей қаласы құл­­п­ырып, қайта түлегелі тұр. Мағ­­жан Жұмабаевтан бастап Түр­кі­­станды жырға қоспаған ақын жоқ. Мағжан «Тамаша Түркі­стандай жерде туған, түрік­т­ің Тәңірі берген несібесі ғой» деген еді, болашақты айна-қатесіз болжағандай өлең бол­ды. Кеудемді кернеген қуа­ны­­шым­ды жасыра алмай, бар қазаққа құтты болсын айтамын!

Дулат Исабеков, 
жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты

 

Ұлтты ұйыстыратын мекен болады

Түркістан облысының құрылуы Қазақстан халқы үшін өте үлкен мәртебелі іс болды. Бұл – тарихи шешім. Біз Түркістанды айтқан кезде, түркі әлеміндегі рухани орталықты көзге елестетеміз. Түркістанды дамыту, әлеуетін арттыру, экономикасын көтеру, туризм және дін саласындағы орнын толықтыру үшін дәл осындай шешім сұранып тұрған болатын. Елбасы осының бәрін терең ойластыра келе, уақыты келген сәтте тарихи шешім қабылдады. 

Енді Түркістанға инвестиция ағылады, инвес­торлар, туристер, шетелдік компаниялар көптеп келіп, өңір халқының әл-ауқаты жақсара түспек. Ең бастысы, халықтың саны өседі. Тұрғындар саны енді бес-алты жылда жарты миллионнан асуы мүмкін. Қаланың дәрежесі де жылдан-жылға арта түспек. 

Жалпы, облысты екіге бөле отырып, Шымкент қаласына республикалық мәртебе берілуі, Түркістан облысының құрылуы – құрылымдық өзгерістер жасауға қауқарлы мемлекеттің ғана қолынан келетін іс. Бұл – еліміздің экономикалық әлеуетінің жоғары екендігінің белгісі. Осының әсерінен алдымен халықтың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайы оңала түспек. Мысалы, жаңа жұмыс орындары ашылып, халықтың табысы арта түседі. Әдетте халық ірі қалалардың маңайына шоғырланып, демографиялық ахуал да жақсара түсетіндігі ғылымда дәлелденген. Оның ішінде Түркістан облысына шетелдегі қандастарымыз да көптеп көшіп келе бастауы мүмкін. Сондықтан Елбасы шешімінің саяси, тарихи маңызы жоғары. 

Әли БЕКТАЕВ, 
Сенат депутаты

 

Кәсіпкерліктің дамуына жол ашады 

Түркістан облысының құрылуы – оңтүстік өңір халқының көптен күткен қуанышы. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев тиісті Жарлыққа қол қойған сәтте барша халық болып төбеміз көкке жеткендей қуандық. 

Бұл жаңашылдық оңтүстіктің әлеуметтік-экономикалық мүмкіншіліктерін арттыра түседі. 

Киелі мекен – Түркістан барша түркі халық­тарының рухани астанасы ретінде дами түседі. Енді Түркістанды облыс орталығына айналдыру үшін жаңадан әкімшілік ғимараттар салынады, тұрғын үйлер көбейеді. Бұл өз кезегінде мыңдаған жұмыс орындарын құрып, кәсіп­керліктің дамуына жол ашады. Ең бастысы, қаланың инфрақұрылымы – жарық, жылу жүйелері жаңаланып, автокөлік жолдары жөнделеді. 

Бұл игілікті істер түркістандықтардың бас қосып, туған жерінің гүлденуіне үлес қосуына ықпал етері сөзсіз. Оның үстіне облыс орталығы мәртебесі Түркістанда туризмнің өркендеуіне де серпін бермек. Күні бүгінге дейін ауданның бұл мүмкіндіктерді жасауға шамасы жетпей келгені белгілі. Енді облыс орталығын дамытуға салынған қаражаттың қайтарымы болады. 

Ал Шымкент қаласының республикалық дә­реже­дегі қалалардың қатарына қосылуы өңірдің, жал­пы, елі­міздің жан-жақты дамуына жол ашады. Бұл эко­но­микалық тұрғыда кәсіпкерліктің дамуына оң ықпалын тигізеді. Миллион тұрғыны бар қала­лар­дың қатарына қосылып, мәртебесі Астана мен Алматы қалаларымен теңескен Шымкенттің бүгін­гі­ден де гүлденген күндерінің куәсі болуға жазсын. 

Сәкен ҚАНЫБЕКОВ,
Мәжіліс депутаты

 

Руханиятқа оң ықпал етеді

Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың Шымкент шаһарын республикалық маңызы бар қалалардың санатына жатқызып, Оң­түстік Қазақстанды Түркістан облысы деп бекітуі – тарихы­мыздың талай сындарлы сәттерінде қазақ дейтін халықты бірлік пен берекеге ұйыстырып, елдікке бастаған хандар мен сұлтандарға, билер мен Алаш арыстарына жасалған зор құрмет, данагөй шешім! 

Біз бұл қадамды қазақ руханияты мен мәдениетіне, тарихы мен әдебиетіне жасалған үлкен қамқорлық деп есептейміз. Осынау тағдырлы һәм тағылымды бастама асыл дініміз бен салт-дәстүріміздің өз дәрежесінде өсіп-өркендеуіне оң ықпал ететіні хақ. Сонымен қатар түркі мұсылман-халықтарын ортақ мақсатқа үндеп, ізгілік пен игілікке ұйытады. Айшықтап айтқанда, бұл – түркі әлемінің рухани бірлігі жолындағы тарихи шешім! 
Өйткені Түркістан – жоралы жұр­тымыздың рухани темірқазығы іспет­ті тарих пен тағылымға толы күллі түркі-мұсылман халықтарының киелі мекені, қазақ хандығының астанасы!

Ежелгі Мәуренахр мен Түркіс­танда түркілік мәдениет жаңғырып, байырғы бабаларымыз рухани ренессанс дәуірін басынан өткер­ді. Бұл үдерістің негізінде түркі мемле­кеттерінің рухани-мәдени дүние­танымы мен дәстүрі қалыптасты.

Адам санасының құндылық-құбылыстық рухани жаңғыруының көш басында алғашқы түркілік руханият мектебінің іргетасын қалаған ұстаз Қожа Ахмет Ясауи тұрды. Оның ілімі парасаттылық пен адамгершілік ұстанымдарын қалыптастырды.

Көне Түркістан шаһарының маңа­йында менмұндалаған әсем мешіттер мен кесенелер, тарихи жәдігер­лер мен мұражайлар – халқымыздың рухани мұрасының сарқылмас қазынасы. 

Осынау рухани қазынамызды сақтап, ұрпаққа жеткізуді көздейтін мемлекеттік деңгейдегі бұл бастаманы Жаратқан иеміз берекелі, нәтижелі еткей! Алла тағала жаңа Түркістан облысы­ның төрінен басталатын игі істерімізге, ізгі ниеттерімізге жар болғай! Әумин! 

Серікбай қажы ОРАЗ,
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, 
Бас мүфти