Білім • 22 Маусым, 2018

Астанада робот техникасы бойынша байқау жеңімпаздары анықталды

419 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Кеше Астанадағы Назарбаев орталығында Біріккен Ұлттар Ұйымының Балалар қоры мен Тұңғыш Президент – Елбасы қоры арасындағы өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылып, «KazRoboProject-2018» робот техникасы бойынша ғылыми-зерттеу және шығармашылық жобалар байқауының жеңімпаздары анықталды. 

Астанада робот техникасы бойынша байқау жеңімпаздары анықталды

Меморандумға Біріккен Ұлт­тар Ұйымы Балалар қорының (ЮНИСЕФ) Қазақстандағы өкілі Юрий Оксамитный және Тұңғыш Президент − Елба­сы Қорының атқарушы дирек­торы­ның орынбасары Сұлтан Айтжанов қол қойды. Мемо­ран­думға сәйкес екі тарап та елі­міздегі балалардың құқық­тарын қорғау мақсатында қоғам ішінде қажет ақпарат беру саласында тығыз жұмыс істемек. 

Юрий Оксамитный атап өт­кендей, балалық шақ – адам­ның дамуындағы ең маңыз­ды кезең. Саламатты, табысты жә­не бақытты өмірдің ірге­тасы қаланатын кезеңде жас жет­кіншектердің жалындаған от­ты идеяларын ел игілігіне жарата білуіміз қажет. «Біздің қор Қа­зақстандағы әр баланың денсау­лығына, тамақтануына, қорға­нысына және білім алуы­на құқықтарын жүзеге асыру үшін қызмет атқарады. Тұң­­ғыш Президент – Елбасы қо­рымен тығыз қарым-қа­ты­насымыздың арқасында бала­лар­ды кішкентай кезінен да­мыту, үлгілі ата-ана болу, жастар тәрбиесі, инклюзивті білім беру мәселелеріне қоғам­ның назарын аудара аламыз деген сенімдемін», дейді Ю.Ок­са­митный.

Ал Сұл­тан Айтжановтың ай­туын­ша қор балалар мен жас­­өс­пірім­дердің интеллектуалды және шығармашылық әлеуе­тін ашуға көмектесетін әр­түрлі жобаларды жүзеге асырып ке­леді. Жас дарындарды қол­дау – жалпыұлттық маңызы бар іс-шара. Әлеуметтік жоба­лар, со­ның ішінде балалар үйле­рі мен ин­тернаттармен жыл сайын белсенді жұмыс атқа­ры­лып келеді. Сонымен қатар ин­клю­зивті білім беру сала­сында жұ­мыс істеуде. Респуб­ликалық балалар паралим­пиа­далық старттары, «Мейі­рім» инклюзивті балалар шығар­машылығы байқауы, «Аман келешек» фестивалі ерекше қажет­тіліктері бар балаларды қоғамда әлеуметтік бейімдеуге бағытталған.

«Бұдан бұрын Тұңғыш Пре­зидент қоры ЮНИСЕФ жә­не басқа да ұйымдармен бір­лесіп, балалар күніне ар­нал­ған әлеуметтік бейнеролик жария­лаған болатын. Бола­шақта ЮНИСЕФ-пен бірлескен жобаларды шығармақ және әлеу­меттік науқандарды қолдауды жоспарлы түрде жүзеге асырып отырады», дейді С.Айтжанов.

Меморандумға қол қойыл­­ғаннан кейін «Kaz­­Robo­­Project-2018» 10-21 жас ара­лы­ғындағы балалар мен жас­тар арасында білім бе­ру робот техникасы бойынша рес­пуб­­­ликалық ғылыми-зерттеу және шығармашылық жобалар байқауы ашылды. 

Байқау Қазақстанда балалар мен жасөспірімдер арасында білім беру мен спортты, робот техникасын дамытуды көздейді. Іс-шараның ұйым­дастырушылары алға қойған міндеттерге сәйкес, өңірлердегі үздік жобаларды анықтау және республикалық конкурсқа қатысу үшін үздік командаларды қалыптастыру, сондай-ақ дарынды мектеп оқушыларына профильдік уни­­вер­ситеттер мен ком­па­ния­лардың назарын аудару – басты бағдар.

29 мамыр – 9 маусым аралы­ғында еліміздің 16 аймағында байқаудың іріктеу кезеңдері өтіп, оған 200-ге жуық жоба ұсы­нылған. Байқау екі жас кате­го­риясы бойынша, яғни бірінші топта 10-15 жасар балалар, екін­­ші топта 16-21 жас ара­сын­дағы жеткіншектер өзара бақ сынасқан. Еркін тақы­рыптағы жобаға қатысушыларға қойыл­ған басты шарт – жоба қоғам үшін пайдалы болуы тиіс.

Айта кетейік, байқауды қазақстандық білім беру және спорттық робот техникасы «Казроботикс» федерациясы ұй­ым­дастырды. Іс-шараның бас серіктесі – ҚР Тұңғыш Пре­зиденті – Елбасының қоры, сон­дай-ақ байқаудың шешуші кезеңінің ресми серіктесі «Инфо­коммуникациялық техноло­гияларды дамыту қоры» екенін айта кеткен жөн. 

Жалпы өңірлер бойынша іріктеу кезеңдері барысында «Нұр Отан» партиясының «Жас Отан» жастар қанаты, «Қаз­пошта» АҚ, «Зерде» ұлттық инфо­коммуникация холдингі» АҚ, ««Астана EXPO-2017» ұлт­тық компаниясы» АҚ қолдау көрсетті.

Мирас АСАН,
«Егемен Қазақстан»